Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

«BOLASHAQ TALKS» ЖОБАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Халықаралық бағдарламалар орталығының ұйымдастыруымен «Bolashaq Talks» Pikirtalas alańy» жобасының тұңғыш кездесуі өтті.


Халықаралық бағдарламалар орталығының таратқан мәліметіне қарағанда, шараға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, «Білім қоры» АҚ Басқарма төрағасы Арын Өрсариев, Назарбаев университетінің вице-президенті Қадиша Даирова, Назарбаев университеті Жоғары білім мектебінің деканы Аида Сағынтаева және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры Марта Әбдіқалықова қатысқан.


Жас ғалымдар альянсы және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесімен бірлесе өткізілген пікірталас клубының алғашқы кездесуі «Жас ғалымдарды жұмыспен қамту мәселелері» тақырыбына арналды.
Талқылау клубының ашылуында сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов тұңғыш рет қолға алынып отырған мұндай пікірталас алаңының «Болашақ» түлектері үшін өте маңызды екенін жеткізді. Ол бүгінгі болашақтықтардың ел өміріне сіңіріп жатқан еңбегі, отандық ғылым-білімді дамытудағы үлесі жайында атап өтті.
​Панелдік және пленарлық талқылаулар жас ғалымдарды жұмыспен қамту, оның ішінде медицина мамандарын еңбекке баулу және Қазақстандағы хирургиялық вертебрология жағдайына қатысты тақырыптарға арналды.


Пленарлық талқылау барысында Жас ғалымдар альянсының төрағасы Әсия Ермұхамбетова жас ғалымдарды жұмыспен қамтудағы мәселелерге тоқталды. Оларға қодау көрсету, қаржылай сүйемелдеу және зертханаларды техникалық жабдықтау сияқты нақты ұсыныстарын алға тартты. Жас ғалымдар тарапынан жүргізілген зерттеулердің тиімділігін қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс берушілердің сараптамасын жүзеге асыру қажеттігі ұсынылды.
Панелдік талқылау кезегінде еліміз бойынша арқа омыртқасы хирургиясында тапшы маманның бірі, ортопед-травматолог, вертебролог (балалар және ересектер), PhD докторы Нұрбек Нәдіров Қазақстандағы вертебрологияның қазіргі жай-күйіне тоқталды. Ол бүгінгі балалар арасында сколиоз белгілері бойынша жағымсыз көрсеткіштер қалыптасып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Нұрбек Нәдіров елімізде «Омыртқа жарақаты орталығын» құру туралы арманымен бөлісті.

Аталған мәселелер бойынша өздерінің таныстырылымын ұсынған «Болашақ» түлектері министрлік өкілдерінен нақты жауаптар алды. Және айтылған ұсыныстарға қатысты да оларды шешудің нақты тетіктері қарастырылатын болады.
​Жиналғандар болашақтықтар мен билік өкілдерін бетпе-бет қауыштырып, пайдалы сұқбат қалыптастыруда «Bolashaq Talks» пікірталас алаңының берері мол екенін айтты. Келесі «Bolashaq Talks» басқосуы ағымдағы жылдың ақпан айында өткізілмекші.

Суреттер халықаралық бағдарламалар орталығының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды. 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала