Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше мәртебеге ие болды. Университетіміздің ректоры Болатбек Абдрасилов университет ұжымына жағымды жаңалықты жеткізіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше мәртебе беру туралы Жарлығымен таныстырған.

http://ayu.edu.kz/wp-content/uploads/2020/01/0c3a1838-300x277.jpg 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры БОЛАТБЕК АБДРАСИЛОВ:

Екі мемлекеттің шешімімен құрылған оқу ордамыз киелі Түркістанда ашылуының өзі тарихи орны бар. Біздің университет негізін Ясауи ілімдерінен алатын, сол кездегі медреселердің жалғасы деп қарасақ та болатын сияқты. Университетіміз Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен ашылды, еліміздің Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен ерекше статусқа ие болып отырмыз. Мемлекет тарапынан биылғы білім мен ғылымның дамуына қолдау көрсетілуде. Университетіміздің алдына қойған міндеттер мен жоспарларды жүзеге асыруда берілген тапсырмаларды уақытында сапалы орындауымыз керек.

http://ayu.edu.kz/wp-content/uploads/2020/01/0c3a1701-300x265.jpg 

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің I вице-президенті ЖЕНГИЗ ТОМАР:

-Бүгін біздің университетіміз үшін өте маңызды күн. Біздің университетіміз ерекше мәртебеге ие болып отыр. Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің атынан Түркі дүниесінің ақсақалы Н.Назарбаевтың қолдауына және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа алғыс білдіреміз. Университеттің ерекше мәртебесі бізге академиялық және басқарушылық дербестік бере отырып, диссертациялық кеңес ашып, Ph.D. докторанттарын өзімізде қорғатуға дәрежесін тағайындауға, білім беру стандарттарын, бағдарламаларының мазмұнын анықтауға көп мүмкіндік жасайды. А.Ясауи бабамыздың кесенесінің жанында түркі әлемінің рухани астанасында қызмет етіп жатқанымызға қуаныштымыз.

Бүгінгі күні әлемнің бірде-бір мегаполисі бірегей мазмұнмен толтырылған және сұранысқа сай кәсіби мамандар даярлауды дамытудың бағыттарын анықтайтын ғылыми және білім беру мекемесі болмаса, экономикалық орталық бола алмайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге, яғни, білім беру сапасын арттыруға, оның халықаралық стандарттарға сай болуына, ғылым мен білімнің интеграциясына баса назар аударып отыр. Бұл, әсіресе, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы болу және Түркістан облысының білім беру — ғылыми хабы ретінде даму міндеттері тұрған Түркістан қаласы үшін өте маңызды.http://ayu.edu.kz/wp-content/uploads/2020/01/0c3a1855-1.jpg
Университетіміздің ерекше мәртебе алғанына ұжымның, ардагер ұстаздар атынан алғыс білдіріп, құттықтау сөзін алған университет ардагерлер кеңесінің төрағасы Балғабай Накипов:

— Бүгін университетімізде үлкен қуанышты күн. Олай дейтінім, Мемлекет басшысының Жарлығымен оқу ордамыз ерекше мәртебеге ие болды. Бұл біздің көптен күткен жаңалығымыз болатын. Міне, осы ерекше мәртебеге Болатбек Серікбайұлының басшылығымен жетіп отырмыз. Алғаш келген кезде алдыңғы қатарлы оқу орындарының қатарына көтеріліміз деген сөзін іспен дәлелдеп отыр. Сізге, ардагер- ұстаздарымыздың атынан алғысымды білдіремін. Университетте 186 ардагер-ұстаз бар, оның 83-і қызметін жалғастырып келе жатыр. Олардың барлығы дерлік ғылыми дәрежелі ұстаздар. Ардагер-ұстаздар университеттің өркендеуіне қызмет ете береміз. Ұжымның ынтымағы артып, бірлігі нығая берсін. Бүгінгі күннің қуанышы құтты болсын! — деп тілегін жеткізді

.http://ayu.edu.kz/wp-content/uploads/2020/01/0c3a1869.jpg
Университеттің ерекше мәртебесі оған үлкен академиялық және басқарушылық дербестік бере отырып, Ph.D. философия докторы мен сала бойынша доктор дәрежесін тағайындауға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және жеке үлгідегі дипломдарды беруге мүмкіндік жасайды. Білім беру грантының құны да артатын болады. Бұл профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл шаралардың барлығы университетке ғылыми және педагогикалық кадрларды тартуға, осы аймақтың дамуына серпін беріп, оның алдына қойылған мақсаттарға жетуге ықпал ететін болады.

Университет 1992 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның ежелгі қаласы Түркістанда құрылды, бүгінде Қазақстандағы  бірегей халықаралық университет болып табылады. Университет халықаралық корпоративтік басқарудың бірегей жүйесіне — Үкіметаралық Өкілетті кеңеске, Сенатқа және Басқарушы кеңеске ие. Білім беру қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
 

Суреттер мен ақпараттар http://ayu.edu.kz сайтынан алынды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала