Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚОРДАЙДАҒЫ ЖАНЖАЛДА 8 АДАМ КӨЗ ЖҰМҒАН

Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жанжалға қатысты арнай баспасөз мәслихатын өткізді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, оқиғаның оты кеше кешке тұтанған. Кешкі сағат жетіде Жамбыл облысы Полиция департаментінің кезекші бөліміне «Қордай ауданы Масаншы ауылында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр» деген хабарлама түскен. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін оқиға орнына бірден полиция қызметкерлері жөнелтіледі. Алайда, оқиға орнында жүргендер төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге  таратқан. Оны көріп, басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат клепі, төбелес ұлғайған. Екі жақ бір-бірін таяқпен ұрып, тас лақтырып, тіпті қару қолданды. Аяусыздықпен жалғасқан төбелес соңында 8 адам көз жұмып, 40-тан астам адам жарақат алған. Жанжал барысында алдын ала мәлімет бойынша 30 жекеменшік үй, 15 сауда нысаны өртеліп, 23 көлік қиратылған. «Қазіргі уақытта 47 адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Олардан екі аңшы қаруы тәркіленді. ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы (Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және соған қатысу) және 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық тәртіпті бұзғандардың бәрі де заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына ішкі істер органдарының қосымша күштері жіберілді. Қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында оқиға орнында қазіргі уақытта полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылды. Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің орынбасары мен Бас прокурордың орынбасары сол жерге барды. Жедел тергеу тобы құрылып, адам өлімі, бұзақылық фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі күні жағдай тұрақты», - деді Ерлан Тұрғымбаев.  

Ал өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Журналистерді Қордай ауданында болған қайғылы жағдай жөнінде ақпарат бергенде объективті болуға шақырамын. Азаматтарды алаңдататын, елді шулататын мәлімет бермеуді сұраймын. Байқасаңыздар, мына жанжал ең басында тек бір ауыл деңгейінде болған. Алайда уатсап, телеграм секілді мессенджерлер мәселені қоздырған, жағдайды ушықтырған. Нәтижесін көріп отырсыздар. Бірнеше адам қаза тауып, жарақат алды. Әрбір таратқан ақпаратқа жауап барын ұмытпауларыңыз керек. Бұл да айтылған сөз сияқты – қайтара алмайсыз. Сондықтан аудио-видеоны таратқан кезде абай болыңыздар. Сіз таратқан ақпараттан кінәсіз біреудің зардап шекпеуін ойлау қажет. Осы тұста тек журналистерге ғана емес, еліміздің әрбір азаматына ескерткім келеді. Біз «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген Абайдың еліміз ғой, ағайын. Асығыс шешім қабылдамайық. Сабыр сақтайық. Бұл жанжалды бастағандар ешқайда қашып құтыла алмайды. Қазір интернетке, барлық әлеуметтік желіге, мессенджерге мониторинг жасалуда. Ол жерде видео-аудиохабарлар – барлығы қадағаланады. Қазірдің өзінде бірнеше қолданушылар анықталып отыр. Олар ұлтаралық араздықты қоздыратын хабарлар таратып, дезинформация тудырған. Ол мәліметтер құқық қорғау органдарына беріледі. Бұл жанжанды бастағандар да, оған қоса барлық провокаторлар да жауапқа тартылады. Комиссия қазір Қордай ауданына бара жатыр. Барлық жағдайды комиссия хабарлайды. Біз қазір ҚХА өкілдерін, жергілікті ақсақалдарды, қоғам қайраткерлерін, имамдарды тарта отырып, халықты сабырға шақырамыз. Қазір елді дүрліктіретіндей негіз жоқ. Жағдай бақылауда», - деді Дәурен Әскербекұлы. Сонымен қатар, бүгін Алматыдағы барахолка базарында санитарлық күн деп жариялануының аталған оқиғамен байланысы бар, жоғын сұраған журналистерге Ақпарат және қоғамдық даму министрі "Сіздер түсінулеріңіз керек. Себебі, соның ішінде барахолка базарында қақтығыс жасауға үндеу жасалған. Осыған сәйкес сақтық шаралары күшейтілді", - деді.

Ал Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев болса,  «Қордайдағы оқиға бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылады. Істің барысы Бас прокурордың назарында. Қылмыстық қудалау органдары кінәлілерді тауып, оларды жауапкершілікке тарту үшін барлық шараны жүзеге асырады. Зардап шеккендерде қажетті құқықтық көмек беріледі. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп сақтау шараларын қамтамасыз етіп отыр. Жеке адамдар болған оқиғаны бұрмалап, жалған ақпарат таратып жатыр. Осыған байланысты қоғамдық тәртіпті сақтап, ескерту үшін бүкіл елге - Қазақстанның Конституциясы ұлтаралық келісімді бұзарлық кез келген әрекетті тыйым салатынын жеткізгіміз келеді. Конституцияның аталған талабын орындамаудың салдары ұлтаралық араздықты туғызу, жаппай тәртіпсіздікке ұйымдастыру, жалған ақпарат тарату істері бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Халықты сабыр сақтауға, провокацияға берілмей, шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратпауға шақырамыз. Тергеу амалдарына қатысты барлық ақпарат Ішкі істер министрлігі  мен Бас прокуратураға жолданып отырады. Осы ведомстволардың интернет-сайттарында жарияланады, Ал құқық қорғау органдары кез келген тәртіп бұзушылықтың жолын кесіп, оларға жол бермеудің барлық амалын қарастырады», — деді. 

photo:ortcom.kz

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала