Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚЫТАЙДАҒЫ КЛАНАРАЛЫҚ ТАРТЫС

 

Қытай қоғамында соңғы бес жылда саяси, әлеуметтік және экономикалық тепе-теңдік күрт өзгерді. Әлемдік экономиканың қытайға оң әсер бермеуі елдегі әртүрлі әлеуметтік топтардың және бұрыннан саяси бесікте тебісіп өскен бақас кландық топ, олигарxтардың саяси бәсекеге деген  қызығушылығын арттырып жатыр. Егер клдандық жүйе арасындағы тайталас саяси биліктің жүйесіне де ықпал етерлік күрделі өзгерулерге жол ашса, онда алдағы уақытта елде жаңа саяси жүйе орнығып, оның сорабы негізінде экономикалық, әлеуметтік реформалардың жасалуы әбден мүмкін. Бұндай өзгерулер мен экономикалық реформа қытайдың мұнай мен табиғи газға деген сұранысын арттырмаса кемітпейді. Бұл үдеріс қытайдың батыс аймақтар мен орталық азияға деген саяси ұстанымы мен қызығушылығын тіпті де жоғарлата түседі деген сөз.

Қазір қытай өңірлік қауіпсіздік факторын көлденең тартып елдің бірқанша аймақтарында қорғаныс пен саяси әкімшілік басқаруды күшейтіп отыр. Елде жаңа саяси принциптерге негізделген қатаң режим орнай түсті. Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елдегі діни, мәдени қатынастарды түбегейлі тәртіпке салуға тырысуда. Әкімшілік басқару мен экономикалыұ құрылым һәм қаржы саласында қатаң қадағалау орнатқандықтан науқанның арты кланаралық топтардың бірін-бірі саяси майданда шындап тіресуіне жеткізуде. Бұл кландық жүйенің ішінде компартия басшыларының немере-шөберелері (Тайзы Данг), бұрынғы комсомолдар тобы, мұнай мен табиғи газ тобы және Шанxай тобы сынды т.б да топ, кландар белсенді саяси ойындардың отын тұтатуға сақадай сай тұр. Елдегі кландар арасындағы саяси бақталастық қытайдың алдағы болатын саяси һәм әкімшілік жүйесіне зор әсерін тигізбей қоюы мүмкін емес.

Қытай ұлтшылдарының қытай компартиясының ұлттық автономия түзу мен ұлт саясатын сынап келгенін ескерсек, келешекте қытайдың билеуші табына нақты кімдердің келетінін болжай білу аса күрделі емес. Қытайдағы ұлттық автономия мен шекаралас өңірдегі ұлт қауіпсіздігінің шамадан тыс күшейіп кетуіне қарап билікті сынаушы топтардың ұсыныстары ескеріліп жатқанын білуге болады. Батыс пен қытай және Америка қатынастарының сындарлы кезеңінде билеуші қытай компартиясына қытай ұлтшыл топтарының саяси позициясы өзгермей қоюын тұспалдау қиын. Шығыс теңіз жолдарының тараюы, теңіз кезбелігіндегі қытай мүддесінің ылғи да жеңіліс таба беруі елдегі жаңа буын ұлтшыл күштеріне тыңнан ой салды десек артық айтпаған боламыз. Олар енді Еуропа және Америкамен қырғи-қабақ болуды дұрыс көре бермейді. Алпауыттар арасындағы экономикалық шығынның салмағы әуелі қытай кәсіпорындарының мойынына түседі, қытайда мемлекеттің жан тамыры саналған нарық шаруашылығы құлдыраса саясатқа оң әсерін бермейтіні шындық. Өз нарығын сақтап қалу үшін қытайдағы жанды xалықаралық кәсіпорындар қырғи-қабақ байланыстарға тікелей билеуші компартияны сынайды. Онда қытай компартиясына деген саяси позициясы мен сенімі өзгереді.

Қорыта айтқанда, Қытайдың сыртқы қатынастардағы кейбір шалыс басқан қадамдары ішкі қытайдағы кландық жүйенің шамына тиюі бек мүмкін. Кландық жүйенің қақтығысы қытай компартиясы саясатына араласпай қоймайды. Бұның соңы билік пен ұлттық капиталдың қақтығысына апарып соғады. Қытай компартиясы елдегі ұлттық капитализмді оң ретке салмаса немесе олардың да сын-пікірін ескере отырып белгілі деңгейде саяси диалог жасай алмаса соңын болжау тым қиын. Сондықтан қытай компартиясы өз мүддесін сақтап қалу үшін елдегі кландық жүйемен бейресми мәмілеге келуі айқын. Бұл келешекте қытайдың ішкі-сыртқы саясатына тіке ықпал етеді.

 

Елдес ОРДА, Нежмиттин Ербакан университетінің магистрі /ТҮРКИЯ/

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала