Валюта бағамы
USD - 476.22
EUR - 490.15
RUB - 7.81

КЕРЧЬТЕГІ КЕРІС

Көріністер: 237

Керчь бұғазы – Керчь, Тамань түбектері аралығындағы бұғаз. Қара және Азов теңіздерін жалғастырады. Ұзындығы 41 км, ені 4-15 км. Батыс жағасында ірі Керчь порты орналасқан. Осы порт пен Кавказ арасында кеме және тауар жүк паромдары қатынайды.

Тарихқа жүгінетін болсақ, кезінде ХVIII-XIX ғасырларда Осман империясы мен Ресей империясы арасында болған стратегиялық территорияларға байланысты соғыстар халықаралық қатынастар тарихшылары екі жақты қатынастарды реттеуге байланысты ұстанымдары  «Шығыс мәселесі» деген атпен танымал болатын. Сол кезеңдерде, Ресей империясы өзінің ыждаhаттық ұстанымын білдіре отырып, Қара теңіз арқылы Жерорта теңізіне шығу жолы ретіндегі пунктін сол Керчь бұғазын жаулап алу арқылы әскери-стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырған болатын.

Қақтығыстың өзіне келетін болсақ, осы жылдың қараша айының соңында Ресейдің шекаралық қызметкерлері Керчь бұғазы маңында Украинаның әскери кемелеріне оқ жаудырған. Атыс кезінде украиналық 6 сарбаз жараланып, кеменің қозғалтқышы істен шыққан. Украина теңіз әскери қызметі аталған ұрыста кемелерді Ресей әскерилері күшпен басып алғандығын айтуда.

2018 жылдың 25-қарашасы күні украиналық үш әскери кеме Одессадан Мариупольге қарай бағыт алған. Алайда Керчь бұғазын басып өтуге рұқсат бермеген Ресей әскерилері, бірден оқ жаудырған. Басын даудан ала қашқан Ресей Федерациясы аталған кемелердің өтуі үшін арнайы рұқсат қағазы болмағандығын алға тартты. Бірақ, бірнеше рет өтініш жібергенін ескерткен украиналықтар, мұны қитұрқы әрекет болуы әбден мүмкін деген шешімге келіп отыр.

Ал Қазақстан Украина мен Ресей арасындағы дауды дипломатиялық жолмен шешуге кеңес берді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Нью-Йоркте шұғыл жиналып, Керчь бұғазында болған оқиғаны талқылады. Сол отырысқа қатысқан біздің делегаттар Қазақстанның да ұстанымын жеткізді. «Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде ашық диалогқа және халықаралық шиеленістің алдын алу үшін пікірталас өткізуге дайын екендігін білдірген болатын. Біздің делегация Украинаның да, Ресейдің де ұсынысын қолдайды. Себебі екі ел де Қазақстан үшін стратегиялық маңызды аймақтық акторлар. Тарихымыз ортақ. Сондықтан тараптарды оқ атуды тоқтатуға шақырамыз», – деді Қазақстанның БҰҰ жанындағы Қауіпсіздік кеңесі тұрақты өкілінің орынбасары Қанат Тұмыш.

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері төтенше отырысқа Украинаның өтінішімен жиналды. Негізі, Ресей «мемлекеттік шекараның бұзылуына қатысты» кеңес өткізуді сұраған. Бірақ қатысушылар бұл ұсынысты қолдамады. Ресей шекарашылары Қара теңізде Украина әскери-теңіз күштерінің «Бердянск», «Никополь» және «Яны Капу» кемелерін тұтқындаған болатын. Кремль украиналық кемелер Ресейдің теңіздегі территориясын заңсыз кесіп өтті деп отыр.

Азов теңізіндегі төтенше жағдайға байланысты Петр Порошенко соғыс жағдайын жариялады. Ол 26 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал ұсталған украиналық теңізшілерді Ресейдің қауіпсіздік қызметі тергеуде.

Владимир Путин болса, бұл жағдайды Украинада көктемде болатын президент сайлауы алдында Петр Порошенконың әдейі ұйымдастырған шуы деп бағалап отыр.

Атап өтетін жайт, Ресей президентінің БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарына контент-сараптама жасайтын болсақ, Владимир Путин орын алған қақтығыста Қара Теңізде болған оқиға деп сипаттайтындығын байқаймыз. Яғни, Ресей Федерациясы президенті жағдайды жалпылама түрде сипаттап, Ресейдің Қара Теңізде стратегиялық маңызға ие аймақтық беделді актор екендігін көрсеткісі келіп және басқа да аймақтық державаларға маңызды сабақ болсын деген іс-әрекетпен жариялап отырғандығын байқау аса қиын емес.

Осы ретте, «Қазақстан дипломатиясы қандай сабақ алу керек?» – деген заңды сұрақ туындайды. Тәуелсіздіктің нышаны мен шекараның мызғымастығы аталып өткен Қазақстан Республикасының көпвекторлы сыртқы саясаты өзінің жемісін беріп келеді. Бұл Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы аясында іске асырылып келеді. Осы тұжырымдамаға сәйкес, халықаралық қатынастарда жаңадан пайда болған сын-қатерлерге төтеп беру мақсатында, еліміздің шекаралық қызметін одан әрі бекітуге байланысты іс-шаралар өткізуін және қоғамды назарда ұстауды қажет етеді.

 

Сәкен МҰҚАНҰЛЫ, халықаралық қатынастар PhD докторы

Тақырып авторы: Әлімжан САБЫРЖАНҰЛЫ

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала