Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҰЛТТЫҚ АРНАДА ТАҒЫ БІР ҰЛТТЫҚ ЖОБА

Соңғы жылдары телеарналарға шығудан шетқақпай көріп келген ұлттық өнердің өрісін Ұлттық арна тағы да ұзартатын болды. «Qazaqstan» арнасы 13-қаңтардан бастап әр жексенбі сайын «ULY DALA SAZY» атты жаңа жобаны көрермендеріне көрсете бастайды.

Еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерінің көгілдер экраннан көруіне мүмкіндік беретін ұлттық жобаның таныстырылымына «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, ұлттық өнер саласының өресі биік майталмандары: белгілі күйші Жанғали Жүзбай, термеші-әнші Айгүл Елшібаева, әнші Ерлан Рысқали қатысты. Музыкалық жобаның мақсаты - атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз - дәстүрлі ән, жыр-термелерді, күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу.  Жоба ұзақтығы 1 сағат болатын 17 концерттен тұрады. Түсірілім барысында 180-ге жуық шығарма жазылып, еліміздің барлық аймақтарынан 91 өнерпаз қатысты. Олардың арасында 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші, 2 жыршы өз өнерін көрсетті.  «Әр халықтың рухани, мәдени әлемі бірінші кезекте дәстүрлі өнерінен танылады. Дәстүрлі ән, терме, күй бұл біздің ата-бабаларымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мәңгілік үні, шежіресі. Ұлттық өнерімізді бүгінгі және болашақ ұрпаққа насихаттау, рухани мұра ретінде сақтау - біздің парызымыз. Ұлттық арнадан жақында шығатын «Ұлы дала сазы» жобасы көрермендеріміздің эстетикалық талғамы мен дүниетанымының дамуына өз үлесін қосатын бірегей жоба болатыны сөзсіз. Осы жылдың наурыз айында бірінші түсірілімге қатыса алмаған бірқатар өнерпаздарды тағы да таспаға түсіру жоспарланып отыр. Ең бастысы, бұл жобадағы барлық шығармалар «Qazaqstan» Ұлттық арнасының «Алтын қорына» енетін болады», - деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин. Ал дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаеваның сөзінше, «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан бұған дейін де ұлттық өнерді ұлықтайтын «Мен қазақпын» сынды жобалар шығып келеді. «Тәуелсіздік алғалы бері дәстүрлі өнер эстрадалық бағдарламалардың арасынан шығып қалып жүрсе де, халықтың зор ықыласына бөленіп келді.  Бұл – өлмейтін, қазақтың қанында бар рухты өнер. Дәстүрлі ән мен күйдің, жыр-терменің әр заманда өз жаршысы болды. Ұлттық арнада бұған дейін де 25 минуттық «Терме», «Толғау» атты бағдарламалар шығып тұрды. Ата-бабамыздан келе жатқан өнерді біз осындай насихат арқылы сақтап қалуымыз керек. Қазақтың ұлттық музыка өнерінің дамуы «Ұлы дала сазы» арқылы жалғасын тауып жатқанына қуаныштымын», - деді.

 

«Ұлы дала сазы» жобасына еліміздің дәстүрлі өнер майталмандары Секен Тұрысбеков, Қажыбек Бекбосынов, Біләл Ысқақов, Сәуле Жанпейісова және т.б қатысады. Музыкалық жобада қазақ халқының әндері мен қазақ композиторларының шығармалары орындалатын болады.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала