Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ӨЗГЕРІС КЕЗЕҢІНДЕГІ СЫН МЕН ШЫН

Елордада «Өзгеріс кезеңіндегі сын мен шын» деген тақырыпты арқау еткен қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың «QAZFORUM 2020» жиыны болып өтті. Танымал медиа сарапшылар, медиа менеджерлер, журналистер, бас редакторлар, блогерлер мен влогерлер бас қосатын медиа форум осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі шараға биыл Қазақстанның барлық аймағынан 200-ден астам маман қатысты. Осы жолғы форумның бір ерекшелігі — шараның жалғасы ретінде еліміздің үш аймағында тренингтер ұйымдастырылады. Тақырыпты жергілікті журналистердің өздері таңдайды.  

Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігі құрылтайшысы болып саналатын ауқымды медиа шараны
Қазақстан Баспасөз клубы ұйымдастырып келеді. Сондықтан  форумды Қазақстан Республикасындағы Америка Кұрама Штаттарының Төтенше әрі Өкілетті елшісі Уильям Мозер мен Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев құттықтау сөз сөйлеп ашты. Уильям Мозер «Қазақта «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады» деген мақал бар. QAZFORUM осы көрініске сай - маңызды тенденцияларды ескертуді, жаңа кәсіптік білімінің көкжиектерін зерттеуді, алдағы сыңақтар мен мүмкіндіктерге дайын болуды басшылыққа алатынына сенімдімін», -деді.
Төрт жыл ішінде «QazForum» сарапшылар мен сала мамандары бас қосып, қазақ тілді онлайн медианың дамыту мәселелері мен қазақ журналистикасының өзекті мәселелерін талқылайтын бірегей алаңға айналды. Төрт жылдың ішінде шараға 600-ден астам адам қатысты. Спикерлер мен қатысушылар контентті дамыту және монетизация, цифрлық дәуірдегі медиа-трансформация және қазақстандық медиа кеңістіктің басқа да маңызды проблемаларына тоқталды. Басты пленарлық пікірталас «қазақ қоғамына қандай медиа қажет?» деген тақырыпта өтті. Саясаттанушы Айдос САРЫМ,  nege.kz сайтының бас редакторы Ерік РАХЫМ, саясаттанушы Самат Нұртаза, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхаммед Байғара мен  Tarlan.kz бас редакторы Нұрғали НҰРТАЙ спикер болды.

    

БҰҚАРА АРЗАН ШОУ МЕН ЖЕҢІЛ ӘҢГІМЕГЕ ТОЙДЫ

«QAZFORUM 2020»-ның екінші сессиясы «Digital дәуірдегі біздің медиа» деген тақырыппен өтті. Саясаттанушы Айдос Сарымның модераторлығымен өткен сессияға спикерлер ретінде «Internews Kazakhstan»-ның аймақтық медиа кеңесші Асхат Еркімбай, «Отырар» медиахолдингінің директоры Айгерім Жұмағұлова, «Media Holding «Atameken Business» ЖШС бас директоры Қанат Сахария мен «ULYS» диджитал журналының бас редакторы Ержан Қалымбайұлы қатысып, «жаңа он жылдықта табысты болу үшін медиа нарығының қазақ тілді сегментінде нені өзгерту қажет?» деген сауалды талқылап, монетизация мәселесін қозғады. Өз кезегінде   Асхат Еркімбай сессия барысында Орталық Азия елдеріндегі медиа тұтыну және медиасауат бойынша әлеуметтік зерттеу нәтижелерін таныстырды. Оның сөзінше, Internews Kazakhstan ұйымының Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанда жүргізген зерттеуі бойынша, Орта Азия елдері үшін теледидар әлі күнге дейін басты ақпарат құралы болып келеді. Алайда, Қазақстанда әрбір екінші адам ақпаратты интернеттен алады, яғни 52,8%-і қажет ақпаратын интернеттен табады екен. Сонымен қатар, аймақ тұтынушылары айына онлайн контент үшін 2-3 мың тенге төлеуге дайын. Ал Қазақстанның өңірлерінде өткізілген сараптама қорытындысына қарағанда, онлайнда тек кана қазақша ақпарат тұтынатын аудитория – 10 %, билингуалды аудитория – 32,1% құрайды екен. Ал Қазақстанда БАҚ ретінде тіркелген 540 онлайн-ресурстың 468-і қазақ тілінде ақпарат ақпарат таратады екен.

 

БАҚ-ТАҒЫ КОНТЕНТТІҢ 72% ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҰСЫНЫЛАДЫ

«ULYS» диджитал журналының бас редакторы Ержан Қалымбайұлы—онлайн мәгәзин, диджитал мәгәзин деп аталатын  жаңа медианың жаға түрін таныстырып, мультимедиялық журналдың болашағы мен монетизация туралы айтты. «Монетизация әлі де қиындау. Жарнама сегменттері, салалары енді қалыптасып келеді деп ойлаймын. Оған салалық журналистиканың кешеуілдеп дамуы да бір себеп. Сондықтан қазақтілді медианы қолдау қоры құру керек деп ойлаймын. Жыл сайын медиа саласындағы стартаптар арасында бәйге жариялап отырса, жаңадан ашылған сайттарға қолдау көрсетсе. Смета жасауды үйретсе. Жас медиаменджерлерді оқытса, жарнама берушілермен байланыс орнатып берсе. Әлі де болсын әлеуті ашылмай жатқан қазақ жарнама нарығына қан жүгірер еді»,-деді. Оның ойынша, ұлттың мінез-құлықты жақсы білетін таза қазақтілді нарыққа жұмыс істейтін жарнама агенттіктері көбеюі керек. Бәлкім жарнама қауымдастығы құрылуы керек шығар.

Бұл сессиядан түйгеніміз: өзгелер санассын, санаспасын, кәсіпкерлер мен компаниялар білсін, білмесін қазақ тілді аудитория артып келеді. Орыстілді медиаға бөлінген қомақты қаржының қайтарымы бола ма, жоқ па деген мәселе ақылды кәсіпкерлерді ойландыратын мезгіл жетті. Мысалы,  «QazForum»-ның статистика комитетінің 2017-2019 жылғы мәліметтері бойынша дайындаған қызықты дерегі: БАҚ-тағы контенттің 72%-ы қазақ тілінде ұсынылады екен. Студенттердің 63%-ы қазақ тілінде оқиды;
үш облыстағы (Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары) тұрғындардың 90%-ы — қазақтар.

Интернеттің игілігін соңғы жылдары жаңа технологиялардың пайдалануы арқасында халықтың медиа тұтынуы да күрт өсті.  Тағы бір ескеретін дүние: олар саннан сапаға көше бастады. Мәселен, ойын-сауық, көңіл көтеру бағдарламалары мен арзан шоу, өсек пен төсектің айналасына негізделген мәнсіз дүниелерге тойып болды. Енді қазақ аудиториясының бір бөлігінде тұтыну мәдениеті қалыптасып, табысты, ақылды, көшбасшы, кәсіпкер болу сәнге айналып келеді. Сондықтан жекелеген салалар бойынша саясат, экономика, тұлғалық даму кәсіпкерлікке қатысты контенттер сұранысқа ие. Тіпті, олардың сұранысына қазақ медиасы жауап бере алмай отыр.    

 

ҚАЗАҚ МЕДИАСЫНА «СПОНСОРШИП» ПЕН  «ДОНЕЙШН» ТӘСІЛІ КЕРЕК

Кезінде Чешенсатнның шешен тілінде шығатын «Даймохк» (Отан) деген газетін қолдау үшін әр отбасы бес-алты газетке жазылған деп бір ағамыз айтып отыратын. Оны неге айтып отырмын? 

Қазір өздері жетпеген жерлерге сөзін жеткізіп отырған елдер бар. Геосаясатта өзге елдерді ақпараттық ресурстар арқылы басқару я ықпал ету сәнге айналды. Әскери, экономикалық ресурстардан гөрі әлдеқайда тиімді. Онлайн медиалар белсенді акторға айналды. Сондықтан виртаулды коммуникацияны мемлекет қалай болған да да ерекше қолдауы керек. Ұлттық буржуазия бар болса, олар да қолдау керек, барлық тұтынушылар қолдау керек. Нарық талабы деп қарап отырған жарамайды. Мәселен, АҚШ-та нағыз нарық бар. Бірақ, медиа саласында «спонсоршип» демеушілік пен «донейшн» дейді қайырымдылық деген дұрыс шығар жақсы дамыған екен. Қалталы азаматтар жергілікті медиаларға жыл сайын қолдау көрсетіп, қаржы аударып тұрады екен. Техастың қоғамдық радиосында болдық. Қайырымдылық жасап, ақша аударғандар аттарын айтпайды. Оларға «мың доллар аударғаны үшін сұр мысықтың иесіне рақмет, жеті мың үшін көк прадоның иесіне рақмет, бес мың аударғаны үшін ұзын тұра көк көзге рақмет» деген сияқты алғыс білдіріледі. Біздің медиалар мемлекеттік тапсырыс пен жарнамамен немесе белгілі бір топтардың қаржыландыруымен шығып келеді. Сондықтан осындай тәсілдерді қолдануымыз керек. Себебі, кезінде қазақ қалталылары мен меценаттары «Алаш Орда» үкіметін ғана емес, тіпті «Қазақ» газетінің дамуына теңдессіз үлес қосты. «Абай» журналының ашылуына да меценаттар қаржы бөлді. Сондықтан қазір егер қазақ буржуазиясы қалыптасса, ашықтан-ашық осылай қазақ медиасын қолдау керек. Бұл ұлттық, медиакеңістіктің өз аумағында толық тәуелсіздік орнатып, салтанат құруы үшін қажет. Бұл әрбірден соң тілімізді, ділімізді, елдігімізді сақтап қалудың төте жолы.

         Бізде әсіресе, қазақ тілді сайттардың ашылуынан жабылуы тез болып жатады. Стартаптарды, жаңа ашылған медиаларды мемлекет тарапынан қолдау жоқтың қасы. Осы жағын ескеру керек. Осы жерде Францияда мемлекет ақпарат құралдарын біздегідей қолдайтыны ойға оралады. Соның ішінде заманға сай, озық технологияларға негізделіп шыққан онлайн жобаларға алғашқы күннен басымдық беріп, ерекше қолдайды.

 

YOUTUBE БОЛАШАҚТЫҢ АРНАСЫ МА?!

«QAZFORUM 2020» үшінші сессиясы «YOUTUBE ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ТРЕНДТЕРІ» деп аталды. Халықаралық трендтер мен YouTube бейнеплатформасының ары қарай дамуы туралы дискуссия өтті. «YouTube платформасындағы қазақ тілді сегмент, контентті ақшаға айналдырып, одан табыс алу қолдан келді ме?» деген сұрақ талқыланды. Танымал блогер Өркен Кенжебек модераторлық еткен пікіралмасуға  Salem Social Media» бас директоры Александр Аксютиц, «Atameken TV» интернет-редакциясының бас редакторы Жанасыл Болатбек, YouTube-блогинг академиясының негізін қалаушы, YouTube платформасының ресми серіктесі
Сұңғат Өтеболатов, Anima Book YouTube арнасының авторы Игорь Краус пен «ZTB media» бас директоры Әлішер Базарханов өз ойларын ортаға салды.   Сонымен қатар, форумға қатысушылар Youtube блогтар академиясының негізін қалаушы, видео хостингтің ресми серіктесі Сұңқар Өтеболатов пен "Zertteu" ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары Ғалымжан Оразымбет пен Шыңғыс Уәлиханның семинарларына қатысуға мүмкіндік алды.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін қатысушылар кешті бейресми жағдайда жалғастырды.

 

 

Суреттер мен біраз мәлімет «QAZFORUM 2020»-ның фейсбуктегі ресми парақшасынан алынды.

 

#ulys  #digital  #magazine  #qazforum  #qazforum2020

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала