Валюта бағамы
USD - 382.56
EUR - 426.48
RUB - 5.84

АРАБ-ИЗРАИЛЬ ШИЕЛЕНІСІ

Көріністер: 71
Ad

2018 жылғы 14 мамырда АҚШ елшілігінің Тель-Авивтен Иерусалимге көшуіне қатысты басталған Газа секторымен шекарада палестиналықтардың қарсылық шерулері қазіргі таңда тікелей қақтығыстарға айналды. Араб ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы күнге дейін Израиль өзінің біржақты іс-қимылдары арқылы Иерусалимдегі ислам және христиандардың киелі орындарына дұшпандық әрекеттерін жалғастыруда. Сонымен қатар, Израиль Иерусалимді еврейлендіру, палестиналықтардың мүліктерін басып алу, заңсыз қоныстану, бейбіт шерулерді жаныштау саясатымен халықаралық құқық пен уағдаластықтардың іс жүзінде бұзуда.

2018 жылғы 14 мамырда Д.Трамптың АҚШ елшілігін Иерусалимге көшіруі палестиналықтар арасында үлкен наразылық акцияларын тудырып, шиеленісті одан әрі ушықтыра түсті. Ақпарат құралдарында «ғасыр мәмілесі» деп танылған Д.Трамптың Палестина бойынша саясаты Палестина ғана емес, көптеген мұсылман қоғамдардың ашу-ызасының артуына себеп  болып отыр.

Оның үстіне 2018 жылғы 10 қыркүйекте АҚШ «БҰҰ Палестиналық босқындарға жәрдем беру және жұмыспен қамту агенттігін»  қаржыландыруды тоқтату және Палестинаны азат ету ұйымының Вашингтондағы кеңсесін жабу туралы шешімдері палестиналықтарды бүйірден ұрды. Бұл мәселе 2018 жылғы 11 қыркүйекте Каир қаласында өткен Араб мемлекеттері лигасы Сыртқы істер министрлері Кеңесінің 150-ші отырысы барысында қарастырылып, Араб делегация басшылары АҚШ-тың біржақты саясатын қатаң сынға алды.

Бір жағынан Израиль Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерісі бойынша өз мүдделерін қарқынды жүргізуде. Атап айтқанда Израиль Парламенті «Ұлттық заң» жобасын бекітті. Бұған қарсы палестиналық белсінділер Израильде тұратын палестиналықтарды жаппай шеруге шығуға шақырды.

Халықаралық сарапшылардың көпшілігі Иерусалимді Израильдің астанасы деп мойындауы сияқты АҚШ Үкіметінің біржақты әрекеттері оның Таяу Шығыс бейбітшілік үдерісіндегі делдалдығына сенімсіздіктің пайда болуына, яғни палестиналықтардың Вашингтонның рөлінен күдер үзгенін тілге тиек етуде.

Д.Трамп Әкімшілігінің біржақты әрекеттерінің жиілеп кетуіне Палестина басшылығы қатты наразы. Атап айтқанда, Палестина Президенті М.Аббас «елшілігін Иерусалим қаласына көшіруіне арқылы АҚШ Израиль тарапына жақтасуда және өзінің тарапсыз делдалдық рөлінен айрылды» деп жиі мәлімдейтін болды. Осы орайда, палестиналық дипломатия халықаралық қауымдастықтың арасынан көпжақты делдалдық тетігін қалыптастыру мақсатында өзінің халықаралық үгіт-насихатын қарқынды жүргізуде.

Қазіргі таңда палестиналықтардың алдында қарқынды дипломатия арқылы халықаралық қауымдастықты Израильге қарсы қысым көресту үшін жаппай жұмылдырудан басқа шарасы қалмады. Палестиналықтар халықаралық конференция өткізу, Таяу Шығыстағы бейбітшілік бойынша жаңа халықаралық тетік құру арқылы Ресей, Қытай, Жапония сияқты басқа да державаларды бітімгершілік жұмысына тарту арқылы Вашингтонға бейбітшілік үдерісі бойынша жалғыз делдал ретінде тәуелді болмау қажеттілігін кеш болса да енді түсініп, осыған байланысты қарқынды жұмыс бастады. Палестина Ресей, Қытай және Франция сияқты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүшелерді бейбітшілік үдерісі бойынша көптарапты делдалдық ұйымдастыруға тырысып жүр.

Израильден әскери-стратегиялық тұрғыдан қалып қойғанымен, Палестина дипломатиясы соңғы жылдары халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп отыр. БҰҰ-да бақылаушы статусын алғанын және басқа да халықаралық ұйымдарға толыққанды мүше болғанын атап өту қажет. Араб елдері және басқа да Палестина халқының заңды құқығын мойындайтын мемлекеттер елдің халықаралық деңгейде дербес мемлекет ретінде танылуы бойынша талпыныстарға толық қолдау көрсетеді.

Біраз жылдар бойы Израильмен келіссөздерге кедергі болып келген палестиналық ішкі келіспеушілікті атап өткен жөн. Батыс жағалауды бақылауында ұстаған «Фатх» партиясы мен Газа секторын басқарып отырған исламшыл «Хамас» партиясы арасындағы қайшылық, тіптен өзара оқ ату палестиналықтардың шебін ыдыратты. Дегенмен, Мысырдың делдалдығымен екі бақталас партиялар арасындағы даулар шешіліп, уақытша үкімет құрылды.

Д.Трамптың бейбітшілік үдерісіне қатысты саясаты палестиналық фракциялардың басын қоса түсті және Палестина дипломатиясының қарқынды жұмыс істеуіне септігін тигізді. «Хамас» қозғалысы лидерлерінің бірі С.Әбу Захри палестиналық саяси топтарды Израильге қарсы бірлесуге шақырды. Ол, Израильмен қауіпсіздік бойынша үйлестіру шараларын тоқтатып, Батыс жағалауда қарсы күрес шебін қалыптастыруға және Газа секторынан блокаданы толық алып тастауға үгіттеді.

Палестина Үкіметі Израильге қарсы дипломатиялық үгітін әрі қарай үдете түсті. Раммалла ИЫҰ-дағы әріптестерінен және басқа да мемлекеттерден бұған дейін қабылданған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарларын іске асыруды талап етуде.

Қорытындылай келе, алдағы уақытта палестиналықтар мен израильдіктер арасында тікелей келіссөздер өтеді деп болжау қиын. «Статус квоны» пайдаланған Израиль өзінің біржақты саясатын жалғастыра беретіні анық. Ал, Палестина және араб дипломатиясы Таяу Шығыс бейбітшілік үдерісі бойынша БҰҰ аясында халықаралық конференция ұйымдастыруға және бұрынғы халықаралық квартеттен кеңірек делдалдар тобын құруға тырысады.

 

 

Мейрам МҰҚЫШ, халықаралық сарапшы

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала