Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

АҚШ ПЕН РЕСЕЙ ТЕКЕТІРЕСІ

Сергей Скрипальдың улану оқиғасы сияқты Ресей мен Ұлыбритания арасындағы дағдарыс та екі ел арасындағы қарым-қатынастардың нашарлауына әкелді. Ресейге салынған санкциялардың артуы блок қоюшылар санының артып, санкциялардың қатаюына себеп болып отыр. Сонымен қатар, АҚШ-та сенаторлар тобы ұсынған санкция туралы жаңа заң жобасында Ресейдің Сирия мен Украинаға қатысты саясатына байланысты да жаңа санкция туралы шешім қабылданды. Осылайша, 2018 жылдың 22 тамызында күшіне енген санкциялар арқылы бұл текетірестің  қосымша кезеңі басталды.

Осы соңғы санкция туралы шешімнің әсіресе банк және авиация салаларына бағытталуы Ресей тарапынан сынға алынды. Орыс билігі бұл санкцияларды Ресейге қарсы жарияланған экономикалық соғыс ретінде қабылдап, оған өз деңгейінде жауап қайтарылатынын мәлімдеді. Ағымдағы жағдайда АҚШ жаңа санкцияларды енгізу туралы шешімінен бас тартпайтын тәрізді. Шешімнің бір пунктінде «егер Ресей қажетті талаптарды орындамаса, санкциялар 90 күн ішінде одан әрі күшейтілетін болады» деп көрсетілген.

Санкция туралы шешім айқындалып,  санкциялар енгізілмей тұрып-ақ тамыз айының ортасында Ресей рублі шамамен 4%-ға құнсызданды. Бұл валюталық талықсытпа Ресеймен тығыз сауда қарым-қатынастағы Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгеге де әсер етіп, оның 5-10%-ға құнсыздануына себеп болды. Санкцияларға дейін ұлттық валюта бағамы долларға шаққанда 340 теңге болатын. Санкциядан кейін 365-ке дейін өсіп, одан кейін тағы 380-ге дейін көтерілген соң 355-ке түсті. Кейін 365-370 деңгейінде болды. АҚШ-тың санкция туралы шешімі екі ірі держава арасындағы қақтығысқа әкеліп қана қоймай, осы екі елмен тығыз экономикалық ынтымақтастықтағы елдерге де елеулі салқынын тигізуде.

Санкция салу шешімдері әдетте қарсы тарапты экономикалық тұрғыдан тұралатып, көздеген саясатына көндіру үшін қолданылады. Ең танымал мысалдардың бірі - Иран мен Солтүстік Кореяға қарсы салынған санкциялар.

Саяси дағдарыстардың ең алдымен тараптар арасындағы экономикалық қарым-қатынасты бұзатыны белгілі.  Бұл тұрғыда Ресей соғыс ұшағының атып түсірілуіне байланысты Түркия мен Ресей арасында қысқа мерзімге жалғасқан экономикалық эмбаргоны атауға болады. Осыған байланысты Ресей, Түркиядан әсіресе, азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін енгізуге тыйым салған болатын. Түркия да Ресеймен екіжақты саудасындағы маңызды өнімдердің импортын шектеген еді. Екі ел арасындағы аталған дағдарыс Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия-Ресей қарым-қатынастарын жақсарту жөніндегі күш-жігерінің арқасында қайта қалпына келген болатын.

Бұл дағдарыс кезеңінде Ресейде әртүрлі азық-түлік, жеміс-жидек және көкөніс өнімдерінің бағасының өскеніне қарамастан, жалпы алғанда елдің ауылшаруашылық секторы соңғы жылдардағы ең маңызды даму кезеңін өткерген болатын. Мәселен, тыңайтқыш өндірісі бір жыл ішінде 2016 жылға қарағанда рекордтық деңгейге 16%-ға артты. Бұған отандық өнімдерге деген сұраныстың артуы және импорттық өнімдерді алмастыру үшін отандық өнімдерді қолдау басты себеп болған еді. Осылайша қолданылған эмбарго Ресей экономикасын әлсіретпей, керісінше нығайта түсті.

Осы тұрғыдан алғанда, экономикалық эмбарго әрқашан қажетті нәтиже бермейтіні анық. АҚШ осындай мысалдарды ескеруі керек. Өйткені, екі күшті экономика арасындағы жалпы қолданылған санкциялар тарихта да табысты болған емес. Сонымен қатар, Қытайға қарсы салған санкцияларының сауда соғысына айналуына байланысты АҚШ-тың ұқсас мезгілде көптеген майданда күресуіне тура келуі, өз экономикалық жағдайына және жаһандық сауда теңгеріміне кері әсерін тигізуі ықтимал.

АҚШ-қа жауап ретінде Қытай үкіметі қарсы санкциялар бойынша АҚШ-тан әлдеқайда стратегиялық шешім қабылдады. АҚШ-тан келетін өнімдердің ішінде әсіресе Орталық Америка аймағындағы фермерлердің Қытайға экспорттайтын өнімдерін нысанаға алды. Осылайша, Трампқа ең көп қолдау көрсеткен Орталық Америкадағы фермерлерге қысым жасау арқылы олардың Трампқа қолдауын әлсіретуді көздеді.

АҚШ-тың Ресейге салған соңғы санкциялары арасында химиялық қаруды қолдануға кепілдік берілмеген жағдайда Ресейдің «Аэрофлот» компаниясының АҚШ-қа ұшуына тыйым салу және ішінара банк секторына санкция қолданылатыны айтылды. Осы хабардан кейін «Аэрофлот» акцияларында елеулі құлдырау байқалды. Осылайша, АҚШ жалпы ауқымда және кейбір стратегиялық маңызға ие ресейлік компанияларды тұралату арқылы Ресей үкіметіне қысым жасамақ.

Соңғы қабылданған санкция шешімдеріне байланысты премьер-министр Дмитрий Медведев бастаған Ресей билік өкілдері қаншалықты қатаң мәлімдемелер жасаса да әлі күнге дейін нақты бір шешімге байланысты іс-шаралардың жүргізіліп жатпағанын айтуға болады. Осыған қатысты жасалған сараптамалар, жалпы Ресей жаңа санкция туралы қарарларды қайтарып алуға қатысты АҚШ-тан бір келіссөзге апаратын қадамды күтетіні байқалады. Ал егер де өзі күткен іс-әрекет жуық арада орындалмаса Ресей өз тарапынан қарсы санкция қабылдайтын ниет көрсетеді.

Мәселені екінші қырынан алып қарағанда, осы санкция енгізу туралы шешімдер Ресей үкіметінің ел экономикасын жандандыруға қатысты реформа үдерісін бастағаннан кейін күн тәртібіне келуі және енгізіле бастауымен байланысы бар екенін аңғаруға болады. Осыған орай Ресей президенті Владимир Путин 2018 жылдың мамыр айында 2018-2024 жылдарға арналған даму бағдарламасын жариялады. Ресей үкіметі жоспарға қатысты, алдағы алты жыл ішінде елдің қай бағытта дамитынына қатысты жол картасын әзірледі. Қабылданған жоспарға сәйкес ЖІӨ-нің сатып алу қабілетінің паритеті бойынша қандай да бір макроэкономикалық тұрақсыздыққа жол берместен алты жыл бойы 3,5%-ға өсіп, әлемдегі сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ең ірі 5-мемлекет болуды көздеуде.

Ресей экономикасы қазіргі таңда бастан кешіріп отырған қатаң экономикалық шарттарды есепке алғанда алға қойған мақсатына жетуі дәл қазір біраз қиын тәрізді. Осы тұрғыда АҚШ-тың санкция енгізу туралы жаңа шешім қабылдауы Ресейдің сауда теңдігіне әсер етіп түрлі макроэкономикалық толқуларға итермелеуі мүмкін. Осылайша Ресей үкіметінің алдына қойған мақсаттарына жетуіне қосымша қиындықтар туындауы мүмкін.    

Жалпы АҚШ-тың ұстанып отырған экономикалық стратегиясына назар аударсақ, АҚШ президенті Дональд Трамптың қадамын – Ресей және Қытайға қарсы сауда соғысын бастап, өз экономикасына зиян келерін біле тұра осы елдердің экономикалық өсуін әлсіретуге бағытталған қадам деуге болады. Трамптың ұстанып отырған экономикалық саясаты ірі компаниялардың бай ресурстарын қолдану арқылы даму үстіндегі компанияларды жұтып қою саясатына ұқсайды. Алайда өзі ұстанып отырған іскерлік логикасы ғаламдық экономикаға және осы аталмыш елдермен тығыз экономикалық қарым-қатынастағы елдер мен компанияларды қиын жағдайда қалдыруда. Сондай-ақ, енгізілген санкциялар үнемі күткен нәтижелерді көрсетпейтінін ескерсек, Түркия мен Ресей арасында орын алған нәтижедегідей теріс ықпал етіп, Ресей экономикасының одан әрі күшеюіне септігін тигізу мүмкіндігі де жоқ емес.   

 

Шыңғысхан Жаңалтай,

Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала