Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

КАСПИЙ ҚҰБЫР ЖЕЛІСІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДА БАЛАМАСЫ ЖОҚ - САРАПШЫ

Каспий құбыр консорциумының жүйесіне зақым келуіне байланысты Қазақстан үкіметі мұнай экспорты көлемін баламалы бағыттар бойынша ұлғайту мүмкіндіктерін пысықтап жатыр.

Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы экспортталатын Каспий құбыр консорциумының құбыр жүйесінде ақау болып, бүгіннен бастап Каспий құбыр желісі арқылы мұнай тасымалдау толық тоқтатылды.

Бұл ақпаратты ресейлік ТАСС агенттігі таратты.

Ресейлік БАҚ-тың және ҚР Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, Новороссийск аумағында қатты дауыл болып, бұл Каспий құбыр консорциумы терминалы жұмысына әсер еткен.

22 наурыздағы кезектен тыс тексеру барысында арнайы үшінші жабдықтың тірегі орнынан жылжып кеткен, сондай-ақ арнайы екінші жабдықтың жүйесіне зақым келгені белгілі болды. Осыған байланысты Каспий құбыр желісін тиісті жөндеу жүргізу үшін аталған жабдықтардың жұмысын уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған.

Ресейдің энергетика министрі орынбасары Павел Сорокиннің сөзіне қарағанда жағдай өте күрделі.
Консорциумның жылжымалы айлақ құрылғылары мұнайды танкерлерге жөнелту үшін пайдаланылады. Зақымдалған жерді жөндеуге қажетті құрылғылар тек батыс елдерінен әкеліненді. Оларға санкция салынған.

Бұл оқиғаға қатысты ҚР Энергетика министрлігі: «Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумымен теңіз терминалының жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша консультациялар өткізіп жатыр. Бұл ретте мұнай экспортын баламалы бағыттар бойынша ұлғайту мүмкіндіктері пысықталып жатыр», - деді.

Алайда сарапшылар Қазақстанда Каспий құбыр желісіне балама бағыт жоқ дейді.

 «Каспий құбыр консорциумы сияқты мұнай тасымалдаудың балама бағыты жоқ және бұл тұрақты жолдардың бірі болып келді. Бұл құбыр арқылы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақтағы мұнайды өндіріп отырған шетелдік компанияларға тиесілі  өнімдер жөнелтіледі. Және осы компаниялар Каспий құбыр консорциумының негізгі акционерлері болып табылады. Ортақ мүдделер мәселені жылдам шешуге  тырысады», - дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдильдинов Ulys-қа берген мәліметінде.

Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл мәселе бойынша дүрбелеңге салынбаған дұрыс.

«Мен бұл мәселеге байыппен қарап отырмын. Әлі ақпарат аз. Ақауды жою үшін уақыт қажет. Әзірге ауа райы жағдайы толық қарап, бағалауға мүмкіндік бермей отыр. Жылдам басқа бағытқа бейімделу қиындау. Сондықтан бұған жан-жақты баға беру үшін уақыт қажет», - дейді «Байдильдинов. Нефть» авторлық бағдарламасының жүргізушісі Олжас.

Айта кетсек, Каспий құбыр консорциумы – ірі халықаралық мұнайжүргізу жүйесі, ол Қазақстан батысынан (негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан) Қара теңіздегі Новороссийск (Ресей) портына жақын орналасқан терминалдарға мұнайды жеткізу үшін соғылған.   

Мұнай тасымалдауы 2001 жылы басталған, ұзындығы 1500 км. құбыр жүйесі жаңа құбыр сегменттерінен, жаңа теңіз терминалдарынан және жаңартылған құбырдан тұрады. Кеңейту жобасына дейін жобалық қуаты жылына 28.2 миллион тонна мұнай болатын. 2017 жылы кеңейту жобасы аяқталғаннан соң, құбыр жүйесінің өткізу қабілеті жылына 67 миллион тонна мұнайға дейін  өсті.
Авторы: Саягүл Жарылқасын

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала