Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

ИРАНҒА САЛЫНҒАН САНКЦИЯНЫҢ СЫРЫ

Бұл өзгеріс жұмыр жердің бәріне әсер еткенін мұнай бағасының баррелі 80 долларға дейін көтерелгені арқылы білуге болады. Себебі, Иран санкция еңгізілгелі мұнай өндіруін шамамен күніне 1 миллион баррельге азайтуға мәжбүр болды. Алайда, өткен екі айдың ішінде Иранның сыртқы саясаты және ішкі саяси риторикасы бір қалыпты тұрғаны санкциялардың оған әсер етпегеніне дәлел бола алады.

Таяу Шығыстағы АҚШ саясатының өзгеруі Иранның ғана емес, Түркия мен Еуропадағы басқа да одақтастарының  қарсы болатыны белгілі болса да іске асты. Дегенмен, Барак Обама әкімшілігінің жылдар бойы жүргізген саясатына наразы Сауд Араб Корольдігі және Израиль мемлекеті той жасамаса да бұл шешім өздеріне Иран тарапынан төніп тұрған қауіпін біршама азайтты деп санай бастады.

Демек, Израильмен Сауд патшалығы қолдаған Президент Дональд Трамптың аймақтағы саясатының мақсаты әлде қайда тереңде екенін көру қиын емес. Ол туралы АҚШ әкімшілігі де Израильдің бас уәзірі де Саудияның ресмилері де түрлі жолдармен жеткізіп келді. Мысалы, еврей мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты парсы тілінде өз нұсқасын ашып, Иран халқын кей Израиль БАҚ-тардың айтуынша, «махаббатпен бомбалауды» бастап кеткеніне де бірнеше ай толды. Бұған Беньямин Нетаньяһудың өзі де ат салысып, тікелей Иран халқына үндеу тастады. Ол Израиль мемлекетімен еврей халқы Иран мемлекетіне және халқына қарсы арам пиғылы жоқ екенінің дәлел ретінде суды тиімді пайдалану үшін әлемде теңдесі жоқ технологияларын тегін таратуға әзірлігін білдірді.

Осы орайда Иран басшылығы қалыпты түрде болып тұратын наразылық акцияларға қарамастан өзіне сенімді екені таң қалдырмауы тиіс. Бір жағынан бұл сенім Иран-Ирақ соғысы кезінде қалыптасқан қоршаудағы қамал психологиясына негізделеді. Ол, егер Иран қауіпсіздігі және сыртқы саясатын зерттеушісі Ариана Табатаи пайымдарына сүйенсек, бүкіл саяси шешімдерге тікелей әсер етіп келеді.

Екінші жағынан, наразылықтардың қарқынын жылдар бойы зерттеп келе жатқан мамандар үшін әсте тосын сый емес. Керісінше салыстырмалы түрде 21 ғасырдағы протестерден гөрі әлде қайда әлсіз. Бір қызығы —  саяси басшылығы жоқ бұл ереуілдерде. Оны Иран арнайы қызметтері табуға қанша тырысса да сәтсіздікке ұшырады.

Алайда, аталған елдің әлеуметтік-саяси проблемалары шаш-етектен екені құпия емес. Әр сайлауда көтерілетін мәселелер арасында жұмыссыздық, қымбатшылық, баспана, жергілікті қоғамдастықтардың проблемалары және көптеген басқа да түйткілдер бар. Олардың түп негізі Иранда жатқанын саяси басшылық түгілі Ислам Революциясының Көшбасшысы Ұлық Аятолла Әли Хоменеи де бірнеше рет атап өткен болатын. Дегенмен, мемлекет басшылығы байбаламнан аулақ екенін және жағдайды бақылау ұстап отырғанын көруге болады. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың басында өткен наразылық акциялардың кей лозунгтары ресми Теһран жүргізіп жатқан саясатына қарсы бағытталған екенін еске сақтау жөн болар. Протестерге қатысушылар Сирия және Ирак мәселелерінен гөрі елдің ішіндегі қордаланған проблемаларды шешуге шақырған еді. Ал бұл аталған елде үйреншікті саяси партиялар болмаса да ресми сыртқы саясатты сынға ала алатын интеллекуалды ресурсы бар дегенді білдіріп тұр.

Түйіндейтін болсақ, ресми Теһран ел ішінде һәм өздері сыртқы жау деп санайтын АҚШ, Саудия және Израильдің қысымына ақыры мойын сұнатынына дәлел аздау болып тұр. Иран Ислам Республикасы жайлы дискурс жылдар бойы сүрген Монтекки мен Капулетти арасындағы жанжалға ұқсап келеді. Әрине, әзірше жанжал неден басталғаны есте. Қырғи қабақ соғыс кезіндегі «ия, ол иттің баласы, бірақ ол өзіміздің ит» қағидасы негізіндегі Саадабад сарайы мен Ақ Үйдің қарым-қатынастары ақыры антиамерикан саяси билік қана емес, антиамерикандық көңіл-күйдегі қоғамдық консенсус тудырды.

Алайда уақыт өте келе қарама-қайшылықтар азаймай керісінше көбейіп әрі күрделеніп келеді. Олардың арасында шекара мәселелері, араб елдеріндегі оппозицияны қолдауы, экономикалық бәсеке сияқтылардан бөлек мұсылман әлемі лидерлегіне ұмтылу деген қызық мәселе бар. Ал аймақтың полицейі саналатын АҚШ-ты мазалайтын Ирандық атом және зымыран бағдарламалары. Ирак, Сирия және Йемендегі Теһранның әскери белсенділігі атап өткен мәселелерді одан ары қоздырып жіберсе керек.

ДАИШ террористтік ұйымына қарсы соғыстағы Иранның рөлі қалыптасқан жағдайға бір мысал ретінде көруге болады. Еске сала кетсек, 2014 жылы  Ирак өкіметі Иранның тікелей әскери көмегінсіз Бағдад түгіл бүкіл мемлекетті қолдан жіберіп алу қауіпі шындыққа айналар еді. Парсы әскерлерінің қаны мен жан құрбандарының арқасында Сирия мен Ирак үкіметі бүгін жеңісін тойлауда.

Алайда, тура сол себепті бәсекелес мемлекеттер өздеріне қауіп ретінде көрді. Сирияда орналасқан базаларға Израиль 200 ден астам әуе шабуылын жасаса, Сауд патшалығы күрді милицияларын тікелей қаржыландырып келеді. Тіпті бір-екі жыл бұрын Иранға қарсы «Ислам НАТО»-сын құруға үндеу тастаған еді.  Яғни Иран айналасындағы мәселе бірінші кезекте Иранға сенімсіздіктің салдары деп түсінуге болады. Бір өкініштісі қаншама Ромео мен Джульетта драмалары жасалып жатса да, жазылып жатсада татуласу туралы сөз қозғау ертерек сияқты.

Ғабит ҚОНЫСОВ, шығыстанушы

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала