Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Жалақы туралы аңыз, «Алтын орда» мен кеден былықтары, шетелге шығарылған активтер – Тоқаев Үкімет отырысында нені меңзеді

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көптеген маңызды проблемалар айтылды. Сонымен Президент қатысқан Үкімет отырысында не айтылды?

Президент Үкіметке екі ай мерзім ішінде шетелге заңсыз шығарылған қаржы мен онда сатып алынған активтерді елге қайтару жөнінде ұсыныстар беруді және инфляцияны бақылау-реттеу жолымен тежеу тәсілінен жүйелі салалық шараларға көшуді тапсырды.

Сонымен қатар Президент Үкіметке климаттың өзгеруі мен шекаралас елдердің саясатын ескеретін жаңа Су кодексін әзірлеуді, субсидия саласына арналған тегін платформа жасау, ауыл шараушылығын жерлерін тиімді пайдалану, ондағы былықтарды шешу, майнингке салынатын салықты көбейту және «Алтын орда» базары бойынша тапсырмалар берді. Президент «Алтын орда» базарындағы жағдайды пайдакүнемдер үшін майшелпекке теңеп, тәртіп орнату туралы шегелеп айтты.

Жиында Тоқаев кедендегі былықтарды шешу үшін және Самұрық-Қазына бойынша мәселелерді түбегейлі шешу үшін Үкіметке 10 күн берді.

Сосын Президент жалақы туралы статистиканың нағыз көзбояушылық екенін айтты.

«Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл - нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында ҚР Президенті «Қазақстан халқына» қорына ақша жинау мәжбүрлі емес екенін тағы бір рет қайталады.

 «Тағы да атап өткім келетіні – бұл мәжбүрлеу емес. Табысты компаниялар мен азаматтарға жалпыұлттық игі мақсаттарға қаражат бөлу мүмкіндігі», - деді Мемлекет басшысы.

 Жиында көпшілікті алаңдатқан утилизация алым мөлшері төмендейтіндігі белгілі болды.

«Утилизациялық алым бойынша біз шешім қабылдадық. Барлық қаражат мемлекетке түседі. Енді ставкалардың мөлшерін анықтау қажет. Жұмыс тобы бұл мәселені белсенді талқылауда. Бірден айта кету керек, утильс алымды біз қайта қараймыз. Бірақ шектен шығудан аулақ болу керек. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашып, импорттық ескі көлікктер ағынына өз нарығымызды ашуға болмайды», - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың сөзінен байқағанымыздай ол  желіде айтылатын түрлі сындарға назар аударатындығын көрсетті. Президент Қазақстандағы көлік өндірушілер «дөңгелек қана салады» деген желіде гулеген әңгімені тілге тиек ете келе елімізде құрастырылатын көлік саласын тексеруді тапсырды. Және де ол әкімдердің салынған баспана туралы мәліметіне сенбейтіндігін айтты.

Жиында біраз мәселелерге сын айтқан Тоқаев коммерциялық нарықты да, мемлекеттік тапсырысты да уысында ұстап отырған құрылыс компаниялары, еркін экономикалық аймақтардың тиімсіздігін тілге тиек етті.

«Елімізде бірнеше құрылыс компаниясы ғана үстемдікке ие болып отыр. Коммерциялық нарық та, мемлекеттік тапсырыс саласы да солардың қолында. Шын мәнінде олар бұған әкімшілік ресурсты пайдалану арқылы қол жеткізуде. Үкіметке Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиясыздандыру және бәсекелі дамуы бойынша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырамын», -деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев жиында Маңғыстаудағы жұмыссыздық мәселесі туралы айта келе «Облыстағы ахуал расында оңай емес. Менің тапсырмам бойынша осы өңірді дамытуға қатысты кешенді жоспар қабылданды. Бұл құжат биыл тағы да пысықталды. Соған сәйкес қомақты қаржы бөлу көзделген. Қаражат бірінші кезектегі міндеттерді шешуге жұмсалуы тиіс. Сондықтан істі созбалаңға салмай дереу жұмысқа кірісу керек», - деді.

Тоқаевтың айтуынша, қаңтар оқиғасы қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті.

Тағы бір жаңалық 14 ақпаннан бастап барлық мектептер дәстүрлі оқу форматына өтетіндігі белгілі болды.

Жалпы бүгін өткен жиында көп нәрсе айтылды, енді оның орындалуын уақыт көрсетеді.

 

 

 

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала