Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ІНЖУ-МАРЖАН ҚУАНБАЙ: АДАМИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ БІЛІМНЕН ДЕ ЖОҒАРЫ ҚОЯМЫЗ

ulys.kz:Соңғы кездері жасыратыны жоқ меншік мектептер көптеп ашылып жатыр. Сіздердің «Intellect» Primary School бастауыш мектептеріңіз білім нарығында несімен ерекшеленеді? Көп мектептердің бірі болып қалмай ма? Қалай аштыңыздар?

І.ҚУАНБАЙ: — Дұрыс айтасыз, ашылып жатқан мектеп көп. Бұл нарықтың сұранысына солай болып жатқан дүние десек қателеспейміз. Бір жағы, мектептерде бала саны белгіленген мөлшерден асып кетіп отырғандықтан, үкімет жеке-меншік мектептердің ашылуына рұқсат берді. Біз де сол мүмкіндікті пайдалана отырып, жасөспірім ұрпақтың болашағын назарымызға алдық. Өйткені білім саласында, бала тәрбиесінде  жылдар бойы жинаған тәжірибеміз де жетерлік. Соның ішінде бастауыш мектеп мұғалімі болып 28 жыл қызмет жасадық. Бұл дегеніңіз үлкен тәжірибе деп ойлаймын. Әр істі бастамас бұрын өмірдегі сол саладағы тәжірибеңіз болмаса білім нарығына шыдас беру оңай болмайды. Сондықтан мол тәжірибе сенімнің қайнар көзіне айналды. Бүгінгі заман талабы білім нарығын қалыптастырды. Күннен-күнге жасөспірім санының өсуі қуантады, бірақ  білім беру қиындықтары туындап білім нарығын шыңдауға алып келді. Сондықтан біздің мектептің ерекшелігі бастауыш мектептегі ең маңызды деген үш пәнді тереңдетіп оқытады. Ол қазақ тілі, математика және ағылшын тілі. Сонымен қатар, адами  құндылықты білімнен де жоғары қою - біздің басты мақсатымыз. «Білім, білім» деп жүктемені көбіне балаға береміз деп қазіргі таңда құндылықтарымызды жоғалтып, олардың рухани таным-тамырынан айырып, роботқа айналдырып бара жатқанымызды мойындағанымыз абзал. Сондықтан біз көп мектептің бірі боламыз деп емес, солардың ірісі боламыз деп, елге-жерге махаббаты күшті, қайырымы қуатты ұрпақ тәрбиелеуге қажырымызды саламыз. Ұстанымымыз — сапалы білім, текті тәрбие арқылы саналы ұрпақ дайындау. Ал мектепті ашу мәселесіне келер болсақ, бұл менің көптен бергі арманым еді. Бұл ойымды білетін отағасы бірде арманымды жүзеге асыруға көмектесетінін айтты. Басты мақсат табыс табу емес, білімді, білікті, тәрбиелі ұрпақ жеткізу. Алдымен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы 2020» жобасының шапағаты тиді. Кәсіпкерлік біліміміз өз мақсатымызды жүзеге асыруға деген сенімімізді күшейтті. Кейін мектепті ашу үшін кәсіпкер отағасы Елтай мырза қаржылай қолдау көрсетті. Ол кісінің «Таншолпан» атты жеке шаруашылық серіктестігі бар.

ulys.kz:Түсінікті. Ал енді  кез келген жобаның қозғаушы күші — мықты кадрлар. Мұғалімдеріңіз туралы білгіміз келеді...

І.ҚУАНБАЙ:— Дұрыс айтасыз. Мектептің жүрегі – мұғалім. Мектеп ғимараты керемет, барлық жағдай жасалсын делік, бірақ мұғалім баланың жан-дүниесін түсінбесе, көзқарасын бағаламаса, онымен сырласа алмаса, ой бөлісе алмаса сіздің үйіп-төгіп  берген теорияңыз ауада ұшады да кетеді. Мен үшін мұғалім-ана, мұғалім тіпті — ұстаз, баланың жан-дүниесін қалтқысыз түсінетін психолог болу керек. Біздің мұғалімдер жөнінде айтар болсақ, ұстаздар халықаралық бағдарлама жүйесін меңгерген, жекеменшік оқу орындарында және Назарбаев Зияткерлік мектептерінде кемінде 10 жыл еңбек еткен, жалпы педагогикалық шеберліктері әбден шыңдалған, 25-30 жыл тәжірибе жинақтаған шығармашыл, жан-жақты, креативті, дәстүрлі және жаңа педагогика саласын өз бойына сіңірген  тәжірибелі ұстаздар. Сонымен қатар, біздің қатарымызда заманауи технологияның тілін жетік білетін жас әріптестеріміз де  бар. Мектеп таңдар алдында көп ата-аналар мектептің ішкі және сыртқы жағдайына, атағына, орналасуына, асай-мүсейіне көбірек мән береді. Ал шын мәнінде ұстазды таңдағаны абзал. Себебі, «ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деген халық тәмсілі тегін айтылмаған ғой. Оқытушы демекші, бұрын біз балаларына білім берген көптеген ата-аналарымыз қала шетінде орналасқанымызға қарамастан, біздің мектептегі ұстаздарын іздеп келіп оқып жатқаны бізді қуантады.

ulys.kz: Қазір әсіресе, бастауыш мектептерде оқу өте қиын деп жатады. Бағдарламасы ауыр, әр баламен жеке жұмыс істеу, мінез-құлқына сай бағдарлама әзірлеу жетіспейді. Сіздер бұл тұрғыда қандай әдіс-тәсілдерге сүйенесіздер, шетелдің озық тәжірибелерін қолданасыздар ма?

І.ҚУАНБАЙ:— Осыдан 6-7 жыл бұрын бастауыш мектептің бағдарламасын жасауға біз де ат салысқанбыз. Заман талабы бағдарламаны түрлі бағытта талап етеді. Қазіргі бастауыш мектептегі ата-ананың көп пайызын жастар құрайды. Жастардың көзқарасы, талабы, пікірі өзгеше. Сондықтан заман тоқтап тұрмайды, сол себепті бағдарламаны өзгерту де оңай емес. Ал меңгерту тіптен қиын. Ол үшін мемлекетте мұғалім тағдырына үлкен мән беру керек. Мұғалім алдына үйіп төгіп оқушыны отырғызу емес, оған жағдай жасалу керектігі есте болғаны дұрсы. Оқытушыға әр балаға сапалы білім, құнды тәрбие беру үшін алаңсыз жұмыс жасайтын мүмкіндік қажет. Жауапкершілікті тек ұстаздарға ғана артпай, мәселені үш жақты қарастырған жөн. Ол бірінші кезекте мемлекет, екінші, ата-ана, үшінші, мектеп ұжымы. Біздің  мектеп те мемлекеттік білім беру стандартына бағынады. Бірақ, біз қиындық туғызу мақсатында емес, оқушыға білімді меңгертудің тиімді, қызықты әрі жеңіл түсіндіру әдіс-тәсілдерін қолданамыз. Оқулықтағы бір сағатқа берілген бүкіл тапсырманы орындау міндетті емес, ең бастысы— сабақ соңында нақты нәтижеге қол жеткізу. Шетелден үйреніп, оқып, көрген-білгенімізді өз тәжірибемізде әрине қолданамыз. Олардың да өзіндік озық бастамалары мен білім беруде үлгі боларлық тәжірибелері бар. Олардың бәрін алмасақ та, ең жақсы деген озығын алып, ұлттық тәрбие және болмыс-бітіммен ұштастырамыз. Сонымен қатар, «Оқу мен жазу арқылы Сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасымен де жұмыс жасаймыз. Бұл жобаның философиясы — әр баланы жеке тұлға ретінде қабылдап, оның ойымен санасып, көзқарасын өз ортасында еркін айтуға баулу. Оқушы мектепте алған академиялық білімдерін, күнделікті өмірде қолдана білетіндей болуы керек. Бағдарламаны меңгерту барысында STEAM бағытын да қолданамыз. Бұл бағытты таңдаған себебіміз, бірнеше пән яғни STEAM ( ғылым, технология, инженерия, арт, математика) бағыты оқушылардың қызығушылығын арттыратындығын тәжірибеде байқадық.  Әсіресе, бастауыш мектеп оқушыларының жас ерекшелігін ескерсек бұл бағыт, әдіс-тәсіл жолдары  өте маңызды. Оқушылар  шығармашыл, креативті іс-әрекет арқылы білімді меңгереді. Бізге де Финляндия мектептеріндегі сияқты балаға оқушы емес, жеке тұлға ретінде қарайтын уақыт жетті. Біз де осы негізді  бағытқа алып жұмыс істейміз. Алдымызда отырған оқушыны дос ретінде қабылдаймыз. Қазір оқушыларымыз еркін, барлық мұғалімдермен ашық сөйлесе береді. Оқушылардың мұғалімге деген сенімін арттырамыз. Мұғалімнің басты мақсаты да —  Бала оқушы өз пікірі мен ойын айтқан кезде мұқият тыңдай білу. Бізде әкімшілік аумақ, кедергі жоқ. Балалар оқытушылардың кабинетіне кез келген уақытта емен-еркін кіріп-шығып жүре береді. Қоңырау, серуендеу кезінде де бірге ойнаймыз.

ulys.kz:  Балалар таңертеннен кешке дейін осында жүреді екен. Яғни тұтас күні осында өтеді. Бір сөзбен бала тек білім ғана алып шықпайды, тәрбиеде алып шығуы тиіс. Сондықтан тек сапалы білім ғана беріп қоймай, саналы тәрбие көрген азаматтар дайындау үшін қандай жұмыстар жасайсыздар?

І.ҚУАНБАЙ:— Жоғарыда атап өткенімдей, «тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фараби бабамыз. Білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс. Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады. Үйдегі берілген тәрбиені біз мектепте нығайтуға тырысамыз. Тәрбие бір-бірімізге деген қарым-қатынастан басталады. Ол таңертең бала мектепке кіргеннен-ақ басталады. Балаларды құшақ жая, жарқын көңіл-күймен  қарсы аламыз, ойын тыңдаймыз, әңгімелесеміз, бірге ойнаймыз. Ата-ана мен мұғалім бірлесіп жұмыс жасағанда ғана бала бойына ізгі қасиеттерді сіңіре алады. Ендеше, ұлт болашағын тәрбиелеуде еш қателеспей, өз үлесімізді қосқымыз келеді.

ulys.kz:  Көп мектептер ағылшыншаға басымдық береді, орысша оқытады, қазақ тіліне тек шартты түрде ғана қарайтыны жасырын емес. Көпшілігі ағылшын тіліне жетік жаһандық азамат дайындауға тырысады. Сіздер әрбір баланың ана тіліне мән беріп, ұлттық тәрбиеден де қалыс қалмауы үшін не істейсіздер?

І.ҚУАНБАЙ:— Жас бүлдіршіндердің тыңдау арқылы есте сақтау қабілеті жоғары дамыған. Ортамыз және интернет желісіндегі балаларға арналған қызықты бағдарламалар да орыс тілінде болғандықтан балаға орыс тілінде сөйлеу оңайға соғады. Ал ағылшын тіліне жетік жаһандық азамат дайындау – заман талабы. Өйткені қазіргі буын жас ата-аналармен жасақталып отыр. Ал жас ата-аналардың көзқарасы мүлдем басқаша. Дегенмен де біздің мақсатымыз өз ана тілімізді орыс және қазақ сыныптарында пән ретін оқыту. Біздің ұжымдағы қызметкерлердің барлығы ана тіліне жетік. Үзіліс кезінде, асханада, серуен уақытында да біз балалармен өз тілімізде сөйлесеміз. Ең басты мақсатымыздың бірі де — ана тілімізді дәріптеу. Орыс сыныбында оқуға ниеттеніп келген оқушылардың ата-анасын «балаңыз қазақ сыныбына барсын» деген үгіт- насихатты көбірек айтамыз. Бұл да біздің тілге деген жан ашырлығымыз. Бізді толғандыратыны — соңғы кезде ата-аналар балаларын орыс сыныбына көбірек бере бастауы. Бұл мәселені тереңірек зерттеген абзал деп ойлаймын. Ал жалпы қазақ сыныбында оқыған баланың адамгершілік құндылығы жоғары болады әрі ол бала қазақ тіліне де, орыс тіліне де, ағылшын тіліне де жетік, сауатты болатынын айтқан абзал. 

ulys.kz:Әр бала үшін бастауыш мектеп өте маңызды. Білімнің іргетасы осы жерде қаланып, өмірге, қоршаған ортаға, қоғамға деген көзқарастың алғашқы дәнеге осы жерде егіледі. «Intellect» бастауыш мектебі балалардың бойына қандай құндылықтар сіңіреді?

І.ҚУАНБАЙ:— Дұрыс айтасыз, білім негізін бастауыш мектептен бастап қалауымыз керек. Мектептің аты да айтып тұрғандай, интеллектісі жоғары тұлға дайындау біздің басты міндетіміз. Бала бақытты, көңіл-күйі жақсы болған сайын білімді, ақылды болады. Кез келген ақпаратты тез қабылдайды. Біздің мектеп бақытты балалар ортасын құруға арналған. Ойнап жүріп тәрбиені де, білімді де бойына сіңіреді. Қамқоршыл, жанашыр, кішіпейілділік, мейірімділік, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет  көрсету қасиеттер дәнегін әр баланың бойына егу біздің алға қойған мақсаттарымыз. 

ulys.kz: — Білім ордаларыңыз құтты болсын, білімді де тәрбиелі ұрпақ даярлай беріңіздер!

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала