Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

«Ми ағыны» — миллиардтарды жоғалту...

ULYS: Найля Серікқызы, егемен ел болғалы бергі Қазақстанның ішкі және сыртқы көші-қоны туралы әңгіме өрбітуге келіскен болатынбыз. Соңғы кездері бізге келушілерден гөрі кетушілердің қарасы қалың сияқты ма, қалай өзі?

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Иа, сөзіңіздің жаны бар.  Эмигранттардың (кетушілердің) саны 2013 жылдан бастап  біртіндеп артып келеді. Соның салдарынан 2012 жылдан бастап Қазақстанда сыртқы миграцияның теріс сальдосы қалыптасты. Оның мөлшері жылдан жылға артуда. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда, еліміздің сыртқы миграциялық айналымы да соңғы жылдары 10 есе қысқарды. Аталған кезеңде иммигранттардың (келушілердің) саны шамамен 30 мыңға азайды. Ресми статистикаға көз салсақ, 2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізге 15,6 мың адам келіп, 37,7 мың адам кетті. Сыртқы миграциялық сальдо жоғарыда атағанымдай «минус» 22,1 мың адамды құрады. Мұндай «дерт» Қарағанды, Шығыс Қазақстан және барлық солтүстік аймақтағы облыстарға тән. Ол жерлерде славян халқының басым бөлігі (орыстар, украиндар, белорустар), сонымен қатар, немістер мен татарлар өмір сүреді. Ал көшіп келушілер саны көшіп кеткендерден жоғары болған өңірлер бойынша Алматы облысы алда.  Одан соң Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) және Атырау облысы тұр. Мұндай ағындар аймақтардағы этникалық құрамға және шекаралас жатқан елдердің орналасуымен байланысты болады.

ULYS: Қазақстан көші-қонындағы мұндай өзгерістердің сыры неде?

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Оның көптеген себептері бар. Мәселен, мұндай үрдістерді жаһандық қаржы дағдарысы, геосаяси қарым-қатынастардың ушығуы, технологиялық өзгерістер жағдайындағы экономикадағы жағымсыз факторлардың белең алуы т.б. сынды жағдайлармен түсіндіруге болады.

ULYS: Түсінікті. Енді жөңкіліп, жер ауыстырғандардың этникалық құрамына тоқталсаңыз...   

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Жақсы, өткен жылы елден кеткен эмигранттардың 72,3% орыстар, 8,4% немістер, 6,6% украиндар сондай-ақ 3,8% қазақтар екен. Бұл жерде орыс және неміс ұлттарының өкілдері жоғарыда аталған теріс сальдоға ие аймақтардан кетіп жатқанын айтқан жөн. Мәселен, тек Қарағанды облысынан ғана 4,5 мыңға жуық орыс және 600-ден астам неміс кетті.

Жалпы эмигранттардың басым бөлігі ТМД елдеріне қоныс аударады. Елден кетушілердің басым бөлігі орыс халқы болғандықтан, бұл тізімде Ресей бірінші орында тұр. Тек былтырдың өзінде Қазақстаннан Ресейге 32 874 адам көшті, бұл жалпы мигранттардың 87%. Қоныс аударуға өзінің тарихи отанына оралу аспектісі және ол елдегі әлеуметтік саясаттағы бірқатар басымдықтар әсер етеді. Мәселен, Ресейдің отандастарының қоныс аударуына бағытталған арнайы тиімді бағдарламасы бар. Оның аясында көшіп келген орыс ұлты өкілдеріне жеделдетілген түрде азаматтық алуға, көшуге жұмсалатын шығындарын өтеуге, белгілі бір аймақтарда жұмыс орнымен қамтасыз етуге және басқа да әлеуметтік артықшылықтарға ие болуға кепілдік беріледі. Ресейден кейін, Қазақстан азаматтары Германия, Беларусь, АҚШ, көрші Өзбекстан және Қырғызстан, Канада, Израиль елдеріне көшеді. Тағы бір қынжылтатын жайт, елімізден славян этностары өкілдерімен қатар, титулды ұлт өкілдері де кете бастады, оған «зияткерлік көші-қон» үрдісі де себепші болуы мүмкін...

ULYS: Әлбетте, этникалық орыстардың Ресейге тартатынын түсінуге болады. «Орыс әлемі» аясында да үлкен саясаттар жүргізіп, шетелдердегі қандастарын қолдап, жағдай жасап отырғанын білеміз. Тіпті, олармен шекаралас облыстарда аталған ұлт жастарының кетіп жатқаны қаншалықты рас дерек?     

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Иа, ол рас дүние. Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында тұратын мектеп бітіруші түлектер көп жағдайда өз оқуын ресейлік оқу орындарында жалғастыруға шешім қабылдайтынын айта кеткен жөн. Тіпті кейін олардың едәуір бөлігі оқуын аяқтағаннан соң Ресейде біржола  қалады. Мысалы, 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысында жастардың қоныс аударуы мәселесіне қатысты әлеуметтік  зерттеу жүргізілді. Сауалнамаға 10–11 сыныптың бір жарым мыңдай оқушысы мен 1200 ата-ана қатысты. Нәтижесінде, респонденттердің 50 пайыздан астамы Қазақстаннан тыс аймақта білім алуға ниет білдірген және олардың 30% қайтып оралмайтындарын айтқан.

ULYS:  Кеткендердің жолы болсын! Ал келгендер...

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Қазақстанға келген иммигранттардың 58% қазақтар, 21,2% орыстар, 2,5% украиндар және 2,2% өзбектер. Олардың негізгі бөлігі Алматы, Маңғыстау және Түркістан облысына келеді. Өткен жылғы дерек бойынша, Қазақстанға иммигранттар көбінесе Өзбекстаннан – 4 972 адам немесе 31,9%, Ресейден – 4 346 адам (27,9%), Қытайдан – 3 015 адам (19,3%), Қырғыз Республикасынан – 662 адам (4,2%) және Түрікменстаннан – 382 келді (2,4%). Ол мемлекеттерден келетіндердің басым көбі қазақтар мен орыстар.

ULYS: Келушілер мен кетушілердің саны туралы мол мағлұмат алдық. Енді сапасы туралы да біле отырсақ...

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Дұрыс айтасыз, эмигранттар мен иммигранттардың білім деңгейі де ерекше назар аударуды қажет етеді. 2017 жылы Қазақстаннан ТМД елдеріне кеткен 15 жастан асқан азаматтардың  39% жоғары білімді, 31,8 пайызында орта кәсіптік білімі бар. Ал басқа шет мемлекеттерге Қазақстаннан 38,7% жоғары білімді, 29% орта кәсіптік білімі бар азаматтар қоныс аударды. Өз кезегінде Қазақстанға 15 жастан асқан ТМД елдерінен келушілердің ішінде 21,4% жоғары білімді, 26% орта кәсіптік білімі барлар. Басқа елдерден келетін иммигранттардың тек қана 16,3% жоғары білімді және 7,6% орта кәсіптік білімі барлар. Нәтижесінде, елден кеткендердің шамамен 60% жоғары немесе орта кәсіптік білімге ие болса, елімізге келгендердің ішінде мұндай білім деңгейі бар адамдар саны 50 пайызға да жетпейді.

ULYS: Бізді олардың мамандықтары да қызықтырады...

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Елімізден көп жағдайда техникалық, педагогикалық және экономикалық білімі барлар кетеді. Ал Қазақстанға келгендердің негізгі бөлігі техникалық және экономикалық мамандықтарды игергендер. Алайда, сыртқы миграцияның жалпы сальдосы теріс мәнді болғандықтан, бұл көрсеткіштер шамалас бола алмайды. Сонымен қатар, еңбек нарығында теңгерімсіздіктің қалыптасуына әсер етіп отырады. Кетіп жатқан білікті және сапалы жұмыс күшінің ойсырап қалған орны елге келгендер есебінен жабылмайды. Қазақстанның кең-байтақ аумағын және халқымыздың теңгерімсіз таралуын есепке алатын болсақ, бұл үрдістер мемлекетіміздің демографиялық саясаты үшін де күрделі сын-тегеуіріндерге айналуы мүмкін. Оған қоса, елден кетушілердің негізгі бөлігі жастар. Яғни, елден көбінесе жас, білімді және келешегі бар азаматтар кетеді. Бұл зияткерлік көші-қон үрдісінің күшейгенін көрсетеді.

ULYS: Яғни мұндай білімді-білікті жастардың, «милардың» кетуі бізге салқынын тигізбей қоймайды ғой?   

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Әрине, ми ағыны — миллиардтарды жоғалту десек болады. Яғни тек экономикалық, қаржылық тұрғыдан айтып тұрмын. Мәселен, әлемде мұндай үдерістердің күшеюі нәтижесінде болатын экономикалық шығындарды бағалайтын көптеген әдістер бар. Сондай бір бағалауға сәйкес, 1991-2005 жылдар аралығында 200-250 мың жоғары білімі, не аяқталмаған жоғары білімі бар азамат Қазақстаннан кеткен. Бұның әсерінен жалпы экономикалық залал шамамен 100-125 млрд АҚШ долларын құрады...

ULYS: Жоғарыда көші-қон саласындағы біраз түйткілдер туралы жақсы айттыңыз. Бірақ, соған қарамастан, Қазақстан Орталық Азия аймағында, ТМД елдері арасындағы еңбек мигранттары үшін әлі де тартымды болып қала беретін секілді?

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА:  Орташа есеппен алғанда жалпы миграциялық жылжулардың 70-80% ТМД ішінде жүреді. Негізінен шекаралардан өту кезінде визасыз режим қолданылады. Бұл ретте, Ресей кейінгі жылдары Қазақстан аймақтағы еңбек мигранттарын қабылдаушы негізгі донор мемлекеттерге айналды. Өз кезегінде, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Молдова, Армения мигранттармен қамтамасыз етуші елдер болып отыр. Бұлардың көп бөлігі Ресейге көшеді. Ал Қазақстан Орталық Азия елдерінен келетін мигранттар үшін транзиттік-миграциялық торап ретінде қалыптасып келеді. Оған қоса, кейінгі кезде Ресейде миграциялық заңнаманың күшеюіне байланысты аталған аймақтың еңбек мигранттарының бір бөлігі жұмыс істеу үшін Қазақстанға келуге мәжбүр болды. Әдетте, мигранттарды қабылдаушы мемлекеттерге, негізінен, біліктілігі төмен адамдар келеді. Өз кезегінде бұл қабылдаушы мемлекеттерден өз қабілеттерін елде толық жүзеге асыруға мүмкіндіктері болмағаннан кейін біліктілігі жоғары адамдар кетеді. Жоғарыда айтқанымдай, мұндай айналымды тең деу мүмкін емес.

ULYS: Сырттан қара жұмыс істеушілердің ағылуы біздің еңбек нарығымыздағы бағаның төмендеп, жерлестеріміз үшін  жұмыс орындарының азаюына әсер етпей ме?     

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Халықаралық көші-қонның мұндай үдерістерінің жағымды және жағымсыз жақтары болады. Бір жағынан, бұл үдерістер аймақ мемлекеттері үшін кедейшілік, өмір сүру деңгейінің төмендігі, әлеуметтік тұрақтылық, еңбек нарығындағы тапшылық сияқты әлеуметтік-экономикалық және демографиялық мәселелердің қауырттылығын төмендетуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, сіз айтқандай, елде кәсіби мамандар жетіспеушілігінің пайда болуына, көлеңкелі экономиканың дамуына, тіркелмеген жұмыс күшінің артуына, адам құқықтарының сақталмауына, сондай-ақ отбасы құндылықтарының күйреуіне ықпал етеді.

ULYS: Бізге сырттан жұмыс іздеушілер әлі келіп жатыр. Бір қызыға, соңғы уақытта біраз жігіттеріміздің екі қолға бір күрек іздеп Оңтүстік Кореяға дейін кетіп қалғаны бізді таң қалдырады...

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА: Соңғы уақытта Ресейдегі геосаяси және экономикалық жағдайдың біржақты күрделенуіне және бірте-бірте мигранттар біліктілігінің жоғарылауы миграция бағдарын өзгертіп жатыр. Нәтижесінде, еңбек миграциясында аймақтан тыс жаңа бағыттар дами бастады. Олар: Еуропалық одақ, Таяу Шығыс елдері, Қытай, Пәкістан және өзіңіз атап өткен Оңтүстік Корея. Келешекте бұл аймақ ішіндегі миграция әлеуетінің төмендеуіне және еңбек ресурстары үшін бәсекенің күшейе түсуіне әкелуі ықтимал.

Сондықтан да аймақ мемлекеттері қазіргі бар миграциялық мәселелерді және келешекте орын алуы мүмкін сын-тегеуіріндерді алдын алу үшін миграция үдерістерін реттейтін мемлекетаралық әріптестікті нығайта түсуі қажет. Бұл орайда консультациялық негізде жұмыс істейтін түрлі форматтар қолданылып, әр мемлекет басқа аймақ мемлекеттеріне үлкен қайшылықтар тудырмайтын миграциялық тұжырымдамаларды дайындауы қажет.

ULYS: Қызықты сұхбатыңыз үшін алғысымызды білдіреміз!

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала