Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ИНГУШЕТИЯ МЕН ШЕШЕНСТАН АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ

Ең алдымен ингуштар мен шешендердің солтүстік Кавказ аймағында ежелден бері қатар өмір сүріп жатқан туысқан халықтар екендігін айта кетуіміз керек. Шартты түрде ғалымдар тарапынан «вайнах» деп аталатын бұл халықтар тарихта мықты мемлекеттер құрмаған. Көбінесе Дешті Қыпшақтағы көшпенділердің құрған мемлекеттеріне бағынған. Мысалға, Хазар хандығы, Алтын Орда мемлекеттерінің қарамағында өмір сүрген. Алтын Орданың Исламдануымен бірге ингуштар мен шешендер 15-16 ғасырларда Ислам дінін қабылдаған. Бұл халықтардың XVIII ғасырда Иранға бағынуына қарамастан, ингуштар мен шешендер толықтай сүнни ханафи мазхабын ұстанып келеді.

XIX ғасырда аймақты жаулаған Ресей бұл жерде Тер облысын (Терская область) және оның ішінде Ингуш округі мен Шешен округін құрады. 1860-1920 жылдары болған облыстың орнына 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін «Тау Автономиялық Кеңес Социалисттік Республикасы» (Горская АССР) құрылады. Бұл жаңа мемлекетте Ингуш округі мен Шешен округі аудан деңгейінде болады. 1924 жылы екі округ «автономиялық облыс» деңгейінде Ресей Кеңес Социалисттік Республикасының құрамына енеді. Ингуш автономиялық облысының орталығы Владикавказ қаласы, ал Шешен автономиялық облысының орталығы Грозный қаласы болып белгіленеді. 1934 жылы екі облыс қосылып, «Шешен-Ингуш автономиялық облысы» болып бірігеді. Облыстың астанасы Грозный болады. Ал 1936 жылы облыс статусы республика статусына көтеріліп, Шешен-Ингуш АССР-не айналады.   

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германия күштері Кавказға жақындағаны белгілі. Кеңес өкіметі бұл кезеңде ингуштар пен шешендерді немістермен ынтымақтастық құрды деп айыптап, 1944 жылы оларды  Қазақстан мен Қырғызстанға жер аударады. Шешен-Ингуш АССР-і жерлері Ставропол аймағы мен Дағыстан арасында үлестіріледі. Алайда, Сталин қайтыс болғаннан кейін, 1957 жылы Шешен-Ингуш Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (Шешен-Ингуш АССР) қайта құрылады. Жер аударылған халық елдеріне қайтып оралады. 1970-жылдары екі халық есін жиып, ұлттық сана-сезімі көтеріледі.

1980 жылдары Михаил Горбачевтің ашықтық саясаты арқасында Кавказда ұлтшылдық қозғалыстары алдыңғы қатарға шықты. 1990 жылдың 27-қарашасында Шешен-Ингуш АССР Жоғарғы Кеңесі шешен-ингуш республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдап, республика атындағы «автономиялық» сөзін алып тастайды. Бұл декларация республиканың тәуелсіздігін жариялауға негіз болады. Алайда, Кеңес Одағы ыдырау барысында ингуштар мен шешендердің Мәскеуге деген көзқарасы әр түрлі болды.

1991 жылы Жохар Дудаевтың басшылығымен Шешенстанның тәуелсіздігі үшін соғыс бастағаннан кейін ингуш-шешен ортақ мемлекеті ыдыраған болатын. 1991 жылдың 30-қарашасында ингуштар Ресей Федерациясының аумағында өз мемлекеттіктерін қалпына келтіріп, Ингуш Республикасын құру туралы референдум өткізді. Референдумға қатысқан ингуштардың 97,4%-ы Ресей Федерациясына қарасты Ингушетия Республикасын құруды қолдады. 1992 жылғы 4-маусымдағы Ингушетия Республикасының құрылған күні болып саналады. Магас қаласы жаңа республиканың астанасына айналды. Осылайша, ингуш-шешен ортақ мемлекеті екіге бөлінгендіктен екі ел арасында шекара мәселесі туындады.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін екі республика басшылықтары шекара мәселесін екі рет шешуге тырысты. 1990 жылы екі арадағы әкімшілік шекара республикалық шекара ретінде қабылданды. Алайда шекара аймағындағы Сунжа ауданында келіспеушіліктер болды. Бұл мәселені шешу үшін 1993 жылы Ингушетия президенті Руслан Аушевпен Шешенстанның іс жүзіндегі басшысы Дудаев келісімшартқа қол қойды. Осы келісімге сәйкес, Серноводск және Ассиновская елді мекендерінен басқа Сунжа ауданы түгелдей Ингушетияға берілді.

Шекаралық дау 2005 жылы Рамзан Қадыровтың шекара бөлісудің әділетсіз болғандығы туралы мәлімдемесінен кейін қайта өршіді. 2009 жылы шекара мәселесін шешу үшін арнайы комиссия құрылды және 1990 жылғы шекараны қорғау туралы шешім қабылдады. Бірақ та 2013 жылдың қаңтарында Рамзан Қадыров Ингушетияның Сунжа ауданында бірнеше елді мекендер Шешенстанның юрисдикциясында болуы керек деген заңға қол қойды. Бұл ингуш билігі мен халқының наразылығын тудырды. Шешендер мен ингуш арасындағы қақтығыс жағдайлары Сунжа аймағындағы Аршты ауылында жиі болып тұрды.

2018 жылы 30 тамызда шешен жағы даулы аймақта жол құрылысын бастады. Бұл жағдай әрине ингуштардың күмәнін арттырды. Ингуш тұрғындары жағдайды түсінуге тырысып жатқанда, 2018 жылдың 26 қыркүйегінде екі республика басшылары шекаралық келісімге қол қойды. Билік өкілдері даулы аймақтың теңдей бөлінгендігін мәлімдесе де, сарапшылар ингуш жағының 25 есе көп жерден айырылғанын айтып жатты.

Ингуштардың екі апта бойы ереуілге шығулары тек Ингушетия басшылығына ғана емес, Шешеністанды да алаңдатып отыр. Екі мемлекет басшылары жағдайды ушықтырмау үшін диалогты қайта бастады. Тіпті Шешенстанның президенті Рамзан Қадыров шекаралас аймақта тұратын ингуштармен жолығып, мәлімдемелерінде шектен шыққандық болса, кешірулерін сұрады. Осы оқиғаларды ескере отырып, Магаста ереуілшілер мен  билік 31 қазанға дейін наразылық шерулерін тоқтатуға келісті. Дағдарыстың қалай өрбитіндігін жуырда көреміз.

Қорыта айтқанда, Ингушетиядағы наразылықтар және Ингушетия мен Шешенстан арасындағы жер дауы жалпы аймақтың болашағы туралы маңызды белгілер беруде. Біріншіден, Кавказ аймағы дағдарыс аймағы болып қала беретінге ұқсайды. Екіншіден, Мәскеудің автономиялық республикалардың ана тілдерінде білім алуларына тыйым салу саясаты да сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Расында автономиялық республикалардың ұлттық санасы өте жоғары деңгейде. Бұл жағдайда қысқа және орта мерзімде болмаса да, ұзақ мерзімде Ресей Федерациясындағы республикалар Мәскеуден тәуелсіз болуы саясатын күшейте түсуі ықтимал.

 

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК, Халықаралық қатынастар бойынша PhD докторы, Түркиядағы «Анкара дағдарыс және саяси зерттеу орталығының» сарапшысы  

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала