Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫҰЛЫ КІМ: ЧЕКИСТ, СӘЛАФИТ, БИЗНЕСМЕН

Қайрат Сатыбалдыұлы 1970 жылы Алматы қаласында туған. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ағасы Сатыбалдының ұлы. Сатыбалды 1981 жылы жол апатынан көз жұған.

Қайраттың кіші туған інісі Самат Әбіш көп жылдардан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған. Қаңтар оқиғасынан кейін ол қызметтен кетті.

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектептің түлегі  Қайрат 2000-шы жылдарға дейін өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «білікті» маманы әрі көпшілікке «беймәлім адам» ретінде ұстап келді.

Ол күштік құрылымдарда, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтаған.

Кейін ол күштік құрылдамдардан кетіп «Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы» сынды ірі компанияларда жауапты қызметтер атқарды.

«Нұр Отан» партиясының жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. Алайда партия сапында ол БАҚ-тарға көп шыға қойған жоқ. Өзін ірі саяси амбициясы бар адам ретінде көрсеткен емес. Аракідік айтыс өнері туралы пікірлерде аты аталып жүрді.

Қайратты танитындар оны қазақтың «иман жолына түсіп, ислам құндылығын ұлт рухына сіңіруді көксейді» деп жоғары баға беріп келді. Қажылық парызын өтеу үшін Меккеге әлде неше рет барған. Сонымен бірге кейбір танымал ақындар мен журналистердің бір тобын Меккеге қажылық сапармен апарғанын көпшілік біледі.

Кей кездері діни топтар арасындағы дау-шарда Қайрат Сатыбалдыұлының да аты айтылып қалады. Оның есімі экс-депутат Бекболат Тілеухан мен бұрынғы айтыскер Мұхамеджан Тазабаеовпен қатар жүреді. Оны Қазақстанда кең қанат жайған сәлафиттермен жиі байланыстырады.

«Ақ орда» атты қоғамдық қозғалыс құрып, айтыскерлерді қолдау, ұлттық спортты дамыту сияқты шаруалармен айналысқан.

Қайрат Сатыбалдыұлының  есімі Люксембургте тіркелген оффшорлық компаниялардың құжаттары жарияланған LBR реестріндегі деректерде кездеседі.  Ол туралы өткен жылдары қазақстандық БАҚ жарыса жазды.  Оның оффшорлық қаражаты Қазақстандағы байланыс саласының монополисі «Қазақтелекомның» 24,46 пайыз акциясына ие Skyline Investment Company S.A. компаниясымен байланысты.

Сондай-ақ 51 жастағы Қайрат Сатыбалдыұлы Қазақстандағы ең танымал әрі ірі банктердің бірі «Kaspi.kz» АҚ негізгі акционерлерінің және Қазақстандағы ең ықпады адамдардың бірі болған.

Қаңтар қасіретінен кейін Қайраттың елден кетіп қалғаны айтылды. Кейін түрлі БАҚ-тарда оның Қазақстанға қайта келгені туралы алып-қашпа әңгіме де тарады.

13 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуге байланысты және аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын жариялады.
Оның мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілмек.
Кейбір ресми емес БАҚ құралдары оның Алматыдан жеке ұшақпен шетелге кетейін деп тұрған жерінен ұсталғанын жариялап үлгерді.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала