Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ӘЛЕМДЕГІ ТҰҢҒЫШ DIGITAL МЕМЛЕКЕТ

Биыл қыркүйек айында жерінің аумағы картадан көрінбейтін жаңа мемлекет өз жұмысын бастайды. Оның болмысы Біріккен Ұлттар Ұйымында (БҰҰ) ресми тіркелген, халықаралық қауымдастық  мойындаған 193 мемлекеттің құрылымынан мүлде бөлек болмақ. Ресми атауы – The Good Country, ана тілге аударсақ - Жақсы Мемлекет (Good Country). Әлемдегі тұңғыш Digital мемлекет. Территориясы, Үкіметі және Конституциясы жоқ жаңа құрылым халық саны бойынша Қытай мен Үндістаннан кейінгі үшінші алып ел болады деген болжам бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Осы және көкейдегі өзге де көп сауалға жауап алу мақсатымен жобаның авторы, саяси кеңесші Саймон Анхолтқа (Simon Anholt) хабарластық.

  • Саймон мырза, жақында Жақсы Мемлекеттің азаматтығын алдым. Сіз бастаған қозғалысқа қосылуымның өз себебі бар. Ал, Сізді Digital дербес Mемлекет құруға не итермеледі?

 

  • 2014 жылдан жай ғана Идея, TED talk алаңындағы Дискуссия және Индекс ретінде қаралған жоба бүгінде виртуалды мемлекетке айналды. Мен бұл бастаманы жақсы мемлекет құру үшін емес, әлемдегі бүгінгі жағдайды жақсартуға ықпал ететін күшті іске қосу үшін қолға алдым. Ғаламдық жылыну, көші-қон, терроризм, құлдық, табиғаттың ластануы, қақтығыстар, жемқорлық, кедейшілік пен теңсіздік сынды халықаралық мәселелерді мемлекеттер бірлесе отырып, жүйелі түрде шешетін болса, оның тиімділігі ұлттық әрі ұлтаралық деңгейде де арта түсер еді. The Good Country жобасы осы принципті күшейтеді деп сенемін.

 

  • Мақсат айқын болғанымен, оның орындалуы күмән тудырады. Жалғыздың шаңы шықпас деген бар... Білуімше, The Good Country-дің негізін қалаушылардың тағы бірі әлеуметтанушы Мэдлин Хьюг (Madeline Hug). Ауқымды жобаның артында Сіздерден басқа тағы кім тұр?

 

  • Әрине, шаруа ауқымды. Бірақ, жобаны қолға алмас бұрын Good Country-ге миллиондаған халықтан қолдау боларына сендім. Осыдан төрт жыл бұрын әріптесім Доктор Роберт Говерс (Robert Govers) екеуіміз құндылықтары ортақ, мәселен, өзіне тек өз ұлтының өкілі ғана емес, алдымен адамзат баласының мүшесі ретінде қарайтын; бәсекеден  гөрі бірлескен әрекетті қолдайтын; әртүрлі ұлт өкілдерін тілі мен ділі, түрі мен болмысы бөлек деп бөліп-жармайтын: жаһанданудың аларынан берері мол екеніне сенетін адамның санын анықтау үшін әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Әлемдегі ересек халықтың 83%-ы қатысқан сауалнаманың нәтижесіне сай, оның 13%-ы, бұл дегеніңіз 700 миллионға жуық адам, жоғарыда аталған құндылықтарды ұстанады. Оларды «табиғи космополиттер» деп атауға болады және ондай адамдар әлемнің түкпір-түкпірінде жүр. Мақсат сол адамдардың басын қосу және қолдаушыларымыз солар болмақ. Мәселен, «табиғи космополиттер»-дің 11 миллионы Мексиканы мекен етсе, 80 миллионы АҚШ-та тұрады екен. The Good Country тұрғындарының алды солар болмақ.

 

  • Демек, жоғарыда аталған ғаламдық мәселелерге немқұрайлы қарамайтын әлемдегі кез келген адам The Good Country-дің азаматтығын ала алады. Мен жобаның сайты Good Country арқылы оның жұмысымен, сонда көрсетілген шарт бойынша 5 АҚШ доллар болатын, біздіңше 1 800 теңгенің айналасы, жылдық салықты төлеп жаңа елдің азаматы атандым. Қалтаға салмақ салмайтын қаржы болғанымен де оны көтере алмайтындарды жоққа шығаруға болмайды. Жалпы, сіз бастаған қозғалысқа қосылудың шарты қандай?

 

  • The Good Country-дің азаматы болу үшін ешқандай емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Жас мөлшері 14 жастан жоғары болса болғаны және кез келген елдің «табиғи космолиттері» қатарымызға қосыла алады. Ұлттандыру -  бұл құндылықтары және өмірлік көзқарасы сәйкес адамдарды біріктіруге бағытталған web-негізіндегі процесс. Бұл танысу алаңына көп ұқсайды. Ал, егер бәз біреудің азаматтық алу үшін 5 доллары болмаса, жылдық салықтан босату туралы өтініш бере алады. Азаматтық алғандардың қолдауымен жұмыс істейтін арнайы қор бар, төлей алмайтындар сол қордың есебінен қатарымызға қосыла алады. Біз жыл соңына дейін 200 000 адамды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұл digital ұлттың алғашқы легі 2019 жылы қаралуы тиіс алғашқы үш актуалды мәселені анықтап, оларды тиімді шешудің амалдарын талқылауды бастайды. 2019 жылдың қыркүйек айында барлығы біз ойлағандай болса азаматтарды тұрақты түрде тіркеуді жолға қоямыз да, қатарымызды 700 миллионға жеткізу жұмыстарын бастаймыз.    

 

  • Әрине, ауқымды жобаның жұмыс істеу тәртібін бір мақаламен түсіндіріп жеткізу мүмкін емес. Десе де, сіз ойлағандай азаматтың саны тіркеліп, солардың есебінен қорға қаржы түскеннен кейін атқарылатын шаруаны қысқа қайырып өтесіз бе? Бюджеті жоқ құрылымның қызметі қалай жүзеге асырылмақ?

 

  • Әрқайсысы жылына 5 АҚШ доллары көлемінде салық төлейтін, саны  миллиард тұрғынның төрттен үшіне жететін алып ұлттың халықаралық қауымдастықтың іс-әрекетіне айтарлықтай ықпал етуге қауқарлы боларына күмән жоқ. Ықпал етудің жолдары бірнеше, мысалы, The Good Country халықаралық басқарудың заманға сай жаңа жүйесін  әзірлейтін болады; жоба мемлекеттермен, қалалармен, корпорациялармен, халықаралық агенттіктермен және басқа да ойыншылармен бірлесе жұмыс істеудің жаңа және тың жолдарын іске қосады; кез келген жағдайды ішкі және сыртқы деп бөліп жармай қабылданған шешімнің тиімділігі жоғары болатынан айғақтайтын заңдарды әзірлейтін болады; уақыт өте келе Digital мемлекет экономикалық қуат алған күндері халықаралық аренадағы ойыншыларды «дамудың дұрыс жолдарын» таңдауға ынталандырады және ұлт басшылары мен тұрғындарды халықаралық қарым-қатынастың үздік амалдарына оқыту жұмыстарын жүргізеді.

 

  • The Good Country-дің миссиясы мен функциясы, бір қарағанда, БҰҰ-ның атарып отырған жұмысына көп келеді. Оның баламасына көп ұқсайды. БҰҰ-мен бірлесе әрекет ету көзделген бе, жалпы жаңа мемлекеттің аталған ұйым қызметінен қандай айырмашылығы бар?

 

  • Біздің азаматтар өздері қалайтын өзгерістерге қатысты заң жобасын өздері талқылап және оны жүзеге асырудың жолдарын әзірлеу процесіне тікелей қатысатын болады. Remesh технологиялық әріптесімізбен арадағы келісім бойынша, оның көмегімен тұрғындар күрделі және өзекті мәселелерге қатысты пікірталас жүргізуге мүмкіндік алады. Бұл тарихта бұрын соңды болмаған өте маңызды жүйе. Бүгінгі дәсүрлі үкіметтер не «көшбасшылар» жасап отырған бюрократияны жоюдың жолдарын тәжірибеде сынақтан өткізетін боламыз. The Good Country өзін-өзі басқаратын үлкен жүйе құруды көздеп отыр. Жаңа мемлекеттің жұмысын арнайы шағын азаматтық қызмет реттейді және заңдардың орындалуын қамтамасыз ететін дипломатиялық корпусы болады. Ал, мемлекеттермен, қалалармен және БҰҰ-ы агенттіктерімен ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың амалдарын қазірден қарастырып жатырмыз.
  • Қандай да болмасын мемлекетті басқарушы органсыз елестету мүмкін емес. Әлемдегі тұңғыш виртуалды мемлекеттің басшысы кім және үкіметті қалыптастыру жоспарда бар ма?

 

  • The Good Country үкіметсіз жұмыс істейтін тұңғыш мемлекет болады. AI (Artificial Intelligence) технологиясына рақмет айтуымыз қажет, жаңа ел өз тұрғындарының басқаруымен қызмет жасайтын, өзін-өзі ұйымдастыруға қабілетті жүйе түрінде қызмет атқарады. Виртуалды мемлекет өзге де мемлекеттермен бірлесе жұмыс істей отырып, оларға халықаралық проблемалармен бірлесе күресудің тиімділігін дәлелдеуді көздейді. Шекарасымен емес өмірлік құндылықтарымен анықталатын тұңғыш мемлекет жұмысын бастады. Жақсы мемлекет құруға деген адамзаттың құштарлығы мен энтузиазмі бізге бұл идеяны жүзеге асыруға ниетті адамның көп екенін көрсетті. Демек, әлемдік дамуды дұрыс жолға бағыттайтын қосымша күшті іске қосатын оңтайлы сәт бұл.

 

  • Мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет!

Бақыт ШОЙЫМБЕК, халықаралық журналист,

Ғаламдық Коммуникацияны Басқару саласының Магистрі (Ұлыбритания),

The Good Country жобасының Қазақстандағы елшісі

 

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала