Валюта бағамы
USD - 476.22
EUR - 490.15
RUB - 7.81

Күзде ҚР Президентінің сайлауы өтеді

Көріністер: 7

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария етті.

«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын жаңа Жолдау «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп» сынды бағдарлардан және тағы бір тың саяси реформаларды қамитын қорытынды бөлімнен тұрады. Сонымен жолдауда не айтылды?

Президент және Мәжіліс сайлауы

Мемлекет басшысының елді елең еткізер тың бастамаларының бірі Президент сайлауын күзде өткізіп, мандат ұзақтығын 7 жылға созу болғаны сөзсіз.

«Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді және қайта сайлануға тыйым салуды ұсынды. Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасы сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсынылатын болады. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталады.

«Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді», - деді Президент.

Ал Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізу ұсынылып отыр. Сайлау барысында көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамы жасақталады. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырады. Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін.

«Сонымен, биыл Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады», - деді Мемлекет басшысы.

Әйелдер 61 жастан зейнетке шығады

Соңғы уақытта елімізде әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты үлкен талқылау жүріп жатқаны белгілі. Еңбек министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы отырыстарында да бұл мәселе бірнеше рет қарастырылғанымен нақты шешім қабылданбаған еді. Дәл осы мәселеге бүгін Президент соңғы нүктені қойды. Сонымен 2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнетке шығатын болады.

«Әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сондай-ақ зейнетақы жүйесі де қайта жаңғыртылады. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесі біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегі 120 пайызына жеткізіледі. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтеді. Мұнан бөлек Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірленеді. Бұл жұмысқа іскерлік абырой-беделі мен кәсіби біліктілігі жоғары мамандары бар жеке компаниялар тартылады.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылады

Осы жылдың 5 маусымында жалпыұлттық референдум барысында Ата заңымызға түзетулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Сол түзетулердің біріне сәйкес, Конституцияға жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидат бекітілді. Енді осы қағидаттың игілігін ел тұрғындары көре бастайды. Яғни, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске асырылады.

«Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді.

«Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Жалпы, Жолдауда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де енгізілетін өзгерістерді қамтиды. Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылады. Осылайша, балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді. Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесі құрылады. Бұл азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның біріне айналады. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдер енгізіледі.

Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасалады

 «Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», - деді Мемлекет басшысы.

Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайды. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды.

Ал сол бір қасіретті күндері жұртты арандатып, алайда шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кеткендердің ісін алдағы уақытта өкілетті органдар қолға алып, нақты шара қабылдайтын болады. Яғни, ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді. Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек беріледі.

Жемқорлардың ақшасы мектеп салуға жұмсалмақ

«Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін айта келе, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиістігіне назар аудартты. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын атап өтті.

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», - деді ҚР Президент.

Сән-салтанат салығы

«Өркениетті сауданы дамыту үшін барабар мөлшерлемелер мен қарапайым рәсімдермен бөлшек салықты қолдануды кеңейту қажет. Салық реформасы аясында «сән-салтанат салығын» енгізу мүмкіндігін қарастыру маңызды», - деген Президент бұл салықтың қарапайым халыққа қатысы жоқ екенін баса айтты.

«Ол қымбат жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын сатып алған кезде алынады және орта тапқа әсер етпейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала