Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

УКРАИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙ: ҚАЗАҚСТАН «ОТ ПЕН СУДЫҢ ОРТАСЫНДА»

Украина мен Ресей соғысы әлем елдерінің барлығына дерлік белгілі бір деңгейде салқынын тигізуде. Ұзаққа созылған пандемиядан ес жия алмай отырған оларға қосымша соққы болды.   

Солтүстік көршінің экономикасы, қаржылық жүйесінен бастап барлық маңызды саласы Батыс елдерінің қысымы астында қалды. Құдайы көрші, стратегиялық әріптес, ешқайда қашып кете алмайсың. 

Қазақстанның ұстанымы бейтарап болу керек. Жағдайды бейтарап та ұстап отыр. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау амалы. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүшеміз, әрі қаңтардағы оқиға кезінде көмек сұрадық. Сондықтан аталған ұйымға қатысты дау-дамайдың шықпағаны жақсы.   

Қауіптер:

Ресейге бірінен кейін бірі салынған санкциялардың бізге жанама әсері болады. Көршінің банктеріне жасалған қысымдардан рубль құнсыздануда. Интервенция жасай беруден қоры сарқылған соң орталық банк рубльді еркіне жіберуі мүмкін. Ресейдің басты сауда әріптесі болғандықтан теңге де осы жағдайды бастан кешеді. Инфлияция сөзсіз құтырады. Бір доллар 600 теңгеге дейін жетеді деген болжамдар бар. Бизнес саласы біраз тұралап, бағаның өсуінен халық зардап шегеді.     

Үміттер:

Ресей тас құрсауда қалғанмен әлем елдерінің біразы олардың энергетикасына тәуелді. Олардың шикізатын өткізуде өте қиын болса да, Қазақстанның әлеуетін қарау керек. Мұнай бағасы қазірдің өзінде 116 долларға жетті. Алда 130-ға барып, одан да асуы мүмкін деп долбарлануда. Бірақ, қара алтынды тасымалдау жағынан  проблема туындауы ықтимал. Қазақ мұнайының басым бөлігін шетелге тасымалдайтын — Каспий құбыр желісі консорциумы. Халықаралық консорциум акциясының төрттен біріне жуығы Ресейдің үлесінде. Батыс елдері энергетикалық дағдарысқа ұшырамау үшін көз жұма қарайды деген үміт басым.

Сондай-ақ көршіміз әлемдегі тәбеті жақсы үлкен нарықтардың бірі. Олардан кетіп жатқан әр саладағы ірі компанияларды Қазақстанға тарту керек. Олар да ақымақ емес, мүдделі. Инвестициялық зор мүмкіндіктер туады. Сондықтан кеше құрылған Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі Жедел штаб осындай мәселелерге баса назар аударуы керек. Мүмкіндікті дұрыс пайдалансақ Ресей мен Шығыс, Батыс елдері арасында «алтын көпірге» айналуымыз мүмкін.

Сіз қалай ойлайсыз? Болжамыңызды жаза отырыңыз. Үздік пікірді телеграм-каналымыздың OZYQ OI айдарына жариялаймыз.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала