Валюта бағамы
USD - 476.22
EUR - 490.15
RUB - 7.81

Қазақстан көрші елдерге гуманитарлық көмек көрсетті

Көріністер: 72

Қазақстан көршілес елдерге гуманитарлық көмек көрсетуде. Бұл туралы ҚР СІМ хабарлайды.

 

Гуманитарлық көмек – бұл әлемдік қоғамдастық мүшелеріне өзара қолдау көрсетудің жалпы қабылданған халықаралық тәжірибесі. Бүгінгі таңда COVID-19 ғаламдық пандемиясы жағдайында көптеген елдер осы заман талабына қарсы күресте мүмкіндіктерді арттыру мақсатында бір-біріне түрлі көмек көрсетуде.

Қазақстан да бұл үдеріске белсенді қатысуда. Пандемияға қарсы іс-қимыл кезеңінде көршілес елдерге экономикалық қолдау көрсетуге ұмтыла отырып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қырғызстан мен Тәжікстанға жалпы құны 3 млн АҚШ долларынан астам сомаға әрқайсына 5 мың тонна көлемінде қазақстандық ұн жеткізу түрінде гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Шешім халықты азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қырғыз және тәжік тараптарының ресми өтініштеріне байланысты қабылданды.

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесу барысында Тәжікстан Президенті Э.Рахмон тәжік халқына осы қиын кезеңде қолдау білдіріп, гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Ол, сондай-ақ, Тәжікстан азаматтарын Отанына жеткізуге ықпал еткені және Қазақстан аумағы арқылы жүктерді тасымалдауға көмектескені үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан және Қырғызстан Сыртқы істер министрлері М.Тілеуберді мен Ч.Айдарбеков телефон арқылы сөйлесу барысында қырғыз тарапы Қазақстанға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғыс білдірді.

Жақын арада аталған жүктер Қырғызстан мен Тәжікстанда жеткізілетін болады. Қазақстан, халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде, жаһандық коронавирустық пандемия жағдайында шет қалмайды және серіктес елдерге қажетті гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда.

Атап айтқанда, осы жылдың ақпанда COVID-19 індетінің өршіп тұрған кезінде Қазақстан алғашқылардың бірі болып Қытайға медициналық қорғау құралдарын бірнеше рет жеткізу арқылы әріптестік қолдау көрсетті.

Жалпы гуманитарлық көмек көрсету Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Өткен жылдары Қазақстан Антигуа мен Барбуда, Ауғанстан, Бангладеш, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Мьянма, Пәкістан, Сербия, Сирия, Түркия, Жапония және т. б. елдерге әртүрлі көмек жіберген болатын.


 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала