Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ИРАН МЕН АҚШ СОҒЫСА МА?!

Иран мен АҚШ арасындағы кикілжің күн өткен сайын шиеленісіп барады. Осы орайда Қазақстанның ең белді деген шығыстанушылары мен халықаралық сарапшыларының пікірін беріп отырмыз. Екі елдің арасындағы тектіресті түсінуге таптырмайтын құнды ақпараттар.    

 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,  Шығыстанушы:

  

Американ-парсы шиеленісінің тарихы неден басталды?    

Мүдделер қақтығысы 1951 жылы Американың Таяу Шығыстағы ең ірі одақтасы Иран өз мұнайын ұлттықтандыруынан басталды. Ол кезде КСРО-ның саяси ықпалынан да сескенген АҚШ премьер-министр М.Мосаддыққа қарсы төңкеріс ұйымдастырып, Р.Пехлеви шахты билікке әкелді. 1979 жылы халық шахқа қарсы шығып, діншілдер Ислам төңкерісін жасады. Жаңа билік АҚШ-ты дұшпан жариялап, аймақ шии-сунни болып бөлінді. Революцияның әсерлерінен қауіптенген Сауд Арабиясы мен Ирақ режимдері идеологиялық текетіресті күшейтті. АҚШ аймақтағы басты одақтасы ретінде Түркиямен қатар Сауд Арабиясын таңдады.     

 

 «Ислам революциясы сақшылары корпусына» қарасты Генерал Сулеймани басқарған «Әл-Қудс» жасағы қандай ұйым?   

Таяу Шығыстағы соғыстар мен АҚШ әскери базалары теократиялық Иранды әскерилендіріп, аймақтағы тегеурінді реакциялық күшке айналдырды. Режимнің экзистенциалды философиясы АҚШ дұшпандығына негізделген. Аятолла билігін қорғау мақсатында құрылған «Ислам революциясы сақшылары корпусы» - өз алдына «мемлекет ішіндегі мемлекет». Оның «Әл-Қудс» арнайы жасағы Иранның экспансиялық саясатының қолшоқпары ретінде көрші елдерде жабық операцияларды жүзеге асырады. Мысалы, аймақтағы «Хезболла», «Хашд әл-Шааби», хусилер сияқты мемлекеттік емес ұйымдарға қолдау көрсетілді.    

Д.Трамптың аймақтық саясаты неге Иранды дүрліктірді?

Трамп 2015 жылы Обаманың бастамасымен Иранмен қол қойылған ядролық келісімнен және АҚШ-тың аймақтан шығатынын мәлімдеді. 2019 жылы  Ислам сақшылары корпусын Трамп террористік ұйым деп жариялады. Трамп Иран режиміне қарсы «maximum pressure» қыспаққа алу стратегиясын қолданып, санкция үстіне санкция жариялап келеді. Экономикалық қысым халықты соңғы екі жылда режимге қарсы митингтерге итермеледі. Бұған қоса, Иранның ықпалы жүретін Ирақ пен Ливанда былтыр халық ираншыл билікке қарсы митингтер өткізді.  

Қасем Сулеймани неліктен дәл қазір осылай өлтірілді?   

Иранның аймақтық саясатының архитекторы, прокси-гибридтік соғыстың хас шебері Сулеймани АҚШ-Иран бейресми келіскен «қызыл сызықтан» өтіп, ережені бұзғаны себепті өлтірілді деп ойлаймын. Иран тарапы «отқа май құйды», әдейі шиеленіске барған сияқты. Араб аймағында ираншыл ұйымдардың күшейгені соншалықты, тіпті Ормуз бұғазындағы танкерлерге, американ дронына, саудтың мұнай объектілеріне қарсы жасаған әрекеттерге АҚШ жауап бергісі келмеді.

2019 жыл соңында Американың Бағдаттағы елшілігі алдында ираншыл жастар өткізген митинг шабуылға айналып, өз азаматтарының өмірі үшін қауіптенген Трамп шапшаң шешім қабылдады. Сулеймани бұдан бұрын да қара тізімде болғандардың бірі. Бұған қоса, Американың ішкі саясатымен байланысты себептері болды.   

Иранның реакциясында қандай есеп болды?

Біріншіден, генералды өлтіру Иранның бетін қайтару үшін күтпеген, жойқын психологиялық соққы болды. Жоғары саясаткердің осылай өлтірілуі Тегеран билігіне, Ирақтағы «Әл-Қудс», «Хашд ал-Шааби» жасақтарына қызыл белгі болды. Иранның халықаралық беделіне нұқсан келіп, діни және әскери басшылар тарапынан «кегімізді аламыз, көзін құртамыз» деген әртүрлі батыл ұрандар айтылғанына қарамастан «семіз сөйлеп, арық шықты». Ирақтағы қос американ базасына жасалған әуе соққысында кісі өлімі тіркелмеген. Осылайша, бір де бір американдықты өлтірмей, жағдайды ұшықтырмаған Иран әлем алдында кегін қайтарғандай болды. Бұндағы есеп үгіт-насихат арқылы халық алдында жеңімпаз болып көрініп, билікке қарсы азаматтарды режим маңайына қайта біріктірді.   

Бұл оқиғаның қандай қазіргі, кейінгі салдарлары болуы мүмкін? 

Трамп Ирандағы режимді ауыстыруға құлықты еместігін мәлімдеді. Оның есесіне Иран халықаралық жүйеге интеграциялану - «гүлденген ел» болу үшін осы оқиғадан сабақ алып, аймақтағы тұрақсыздандыру әрекеттерін шектеуі мүмкін. Бұл қадам АҚШ режимді танығанын білдіруі мүмкін. Ал Тегеран мұндай оңтайлы мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысары анық.      

НАТО-ның Таяу Шығыс аймағындағы процесстерге белсене қатысуы туралы мәлімдеме одақтастары Ұлыбритания, Франция, Германияға белгі болумен қатар Американың аймақтан әлі кетпейтінін білдіреді. Жақында Оман бұғазына жақын Үнді мұхитында Иран-Ресей-Қытай ортақ теңіз жаттығулары өткізгені белгілі. АҚШ Сирия мен Ирақта одақтастарын қолдай бермек. Әйтпесе, Ресей ықпалы аймақта тым күшейіп, Иранның араб елдеріндегі экспансиялық саясаты жалғасады. Ирақта АҚШ, Сирияда Ресейдің ықпалы сақталады. Ирақтағы АҚШ-Иран бәсекелестігі мұнымен бітпейді. АҚШ аймақтық стратегиясы аясында Иранды дипломатиялық жағынан ұзақ мерзімді тежеуді (containment) жалғастырады.  

Бұл оқиғаларға Қытай мен Ресейдің реакциясы қандай болады?

Таяу Шығыстағы оқиғалар тізбегі Қытай мен Ресейдің реакциясына да байланысты болмақ. Таяу Шығыста барлық тараптармен қатынас құрған Мәскеу мен Бейжің үнсіздіктен кейін алаңдаушылық білдірді. Ресей қазіргі мүмкіндікті пайдаланып, аймақтық стратегиясына сәйкес ықпалын арттыруға тырысуда.  

Әзірше Қытай Таяу Шығыста өзгерістерді қаламайды. Аймақ елдерінің тұрақтылығы мұнай-газ экспорттайтын Қытай экономикасы мен инвестициясы үшін маңызды. Ұзақ мерзімде Қытай асықпай араласу саясатымен ықпалын арттырып, өз мүдделерін қорғау үшін аймақ қауіпсіздігіне жауапкершілігін арттырады.     

Құлатылған Украина азаматтық ұшағы туралы не айтасыз?

Әскери шиеленістен бейбіт азаматтардың өлгені Иранға абырой әпермесі анық. Иран тарапы басында кінәсін мойындамағанымен кейін ұшақты құлатқанын, яғни, өз қатесін бірінші рет мойындады. Бұл Иранның изоляциядан шаршап, халықаралық интеграцияға мүдделі екенін білдіреді. Дегенмен, психологиялық соғыс жағдайында ұшақтың құлатылуына әртүрлі адами себеп болуы жауапкершіліктен босатпайды. Тегеран өзіне деген халықаралық сенімді азайтты. 

 

 

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК, Анкара (Түркия) дағдарыс пен саясат зерттеу орталығының  Еуразия бөлімі басшысы:

3 Қаңтар 2020 жылы АҚШ-тың Ирактағы дрондарының Иранның Ислам төңкерісі қорғанысы корпусына қарайтын «Құдіс» күштерінің қолбасшысы генерал Қасым Сүлейманиді Бағдатта өлтіруі АҚШ-Иран қатынасын одан сайын шиеленістіре түсті. Бұл жағдай онсыз да тыныш емес аймақтағы тұрақсыздыққа ең үлкен қауіп төндіріп тұр. Екі ел арасындағы дағдарыс тек аймаққа ғана емес, бүкіл әлемге әсер ететіні айқын. Осы тұрғыдан АҚШ-Ресей-Қытай арасындағы текетіресте Иранның орнын сараптау қажеттігі туындап отыр.

Ең алдымен АҚШ-тың Иранға көрсетіп отырған қысымының тек Трамптың саясаты немесе оның «ессіздігі» емес екендігіне назар аударуымыз керек. Трамп әкімшілігінің Иран саясаты АҚШ-тың әлемдік және аймақтық стратегиясының бір бөлшегі болып табылады. АҚШ-та билікке кім келсе де бұл стратегия оңай өзгермейді. Осы стратегияның негізінде АҚШ-тың Еуразиядағы үстемдігін қамтамасыз ету мақсаты бар. Бұл мақсат тұрғысынан Иран маңызды орынға ие.

Бұл стратегияға сай, АҚШ бір жағынан қарсыласы Ресейдің Иран арқылы Үнді мұхитына шығуына кедергі болуы керек болса, екінші жағынан қарсыласы Қытайдың құрлық арқылы мұнайға бай Парсы шығанағы елдеріне жетуіне тосқауыл қоюы керек. Басқаша айтқанда, Иранның геостратегиялық орны оны әлемдік саясаттың бір бөлшегіне айналдырып отыр. Иранды өз жағына тарта білген держава 21-ғасырда орасан зор үстемдікке ие болып, қарсыластарының жоспарларына тікелей ықпал ететін болады. Сондықтан АҚШ та, Ресей де, Қытай да Иранды өзіне қаратуға тырысады.

Осы шеңберде Иранды Ресей мен Қытайға беріп қоймау үшін Вашингтон Тегеранды өз жағына тартуға тырысады. Бұл саясат Обама кезінде жұмсақ әдіспен жүргізілді. Бұл әдіс жүзеге асқанда, 2013 жылы Иран президенті болып сайланған Хасан Рухани «Иранның Горбачевы» болар еді. Алайда Трамп жұмсақ әдісті күш саясатына яғни «барынша қысым жасау» саясатына ауыстырды. Өйткені Иранның 2015 жылы қол қойған «Ядролық келісімшарты» елдің либерализациясына емес, керісінше Батыс Азия елдеріндегі әскери ықпалының артуына себеп болды. Ислам төңкерісі қорғанысы корпусына тікелей немесе жанама түрде бағынышты күштер Ирак (Хашди Шаби), Сирия (Зейнебиюн және Фатемиюн жасақтары), Ливан (Хизбуллах) мен Йеменде (Хусилер) айтарлықтай күшке айналды.

Трамптың «барынша қысым жасау» саясатының мақсаты Ислам республикасын күшпен тізе бүктіру, Ислам республикасын төңкеріс арқылы құлату және Иранды АҚШ-тың аймақтағы одақтасына айналдыру. Есеп бойынша, қырық жыл бойы Иранға қолданылып келе жатқан және әсіресе 2018 жылдан бастап тіптен үдей түскен экономикалық санкциялардан әбден күйзелген халық көтеріліске шығуы керек еді. Расында Ирандағы Ислам үкіметі әр ай елде болып жатқан наразылықтарға қарамастан, сыр бермей тұр. Осындай жағдайда Иранды сыртқы саясатта қателік жасауға мәжбүрлеу үшін провокация керек болды. 2018 жылдан бері мұндай провокациялар АҚШ тарапынан ұйымдастырылып келеді.

Атап айтсақ:

Ислам төңкерісі қорғанысы корпусының тероррист топтар арасына алынуы;

Иран сыртқы істер министрін «қара тізімге» алуы;

Парсы шығанағындағы мұнай танкерлерінің белгісіз топ тарапынан жарылуы;

АҚШ дрондарының Иран әуе кеңістігіне кіруі т.б.

Алайда Тегеран бұл провокациялардың барлығына әсіре жауап бермей, сабыр сақтай білді. Әзірге дағдарыс саябырсығандай болып көрінсе де, АҚШ-тың Иран стратегиясында ештеңе өзгерген жоқ.

Мәскеу тұрғысынан қарағанда, Иран Араб салафизмі мен түрікшілдікке қарсы Ресейдің заңды одақтасы болып табылады. Бірақ екі ел арасында тамыры тереңде дұшпандық бар екені және бұл дұшпандықтың екі ел арасында сенімсіздікке жол ашатыны белгілі. 1990 жылдан бері екі ел жақын ынтымақтастық құруға тырысқан, бірақ әр жолы Ресей жағы АҚШ-тың қысымы/ұсынысымен Иранды «лақтырып» кеткен. Дәлірек айтқанда, Мәскеу Тегеранмен қатынасын Батыстан белгілі шарттардың орындалуы үшін қолданып келеді. Сондықтан ирандықтар Ресейге күмәнмен қарайды. Оның үстіне Ресей мен Иран – мұнай мен газ экспорты тұрғысынан бесекелес елдер. Дегенмен, 2015 жылдан бастап Иран мен Ресейдің Сирияда Башар Асадтың жағында соғысуы Тегеранмен Мәскеу арасын жақындата түсті.

Қазіргі таңда Ресей мен Иран сырт көзге одақтас болып көрінсе де, Мәскеу Тегеранды АҚШ жағына шығып кетеді деп алаңдайды. Сондықтан Ресей АҚШ-ты жау деп білетін Ислам үкіметінің тұрақтылығын қалайды. Ал Ирандағы реформаторлар Ресейді жау деп біледі. 2009-жылғы халық толқуларында «Ресейге өлім!» деген ұранның тасталғаны белгілі. Наразылыққа шыққан халық консерватив Ахмединежатты сайлауда Ресейден қолдау алды деп санайды. Тағы бір маңызды мәлімет, 2015 жылы 5+1 елдерімен (АҚШ, Ресей, Британия, Франция, Қытай, Германия) Иран «Ядролық келісімшарт» жасағаннан кейін Хасан Рухани үкіметі Ресей немесе Қытай фирмаларына емес, еуропалық компанияларға басымдық берді. Қысқаша айтқанда, егер АҚШ Ресейге өте маңызды ұсыныс жасаса, айталық Қырымды мойындаймыз десе, онда Мәскеу Тегеранмен ынтымақтастығынан бас тарта алады.

Ал Қытай тұрғысынан қарағанда, Иранның табиғи байлығы мен геосаяси орны ерекше орынға ие. Әсіресе, Қытайдың мұнайға деген тәуелділігінің артуымен Иран Пекин үшін таптырмас әріптеске айналды. Сондай-ақ «Бір белдеу-бір жол» бастамасы шеңберінде «Орта Азия-Батыс Азия Коридорында» Иранның маңыздылығы зор. 2016 жылы Иранға қолданылып келген халықаралық санкциялардың алынып тасталуынан кейін Иранға алғаш болып сапар жасаған мемлекеттік басшы Ши Жинпиң болғанын ескере кетуіміз керек. Әскери алаңда да екі елдің жиі-жиі ортақ әскери жаттығулар өткізетіні мәлім.

Дегенмен, Қытай үшін АҚШ Ираннан әлдеқайда маңыздырақ. Егер Трамп Пекинге тартымды ұсыныс жасаса, Қытай Иранды қолдауынан бас тарта алады. Айналып келгенде әр ел өз мүддесін жоғары қояды. Оның үстіне Оңтүстік Азия геосаясатында Қытай Пәкістанмен одақтас болып, ортақ экономикалық жоба ұйымдастырып жатса (Қытай-Пәкістан экономикалық коридоры және Гвадар порты), Иран Үндістанмен ынтымақтасып, ортақ жобалар (Солтүстік-Оңтүстік тасымал коридоры, Чабахар порты) жүзеге асырып жатыр. Әсіресе, Иранның Чабахар порты Ауғаныстан үшін маңызды болып табылады. Бұл портқа Жапонияның да қызығушылық танытуы Иранның Қытайға қарсы құрылып жатқан АҚШ-Жапоня-Үндістан блогына қосылуға дайын екендігін көрсетеді. Осы тұрғыдан Қытай-Иран қатынастарының тұрақты емес екендігін айтуға болады.

Қорытай айтқанда, Иран АҚШ-Ресей-Қытай текетіресінде маңызды ел болып табылады. Әр ел Тегеранды өз жағына тартуға және қарсыластарына беріп қоймауға тырысуда. Үш державаның да 2015 жылы Ядролық келісімшартты қолдауының себебі осы. Үш ел арасында қазіргі таңда Иранның ең көп қарсы тұрғаны АҚШ болса да, Иран қоғамының ең көп ынтымақтастық құрғысы келетіні де – АҚШ. Өйткені Иран қоғамы Ресей мен Қытайға қарағанда, АҚШ-ты жақсы біледі. Иран диаспорасы да осы елде ең көп. Сондықтан Иранда Ислам республикасы құлаған жағдайда, елдің беталысының Батыс және одақтасының АҚШ болу ықтималдығы өте жоғары. Осы тұрғыдан қарағанда, Иранда молдалардың билікте болуы Ресей мен Қытай үшін гарантия болып табылады.

Ғабит ҚОНЫСОВ, Шығыстанушы

ҚАСЫМ ӨЛДІ, АЛ КЕЛІСІМ ШЕ?

Бағдадта болған зымыран шабуылы белгілі ирандық қолбасшы Қасым Сулейманидің өміріне нүкте қойды десек те оның салдары әлде қайда терең әрі кең тарады. Бұған дәлел - бір апта бой алған дүние жүзіндегі медиадағы дауыл. Оның басты сауалы аймақтағы жаңа соғыстың қауіпі болып келді. Иран қарулы күштерінің Ирактағы АҚШ әскері базаларына зымыран шабуылынан кейін жасалған мәлімдемесі бұл қауіпті айтарлықтай азайтты. Онда Д. Трамп Иранға тағылып келген айыптарды және мәселені шешу жолдарына көзқарасын тағы да қайталады. Өз кезегінде Иран, Қ. Сулейманидің кегін алдық деп мәлімдеме таратты.

Яғни, қос мемлекет толық қанды қарулы қақтығыстан қашпаса да бейбітшілікті сақтауға ынталы екенін көрсетуде. Дегенмен, «соғыс тұманы» толықтай сейілген жоқ. Басты себебі, «ирандық мәміленің» басты тараптары, – Иран және АҚШ, – одан бас тартты. АҚШ – толықтай. Ал Иран – шартты түрде.

Бұл орайда, келісімге кепілдік берген Ұлыбритания, Франция, Алмания және Ресейге тиімді мәмілені жаңадан жазу немесе ағымдағысын орындатқызу өте  қиыннан қиыны болуы анық. Себебі, «мәміленің»  қарсыластары, яғни Сауд Корольдігі, Израиль және тағы басқалары, бұл келісімнен шеттетілген еді. Аймақтағы бұл мемлекеттерге Батыс және Ресей жағынан берілген кепілдемелері жеткіліксіз болып тұр, бола береді десем де асыра сілтеу болмас. Әсіресе Израиль үшін. Еске сала кетейін, Қ. Сулеймани бастаған қолдың аты «Қодс» - яғни Израильдің ресми жариялаған астанасы Иерусалимнің парсыша атауы. Олардың Әл-Асад және Эрбилдегі АҚШ-тың әскери базаларына шабуылы Иранның зымыран қаруының қандай дәрежеде екенін кезекті рет дәлелдеді. Дәлірек айтсам, Иранда ядролық заряд пайда болған жағдайда оны жеткізу құралы бар дегенді білдіреді.

Кей шолушыға Израиль, басқасына Сауд Корольдігі жағымсыз болып көрінуі мүмкін, алайда кез келген мемлекет сияқты олар өз қауіпсіздігін қорғауы шарт екенін бәрі де келісетініне күмәнім жоқ. Демек, аймақтағы мемлекеттер өздеріне төнген қауіпті азайту үшін қолындағы барын салатынына да келісетін шығар. Ол мемлекеттер саяси-дипломатиялық жолдан шеттетілумен аймақтағы соғыс қауіпі сейілмеді, керісінше, бір қадам жақындады. Бұған дәлел Таяу Шығыстың өткен аптада басынан кешіргені. Бағдад әуежайына шабуылды АҚШ емес, Израиль немесе саудилер жасаған жағдайда Иранның жауабы әлде қайда қатаң болар еді деп санаймын.

Ойды түйіндей келгенде, Иран, Израиль, Сауд Арабиясы, Ирақ мемлекеттерінің аймақтағы саясатта, әсіресе аймақтық қауіпсіздіктегі рөлі артқанын байқауға болады. Таяу Шығыстағы өткен апта бұған тағы бір көрініс десем артық болмас. Демек, Иранның Батыс және Ресеймен ымыраға келуі мүмкін, бірақ аймақтағы көршілес мемлекеттердің ризашылығынсыз ондай кез келген келісімнің құны – көк тиын.

ҰШАҚ МӘСЕЛЕСІ....

Қаңтар айының он бірінде Ислам революциясының көсемі Аятолла Али Хаменеиден бастап бірқатар Иран ресмилері Теһран әуежайының маңында болған украиналық ұшақтың апаты жайлы мәлімдеме таратты. Иран басшылығы апатта ажал құшқандардың жақындарына көңіл айтуымен қатар бұл оқиға әуе қорғанысының қателіктің нәтижесі екенін атап кетті. Сонымен қатар, келешекте бұндай трагедиялар қайталанбауы үшін барын салатынына баса назар аударды.

Өкініштісі бұл апатты жағдай «соғыс тұманында» орын алды, себебі тек сол «тұманда» азаматтық ұшақ «қанатты зымыран» көрінуі мүмкін. Кезінде К. фон Клаузевиц айтып кеткендей, соғыста қабылданатын шешімдердің төрттен үші осы «соғыс тұманында» іске асады. Қарсыластарда бір-бірінің жоспарлары, жасақталған қолы және кез келген іс-әрекеттің нақты уақыты жайлы  сенімді ақпараты болмайды. Ең өкініштісі бұндай жағдайда сенімді ақпараттың өзі сенімсіз болып қалады. Бұған дәлел 1986 жылы Теһран – Бендер-Аббас – Дубай  IR655 рейсінің апаты. Онда Американ әскери кемесі бүкіл объективті ақпараттарды елемей азаматтық ұшаққа зымыран шабуылын жасаған еді. Яғни, бұл қайғылы жағдай, өкінішті жағдай, алайда соғыс табиғатымен логикасынан туындайтын заңдылық.

Таратқан мәлімдемеге оралсақ мен оны сол сұм «тұманды» сейілуіне арналған бір талпыныс деп көрем. Әрине, Иран басшылығының алдында балама жолдары да бар еді. Бірақ олар қателікті, адами факторды басты себеп екенін мойындауын таңдады. Осы қадамнан кейін бұл тұйықтан шығу кезінде ресми Теһран кінәлі емес жауапты болатыны анық.

Бұл мәлімдемеге итермелеген бірнеше фактор болғаны көрінеді. Біріншіден, оқиға тергеуі міндетті түрде халықаралық деңгейде болуы еді. Себебі, ұшақ АҚШ-та құрастырылған Боинг, әуе кемесінің иесі – Украина, ал апат құрбандары – он шақты елдің азаматтары. Яғни, мойындамаудың өзі Иран басшылығын кінәлі ретінде көрсететін еді. Екіншіден, Иранда дүниежүзінде достары аз мемлекет, ал онымен кей салада әріптес болам деген елдер міне сол ұшақ апатында азаматтарынан айырылып қалған еді. Демек, Батыстағы соңғы әріптестерін жоғалту қауіпі болды. Үшіншіден, Канада премьер-министрі Дж. Трюдодан бастап бір топ елдің басшылары ұшақ апаты әуе қорғанысы жіберген қатесі болуы мүмкін деп айта кеткен еді. Яғни, Иран басшылығына осы версияны қабылдауға итермеледі.

Әрине, шетелдік шолушы болғандықтан оқиғаның халықаралық деңгейдегі салдарына баса назар аудару заңды. Алайда бұл қадамның ішкі саяси нәтижелері болуы әбден мүмкін. Бұл пайымның негізі – екі күннен асқан Теһранмен Тәбриздегі митингілер. Олардың салдарынан кей ақпарат көздеріне сүйенсек жеті адам құрбан болды. Сол митингілердің басты слоганы –  «отставка жеткіліксіз!». Яғни, Иран ресмилері генерал Қ. Сулеймани өлімін ел біріктіруге пайдаланғысы келген сәтте ұшақ апаты елмен мемлекет басшылығының бірлігін тағы бір сынақтан өткізуде.

Және бұл кезде Д. Трамптың Иран халқына тікелей үндеуі әрине қатаң реакцияға тап болуда. Өздерін АҚШ-тың аймақтағы ғана емес бүкіл дүниедегі бәсекелесі санайтын Иран басшылығы қазір ішкі әрі сыртқы майдандарда медиа соғысындағы қиын сәтін басынан кешіруде. Бұл сәтте Ирандағы саяси режим өзінің әлі де өміршең екенін тұрақты әрі күшті екенін дәлелдеуге тырысады. Яғни, бұл адами трагедия кезекті рет ортақ мүдде іздеуге, ымыраға келуге емес, конфронтацияға тағы бір аргумент ретінде пайдалануда.

Батыспен Иран арасындағы мәселелерін бір сәтте шеше қоймас, алайда ең аз дегенде болашақ кризистерде адами трагедиялар болдырмауға бір қадам жасаса екен деп үміттенем.

Photo: hurryet.com Cumhuriyet.com.tr

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала