Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ КЕЗІНДЕ ҚЫТАЙ ҚАНДАЙ ҰСТАНЫМДА БОЛДЫ?

Еліміздің медиа кеңістігі «Қаңтар қасіретінен» кейін сан алуан мазмұнды  ақпараттарға толды. Арасынан «Елімізде билік әлсіреп, берекеміз қашса, миллиардтаған инвестициясын қорғау үшін Қытай әскер енгізуі әбден мүмкін еді» деген пікірлер де кездестіруге болады. Осыны талдап көрсек.  
Тәуелсіздік жылдарынан бері Қытай халық республикасының Қазақстанға құйған тікелей инвестициясының көлемі $22 млрд шамасында. Бұл елімізге келген жалпы тікелей шетелдік инвестицияның 5% ғана құрайды. 
Ал 2010-2020 жылдар аралығында Қытайдың шет елдерге құйған  инвестицияның жалпы көлемі $1,4 трлн. Яғни елімізге 30 жыл ішінде келген қытайқ инвестиция олардың соңғы он жылдағы сыртқы шығарған жалпы тікелей шетелдік инвестицияның 1,5% ғана құрайды. 
1,5 пайыздық инвестицияны қорғауға Қазақстанға әскер жөнелту Қытай үшін қаншалықты рационалды шешім болуы мүмкін? Қазақстанның геосаяси стратегиялық маңыздылығына қарамастан Пекин мұндай шешімге барады дегенге сену қиынырақ. 
Қытайдың қорғаныс бойынша «Ақ кітабы» (Әскери доктрина) 2015 және 2019 жылдары екі рет өзгертіліп толықтырылды. Аталған  құжаттың алдыңғыларынан басты айырмашылығы ретінде «бұдан былай Қытай өзінің қорғаныс шебін бұрынғыдай тек мемлекеттік шекара сызығы төңірегінде есептемейтіндігін» атауға болады.
 Алайда жаңарған «Ақ кітаптың» негізгі мазмұны бұрынғыларымен сабақтас: «Қытай ешқашан гегемон болуға ұмтылмайды. Пекин сыртқы саясатта әрқашан «win-win» қағидасын басшылыққа алады. 
Халықаралық қатынастар мен әлемдік дамуда Қытай өзін «үлкен жауапкершілік арқалаған алып мемлекет» (负责任大国 fu zeren da guo) ұстайды. Халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен әлемнің тұрақты дамуының басты кепілі ретінде Қытай мемлекеттердің ішкі ісіне мүлде араласпайды. 
Қытайдың ұстанмы бойынша, кез келген мемлекет өзінің ішкі заңнамасына және ұлттық мүддесіне сәйкес дербес саяси, экономикалық, әлеуметтік шешімдер қабылдауға және қалыптасып отырған ішкі шиеленісті жағдайларды өз пайымынша шешуге құқылы». 
«Қаңтар қасіреті» бойынша ресми Пекиннің басты ұстанымы да осы мазмұндас екенін Алматыдағы аласапыран кезінде қытайлық саясаткерлердің жасаған пікірлерінен де, 25 қаңтардағы Орталық Азия-Қытай саммитіндегі Си Цзиньпиннің баяндамасынан да байқауға болады.


Айболат Дәлелхан, қытайтанушы

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала