Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ГРУЗИЯДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ: СТАТУС-КВОНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Грузия президенттік сайлауының бірінші туры 2018 жылдың 28-қазанында, ал екінші туры бір айдан кейін 28-қарашада өтті. Бұл елде президент 6 жылға сайланады. 2017 жылы қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, бұл сайлау халықтың тікелей дауыс беріп ел президентін таңдаған соңғы сайлау болды. Бұдан кейінгі сайлауларда президент 300 депутаттан тұратын Парламент тарапынан сайланатын болады. Атап айтқанда, парламенттік жүйеге өткен елдегі президенттік биліктің тек символикалық мәні ғана қалады. Ал негізгі билік премьер-министрдің қолында шоғырланады. Дегенмен, Президенттің кейбір өкілеттіктері бар. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – Президенттің қылмыскерлерді кешіріп амнистия жариялау құқығы. Бұл құқық күшті құрал ретінде қарастырылмаса да, Грузияның ішкі саясаты мен оның сезімтал геосаяси жағдайын қарастырған кезде маңызды болып шығады.

Президенттің қылмыскерлерді кешіру құқығының ішкі және сыртқы саясатта маңызды мәселеге айналуының себебі Грузияның бұрынғы президенті және «Қызғалдақ төңкерісінің» жетекшісі Михаил Саакашвилимен байланысты. 2012 жылы жаңадан құрылған «Грузияның арманы» партиясы Саакашвилидің «Біріккен ұлттық қозғалыс» партиясын жеңіп билікке келгеннен кейін Саакашвилидің билігін өз мүддесіне қолданғаны туралы іс қозғалды. 2018 жылдың 5-қаңтар күні өткен сот отырысында сырттай айыпталған Саакашвилиді сот айыпты деп тауып, үш жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Алайда, Саакашвилидің билік тарапынан қуғын көруіне қарамастан, ел ішінде оның жақтастары әлі де баршылық. Грузин қоғамы Саакашвилиге әсіресе, Грузияны демократияландыруға қосқан үлесі үшін және елді барлық бұрынғы кеңестік республикаларда үлкен мәселе болып табылатын парақорлық пен жемқорлықтан тазартқаны үшін өзін борыштар сезінеді.

2018 жылы президенттік сайлауда Саакашвили негізін қалаған «Біріккен ұлттық қозғалыс» партиясының атынан президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Григол Вашадзе президент болып сайланған жағдайда Михаил Саакашвилиге кешірім жариялап, оның елге оралуы үшін қолынан келгенінің барлығын жасайтындығын ашық түрде мәлімдеді. Бұл жағдай тек биліктегі «Грузияның арманы» партиясының ғана емес, сонымен қатар, Ресейдің де алаңдаушылығын тудырды. Егер Саакашвили Грузияға оралып, саясатқа араласатын болса, осы уақытқа дейін қалыптасқан жағдай яғни статус-кво бұзылады. Осы себепті, биліктегі топқа оппозиция өкілінің президент болып сайлануына жол бермеу керек болды.

Биліктегі «Грузияның арманы» партиясы ресейшіл саясат жүргізбесе де, партияның негізін қалаушы бизнесмен Бидзина Иванишвилидің Ресей азаматы болғандығы және оның инвестицияларының көп бөлігінің Ресей аумағында болуы партияның астыртын түрде Ресейдің саясатын жүргізеді деген күмәнді күшейтуде. Бұл жағдайда биліктің «Біріккен ұлттық қоғалыс» партиясының үміткері Григол Вашадзеге қарсы партияның ішінен бір кандидатты шығаруы қоғамдық реакцияны тудырар еді. Сондықтан билікке ішкі және сыртқы саясаттағы теңгерімді (тепетеңдік баланс) бұзбайтын бірақ халықтың да көңілінен шығатын кандидат қажет болды. Бұл қажеттілікке Францияда туып өскен Саломе Зурабишвили дөп келді. «Грузияның арманы» партиясы сайлауға өз кандидатын ұсынбайтындығын, бірақ тәуелсіз кандидат Саломе Зурабишвилиге қолдау көрсететінін мәлімдеді.

1952 жылы дүниеге келген Саломе Зурабишвилидің әйел заты болуы және көп жылдар бойы Францияның Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеуі Грузин электораты алдында сүйкімін арттырды. Бұған қоса, оның атасы Иван Зурабишвили 1918-1921 жылдар аралығында тәуелсіз ел болған Грузияның үкіметінде жұмыс істеген және грузин ұлтының атасы саналатын Илья Чавчавадзенің досы болған. Бұл шежіре елдегі ұлтшыл топтардың назарын аударды. Саломенің алғашқы күйеуі ирандық грузин болса да, оның екінші күйеуі  Кеңестер Одағынан қашып, Францияны паналаған грузин жазушы Жанри Кашия еді. Бұл мәліметтер Зурабишвилидің ұлтшыл болмысын күшейтіп, оның Ресейге қарсы екендігіне халықты сендірді. Бұған қоса, Саломе 2004-2005 жылдары Саакашвилидің президенттігі кезінде Грузияның Сыртқы істер министрі болып жұмыс істеген және ресейлік әскери базалардың ел аумағынан кетуінде басты рөл ойнаған.

28-қазанда өткен Президенттік сайлаудың бірінші турында Саломе Зурабишвили (38,64%) мен Григол Вашадзе (37,74%) ең көп дауыс жинап, екінші турға қалған болатын. 28-қарашада өткен сайлаудың екінші турында Саломе Зурабишвили 59,52% дауыс жинап, Грузияның жаңа президенті болып сайланды. Осымен грузин «Қызғалдақ төңкерісі» көшбасшысы Михаил Саакашвилидің Грузия саясатына қайтып оралу туралы пікірталасқа нүкте қойылды.

Саломе Зурабишвилидің жеңісі елдің сыртқы саясатында елеулі өзгерістер болмайтынын көрсетеді. Грузияның ішкі және сыртқы саясатын айқындайтын биліктегі партия өз позициясын сақтап қалды. Қысқасы, елдің НАТО және Еуропалық Одақ сияқты батыстық ұйымдарға кіруге деген ұмтылысы жалғаса береді. Енді бір жағынан, Грузия өзінің сыртқы саясатын қалыптастыруда Ресейдің мүддесін ескереді. Сонымен қатар, Саломе Зурабишвили секілді тәжірибелі дипломат өз елін «Украинаға» айналдырмаудың жолдарын қарастыратын болады.

Әйел затының президент болып сайлануы Грузияның имиджіне оң әсер етеді. Зурабишвилидің жеңісі Грузиямен ұқсас экономикалық және әлеуметтік жағдайдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы халықтары үшін де маңызды болмақ. Әсіресе, шетелде туылған азаматтың, қазақша айтқанда оралманның президент болып сайлануы грузин қоғамының ұлт болып ұйысқандығын көрсетеді. Кеңес үкіметі сүргіндеп, шетел асқан тағдырлы буын ұрпағының елге оралып, ел тұтқасын ұстауы Грузияның ұлттық кодтарының нақты оянғанының белгісі десе болады.

 

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК, Анкарадағы «АНКАСАМ зерттеу орталығы» Еуразия бөлімінің басшысы, PhD доктор

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала