Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ЖЕР САТЫЛА МА?!

«Жерді ұтымды пайдалану» деп аталатын секцияны белгілі қоғам қайраткері, Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан тізгіндеп отырды. Жиынға ауылшаруашылығының лауазымды өкілдері мен еліміздің барлық өңірінен келген отыздай қоғам белсендісі қатысты.   

- Жер мәселесі түбегейлі шешілмей, ауыл шаруашылығы тығырықтан шықпайды, жұрт та тыныш болмайды. Халықтың басым көпшілігінің талап-тілегі – «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!». Жерді жеке меншікке беріп қажет емес, жалға беру – жеткілікті. 49 жыл - кез келген бизнес-жобаны жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім. Жер - мемлекеттің меншігінде болуы тиіс, ал фермерлер жерді жалға алып жұмыс істесін. Онда да Қазақстан азаматтар мен 100 пайыз қазақстандық компаниялар ғана. Сонда «Жер тек қана Қазақстан азаматтарына және тек қана жалға берілсін!», - деген халықтың талабы орындалады. Жер бос тұрмасын – бірыңғай аграрлық салық салынсын. Жер ұтымды игерілсін десек, спутник арқылы қадағалауды заңдастыру керек.

Бүгінгі таңда жерді игеру мәселесін - жергілікті әкімдіктер «қадағалап» отыр. Бұның нәтижесінде жер – латифундистердің қолында, көп жер игерілмей жатыр, ал жұмыс істеймін деген халық үшін бос жер жоқ, — деген қоғам қайраткері Мұхтар Болатханұлы негізгі 4 бағыт бойынша ұсыныс айтты.

  1. Жалға беру институтын енгізу

— Жерді жалға беру нарығы тек Қазақстан азаматтары мен 100% қазақстандық заңды тұлғаларға қолжетімді болуы тиіс. Және де бұл нарық электронды, яғни халыққа айқын әрі ашық болуы керек. Сонда ғана халықтың «жер ешкімге сатылмасын, тек қана қазақстандықтарға жалға берілсін» деген талабы орындалады.

- Жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге мүлде болмайды;

- Ашық кадастр енгізу қажет. Жер нарығы электронды базада ашық, әрі айқын болуы керек;

- Жерді Қазақстан Республикасының азаматтарына жалға беру керек;

- Жерді 100% қазақстандық заңды тұлғаларға жалға беру керек. Яғни, шетелдік инвесторлар мен соакционерлері бар компанияларға жерді жалға беруге болмайды;

- Субарендаға тыйым салу керек. Жерді жалға алып, оны үшінші тарапқа пайдалануға беруге болмайды.

2.Бірыңғай жер салығын енгізу

Қазіргі таңда жерді жалға алған кезде оған салынатын салық мөлшері 1 гектарға 37 теңге екен. Ал жалға алған жерді игере бастағанда оған салынатын салық 37 теңгелік салыққа тағы 7 түрлі салық қосылады. Бұл жерді жалға алып, оны игеру тиімсіз деген сөз.

Мұхтар Болатханұлының айтуынша, осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқан үлкен мәселенің бірі – бос жатқан жерлер. Латифундистер де жерді жалға алып, оны не өздері пайдаланбайды, өзге өзгеге мүмкіндік бермейді.

«Бұл мәселемен қалай күресуіміз керек? Салық жағынан алып қарасақ, жермен айналысу тиімсіз болып тұр. Керісінше, бос тұрғаны тиімді. Біз мұны өзгертуіміз керек. Жерді жалға алдың ба, жұмыс істе, салық төле. Жұмыс істесең де, істемесең де, салық тұрақты болуы тиіс. Сонда ғана бос жатқан жерлер азаяды», — деді ол.

Бірыңғай жер салығы не береді? Жерді жалға алған адам оны игерсе де, игермесе де бірыңғай салық төлеуі тиіс болады.

Ақпарат ретінде айта кетейік, Қазақстанда ауылшаруашылығы мақсатында пайлануға болатын жер көлемі шамамен 200 млн. гектарды қамтыса, қазір оның 100 млн. гектарға жуығы ғана қолданыста. Ал жеке меншіктегі 1 миллион 300 мың гектар жер бар екен. Бұл дегеніңіз 0,6 пайызды құрайды. Яғни, жалпы АШ мақсатындағы жердің 99,04 пайызы деген сөз.

3. Космо-мониторингті заңдастыру

Космо-мониторинг деген не? Бұл спутниктік мониторинг. Қазір жер мәселесіне келгенде бізде ашық кадастр жоқ. Яғни, ашық әм обьективті мәлімет жоқ. Бұл дегеніңіз бос тұрған жерді мемлекет меншігіне қайтаруды біршама кедергі келтіретін фактор.

«Сот та, әкімшіліктер де қағазға қарайды. Ал қағазды бәрібір адам, яғни бір шенеунік әзірлейді, дұрыс па?! Сондықтан бізге объективті, ашық мәлімет керек болып тұр. Мұндай мәліметті тек заманауи спутниктер бере алады. Олар NASA, AIRBUS, EСA. Ашық кадастрды екі жыл бойы талап етіп отырмыз. Өкінішке қарай, еш нәтиже жоқ. Ал мына спутниктік база ашық кадастрдан да күшті. Себебі, жер кімнің қолында ғана емес, оны қалай игеріп отыр, қанша субсидия бөлінді, қанша солярка алып отыр, мұның барлығы халыққа ашық болады. Меніңше, біз осы космомониторингті заңдастыруымыз керек. Сонда сот та, әкімшілік те бұл ақпаратты мойындауға міндетті болады», — деді ол.

 

4. Банктерде кепілде тұрған жер мәселесі

Мұхтар Тайжан форумға қатысып отырған мемлекеттік органдардан банкте кепілде тұрған бос жерлердің мәселесін шешуді өтінді.

«Өкінішке қарай, мұндай жерлер өте көп. Қаншама қоршап алынған жер бос тұр, халық та пайдалана алмайды. Президент айтпақшы, бұл жерлерге арамшөп өседі, қасындағы алқаптарға кесірін тигізеді. Сондықтан қазір осында Ұлттық банк, Жоғарғы сот, Бас прокуратураның өкілдері отыр, осы сұрақты мен соларға жолдаймын», — деді қоғам белсендісі.

Қазақстанда өте көп жер банктерде, кепілдікте тұр. Кепілдікте тұрған жерлердің несиесі жабылмағандықтан, ол жерлерді пайдалануға мүмкіндік жоқ. Сондықтан бұл жерлер – өлі жерлер санатына жатады. Әдетте, несиені алған заңды тұлға әлдеқашан банкрот болған немесе қазір бұл тұлға мүлдем жоқ. Кей жерлердің бос тұрғанына 15 жыл болған. Аталған мәселенің шешімі табылмаса, банкте кепілдікте тұрған жерлер тағы 50 жыл игерілмеуі - әбден ықтимал.

 

Нұрлан Сәдір, қоғам белсендісі:

- Негізі азаматтар кісінің емес, идеяның қасына топтасуы керек. Сондықтан, жоғарыда айтқан төрт ұсыныс та өзекті деп есептеймін.  Енді сол айтылған төрт ұсыныстың ең құрығанда біреуі жүзеге асатын болса үлкен нәтиже болар еді. Ал енді сіз болып, біз болып осы төрт ұсынысты да жүзеге асыратын болсақ, онда бұл шын мәтінде ауыз толтырып айтарлық жеңіс болар еді.

Бәріміздің де кіндігіміз жерге байланып тұр. Мұнай бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан пленум осы баяндамада көрсетілген жайт төңірегенде өрбіді және жер мәселесіне қатысты өз пікірім осы тезистермен үндесіп жатыр. Жалпы, осы форум барысында және оған дейін/кейін өткен ресми/бейресми отырыстарда өңір-аймақтардан келген белсенділердің басым көпшілігі баяндамада көтерілген мәселелерді қолдағандықтан, бұл тезистерді тек Мұхтар Болатханұлының ғана емес, жоғарыда айтылған белсенділердің ортақ позициясы деп те қарастыруға болады деп ойлаймын.

Бұған қоса полигон жерлері туралы пікір қоса кеткім келеді. Бізде Ресейдің, басқаның жалға алып отырған полигон жерлері бар. Соңғы уақтары осы жерлерді Қазақстанға қайтарып жатыр деген ақпараттар шықты. Дұрыс. Ал енді сол қайтарылған жерлер не мақсатта пайдаланылып жатыр? Ауылшаруашылығы мақсатында, әрине.

Ол үшін полигон болған жерді емдеу керек. Ол сөзсіз жерді жалға алып пайдаланған, мейлі ол Ресей болса Ресей, басқа болса басқаның есебінен жүргізілуі керек.

 

Марғұлан Сейсембаев, кәсіпкер:

- Бұл жерде мәселе өте дұрыс көтеріліп отыр деп есептеймін. Кез келген бизнес үшін 49 жыл жеткілікті уақыт. Ал екіншіден реестр бойынша қосымша ұсынысым бар еді. Барлық жер иелерінің электрондық тізімі керек.  Мұндай тізімді жасамасақ, мейлі космостан қарасақ та тәртіп болмайды.

Мына ұсынылған жобаға келсек, бұл реестрге әр адал фермер өз жерін кіргізеді. Ал біз қазір адал фермерлер туралы айтып отырған жоқпыз. Адал фермердің қолында жер болса, онда ешқандай мәселе де жоқ. Ал өзекті мәселе – ол латифундистер мен банктерде кепілдікте тұрған жерлер мәселесі.

Содан кейін, жер жеке меншікке берілмесін деген халықтың талабына толықтай келісемін.  Расында қазіргідей жемқорлық дендеп тұрған кезде жерді жеке меншікке беруге болмайды. Қазақстан азаматтарына да, шетелдіктерге де жерді жеке меншікке бермеуіміз керек.

Енді жердің жал нарығына келсек, жал нарығы керек бізге. Жер нарық айналымына кірмесе, ол жерде бизнес жүрмейді. Жер иелерін ауыстыру керек. Жер игерілуі керек.

Үшіншіден, біз жерге ұлттық сипатта қараймыз. Ол әрине, дұрыс. Сосын біз жерге үкіметтік мүддемен қараймыз. Ал енді бизнес жағынан ешкім қарамайды. Бизнесмендердің де мүддесі бар ғой, құқы бар. Біз оны да ескеруіміз керек.  Менің ойымша АШ жерлерін тек қана 100 пайыз Қазақстан азаматтарына жалға беретін болсақ, қалталы азаматтар жерге ақша салмайды. Қаржысы жоқтар жерді көтере алмайды.  АШ-дағы инвестициялық циклді айтар болсақ 9-10 жыл. Не ексеңіз де ол жерден пайда көру үшін кем дегенде 10 жыл жұмыс істеу керек.

Сондықтан біз мынадай шартқа көнуіміз керек. Жерді шетелдік инвесторға жалға беруге болады. Бірақ шарт бойынша шетелдік инвестор 49 пайыздан артық иелік етпеуі керек. Яғни, жердің 51 пайызы Қазақстан азаматында, ал шетелдік инвестор 49 пайыз иелік ететін болса, ондай компанияларға жалға беруге болады. Бұл менің жеке пікірім. Өйткені шетелдік инвестицияны тартпасақ, тағы болмайды.  Себебі, біз қазір АШ мақсатына тек қана Үкіметтің ақшасын тартып отырмыз.

 

Абзал Құспан, заңгер:

- Кейбір проблемалық мәселелерді көтере кеткім келеді. Ол барлық облыстарды бар заң бұзушылықтар. Жер заңнамаларының айналасындағы көптеген қитұрқылықтардың куәсімін, куәгерімін. БҚО-дан бір мысал келтірейін, Орал қаласы мен Зленов ауданының ортасында Асан деген ауыл бар. Сол ауылдың төңірегінде бірнеше гектар жер учаскесін облыстық мәслихаттың депутаты Владимир Асанов дейтін азамат ауылшаруашылығын дамытамын деп алды да, 10 сотықтан бөліп сатып жіберді. Қазір ол жерге үй салып тастаған. Біз «Абырой» ҚБ атынан прокуратураға арыз жазғанбыз. Қылмыстық құрам жоқ деп, жауып тастады. Мемлекеттен су тегінде АШ мақсатындағы жерді алады. 10 сотықтан бөліп, жұртқа сатып отыр.

Жоғарыдағы мәселелерді айтып қана қою жеткіліксіз. Бұл мәселелерді шешуіміз керек. Прокуратура органы жер жерде осындай тексерулерді ұйымдастырса. Ал қоғам белсенділері ақпаратпен қамтып бере аламыз. Қазірдің өзінде БҚО ғана емес, көршілес облыстардан аталған ауандағы деректер менде бар.

Жерді ұтымды пайдалану деп отырмыз, бұл мәселеде билік органдары шындап кірісетін болса, бұл шешілетін мәселе.

Қаншама халықтық толқулар болды. Халық тектен тек алаңға шыққан жоқ.  Егер жергілікті атқару органдары өз қызметтерін дұрыс атқарған болса, заңсыз, қитұрқы әрекеттер болмаған болар еді. Латифунистер болмаған болар еді. Өкінішке орай бұл қып-қызыл бөліске, бизнеске айналып отыр.

Қоғам белсенділерінен нақты комиссия құралса және облыстық, аудандық және қалалық әкімдіктер жанында Жер комиссиялары бар, сол комиссияның құрамына қоғам белсенділері кіруі керек.

Оның мысалы да бар. Бір жылдары Қазақстанда сотталған азаматтардың құқығы бұзылуы (түрмелерде ұрып-соғу) көбейіп кеткенде, ІІМ Қоғамдық бақылау комиссиясын құрды. Оның құрамына қоғам өкілдері кірді. Қазіргі таңда бұл жүйе өз жемісін берді.

Жаңағы ҚБК өкілі қандайда бір сигнал түсе қалса, кез келген түрмеге түннің бір уағында болсын кіріп, бақылау жүргізе алады.

Бізге де осындай комиссия құру керек. Ол комиссия жерді бөлу процессіне, жерді тартып алу процессіне қатысу керек.

 

Мақала abai.kz ақпараттық порталы материалы негізінде әзірленді

Нұрлан ӘБІЛДА

 

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала