Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ: БІЗ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІК?  

Алматыдағы қанды қаңтар Еуразиядағы «Араб  көктемінен» кейінгі ірі саяси оқиғаға айналды. Қарапайым қазақтың жан даусын дүние жүзі естіп, шок болды. Қазақстан ешқашан әлемдік деңгейде былайша талқыланбаған еді. "Қазақстанда неліктен алапат дүмпу болды?" – деп сұрады әлем медиасы. Сарапшылар оған жауап іздеп басы қатты. Әсіресе, бұл ТМД, мұсылман елдер үшін күтпеген қоғамдық құбылыс болды. Өйткені, Алматы оқиғасы ТМД-ның басқару жүйелері ұқсас өзге елдерінде қайталануы мүмкін.  Беларусь пен Навальный «қазақ кейсінің» қасында ойыншық болып қалды.   

 

1. Билік транзиті қантөгіссіз, бейбіт түрде өткенге не жетсін!? Бірақ елімізде қанды сценарий көрініс тапты. Елдегі саяси дағдарыс бұрыннан келе жатқаг әлеуметтік теңсіздік себебінен пісіп, жарылды. Тәуелсіздіктің 30 жылында қоғамдағы қордалы проблемалар ашық талқыланбады, билік одан қорытынды шығармады. Осы аралықта халық билікке талай “белгі” берді. Халық бір өзгеріс болады деп үмітпен күтті.   Жұртымыздың  жанайқайын ешкім естімеді, «халық» саяси субъект емес, объект саналып, даусы еленбеді. Биліктен уақтылы жауап болмаған соң тұрмыс тауқыметі қысқан наразы халықтың болашақтан үміті үзіліп, әлеуметтік талаптары саясиланып кетті. Бұл жолы да Жаңаөзен қаласындағы оқиға отқа май, тек түрткі болды.

Өкінішке қарай, арнайы дайындалған арандатушы топтар бейбіт митиңгке араласып, тонап-қиратуды бастап, қан төгіп, трагедияға ұластырды. 

Ереуілшілер елді 30-35 жыл басқарып, шектен шыққан ірі автократ Н.Назарбаевты үш-ақ күнде тағынан тайдырып, тарих сахнасынан ығыстырды. Көтерілістің үлкен қоғамдық-саяси әсерлері болады. Біз қазір әлі толық түсінбесек те, нәтижелері өте маңызды әрі айқын болмақ. Назарбаев тұлғасы мен билігі десакрализацияланады.  Авторитарлы басқару моделі халық санасында күйреді. Бұндай саяси қатты жүйе біздің ұлтқа жарамайды екен.   

 

2. Қаңтар оқиғасы сарапшылар, биліктегілер үшін таңсық, қабылдауға қиын оқиға болды. Алматы туралы хабарлардың қайшылығы мен жабықтығы көпті жаңылыстырды, әртүрлі алып-қашпа теориялар туғызды. Осыған дейін тып-тыныш, "тұрақты, бай ел" Қазақстанда  қалайша билік пен халық арасында қақтығыс бұрқ ете қалды – деп бәрі таңғалды. Себебі, қазақ ұлтының саяси санасы оянып, біріге бастады. 

Әділетті амалсыз көшеден іздеген халықтың саяси  еркіндікке ұмтылысын өзгелер бізге қимады. Қалайша «момын халық режимге қарсы шығады» деп түсіне алмады. Өкініштісі, арам ойлы, саяси мақсатты радикал топтар ереуілді қанды арнаға бұрып, бейбіт протесттің беделіне нұқсан келтіру Б жоспарына (қойылым) көшті. Мақсат ереуілдің абыройын төгіп, кінәні жастарға арту, қылмыстық сипат беру.    

 

3. Негізі, бұл халықтың бүлігі емес, таққа таласқан  топтың бас араздығы. Жоғарыдан қолдауы бар радикал, криминал, квази-әскери маманданған арандатушылар жетекші болғаны анық. "20 мың терроршы" сөзінің аңдамай айтылуы тіпті ыңғайсыз болды, шындыққа еш жанаспайды. Соншама «террорист» қайдан, қайлайша елге енген? Олар қай экстремист ағым өкілдері екенін ашық айтуға не кедергі? Ойбайға салып, дүние жүзіне жариялаған соң 3-4 күннен соң, Алматыда бәрі сап  қойып тынышталуы қалай? Сонда абыройы айрандай төгілген күштік құрылымдар кімнің ойынын орындаған? Бұндай жалған цифрды әлемге жар салу елдің беделіне қатты нұқсан келтірді. Мамандар бұл санға сенбек түгілі миығынан күлді. Шетелге «сырттан кірген террористер», халыққа «ереуілде шыққан терроршылар» деп бұрмаланып кетпесін. Күдікпен ұсталған, кінәсі сотта дәлелденбеген азаматтарды өрескел ұрып-соғу, азаптап қинау фактілері халықаралық медиа, Еуропа парламенті тарапынан қатаң айыпталды. Бұл жағдайда, радикализмнен аузы күйген мемлекет мәшинесі қатаң секуляризацияға кетіп қалмауы өте маңызды.  

     

4. Жалпы тарихта қазақтың жанайқайы, кекшіл наласы қатты болған, халықтың әрбір көтерілісінің әрқашан терең тарихи әсерлері болды. Халыққа оқ ату - үлкен қылмыс. Осылайша, 35 жылға созылған Желтоқсан-Жаңаөзен-Қаңтар циклі – Назарбаев дәуірі қантөгіспен аяқталды. Қазақ жастары бел ортасында жүрген Желтоқсан оқиғасынан 4 жылдан кейін Кеңес одағы шытынап ыдырады. Мемлекет бұдан дәріс алмаса тағы қайталануы мүмкін. Шіркін, билік транзиті бейбіт өткенде сыртқы саясаттағы тепе-теңдік те толық сақталар еді. Алматы оқиғасы Еуразиядағы өзге авторитар мемлекеттерді дір еткізді, нақты сигнал жолдады. Олар да тиісті сабақ алуы керек. Демек, бір адам мемлекетті ұзақ уақыт жеке дара билеп төстегенде, қандай траги-комедиямен, эпикалық масштабтағы  мазақпен аяқталатыны әлемге әшкере болды. Бұдан шығатын қорытынды, автократиялық модель –  азат саналы, еркін саяси ұлт – қазақ еліне жат екенін өмір өзі дәлелдеп берді. Қазақ ұлты тарих сахнасына саяси субъект болып қайта оралды.

 

Жанат Момынқұлов, сарапшы

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала