Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

«100 ЖАҢА ЕСІМ» ЖОБАСЫНЫҢ БИЫЛҒЫ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

«100 жаңа есім» жобасының үшінші маусымының жеңімпаздары анықталды. «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің  хабарлауынша, биыл жобаға қатысу үшін 1673 анкета қабылданып, қатысушыларға 700 мыңнан аса дауыс берілген. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша 32 жеңімпаз анықталды.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында жеңімпаздардың бірі – еліміздегі ең жас мектеп директоры Шәкәрім Сейсембай сөз бастады. Ол - еліміздегі ең жас мектеп директоры. «Біздің мектебімізде 213 қызметкер, 2700 оқушы бар. Ұстаздық қызметтегі мақсатым – мемлекетіміздің білім саласын брендке айналдырып, мәртебесін арттыру. Қазіргі таңда өкінішке қарай, жастардың ішінде, білімді азаматтардың арасында мектепке барып, ұстаз болып білім беру – үрдіске айналмаған. Ал біздің негізгі байлығымыз – жер астындағы алтын емес, халқымыздың ұшан-теңіз білімі. Сол себептен, бізге мықты ұстаздар керек. Себебі, ханның да, қараның да өмірлік ұстаздары болған», - деді ол. Елордадағы №54-ші мектептің директоры Шәкәрім Сейсембай Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса – төрдегі орын ұстаздікі» деген сөзін еске салды. «Біздің мектептерге белгілі бір баланс керек. Яғни, ер мұғалімдердің санын арттыру керек. Мектеп – отбасы секілді. Жанұяда әкеден, анадан тәрбие көрген бала жаман болмайды. Сондықтан, ер азаматтарды мектепке қызметке шақырамын. Осы бірегей жоба аясында жастарға ой салып, ұстаздық мәртебесін арттырамын деген үмітім бар», - деді ол.

Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің офицері, медицина қызметінің подполквонигі Сәулет Қалдашов та «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңінің жеңімпазы атанды. Офицер жақында ғана Ливандағы бітімгершілік миссиядан оралған. Сәулет Қалдашов 2002 жылдан бері әскери медицина саласында қызмет етеді. Көпбалалы отбасының отағасы. «Мен БҰҰ миссиясына еліміздің тарихында алғашқы болып қатысушы әскери дәрігермін. Біз сержанттар мен офицерлерден, әскери дәрігерлерден құралған 120 адам – қазақ ротасы жақында ғана Ливандағы бітімгершілік миссиядан сәтті оралдық. Миссия басшылығы тарапынан қызметіміздің нәтижесінде жоғарғы нәтижедегі шебер және басқаларға үлгі тұтарлық қазақ жауынгері деген ілтипатқа ие болдық», - деді ол. Сәулет Қалдашовтың айтуынша, әскери дәрігерлер ұрыс даласында мойнына қару асынып, қарапайым медициналық сөмкемен сарбаздардың жанында жүреді. «Миссиядағы бір жыл ішінде жергілікті Ливан халқына, шетелдік әскерилерге алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Медициналық эвакуацияны ұйымдастырдық. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті халықтың жедел жәрдемі бола білдік. Мен көрген Ливан жетпісінші жылдардың аяғына дейін гүлденген ел болса, қазір діндер мен конфессиялардың араздығынан халқы жік-жікке бөлініп, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасын орната алмай, берекесі қашқан ел. Дәрігер ретінде білетінім: соғыс зардабынан алған психологиялық жарақат халықтың санасынан кетпейтіні рас. Осының бәрін көріп, түйгенім: біздің Қазақстанның басты байлығы - бейбітшілік пен татулық екен», - деді ол.

Сонымен қатар, биылғы «100 жаңа есімге»: Ресейде 48 адамды өрттен құтқарған Семей тұрғыны Ержан Амарханов та енді. Өткен жылдың тамыз айында тіркелген оқшау оқиғаны сол тұста қазақстандық және ресейлік БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазған еді. 28 жастағы Ержан көлік сатып алу үшін «Семей - Новосібір» бағытындағы автобуспен жолға шыққан. Бірақ түнгі сағат үшке таяу Алейск қаласының тұсында автобустан өрт шыққан. Бұл уақытта жолаушылардың барлығы тыныш ұйқыда жатқан екен. Өрт тұтанғанын тек Ержан ғана байқапты. Ол бірден жүргізушіге автобуста өрт шыққанын хабарлап, көлікті тоқтатқанша жолаушылардың біразы түтінге уланып үлгерген. Ержан осылайша, ашылмаған есікті теуіп ашып, санаулы секунд ішінде баладан қарттарға дейін бәрін сыртқа алып шыққан. Автобус толығымен жанып кеткен. «Қазір ойланып отырсам, бала кезден спортпен айналысқанымның арқасында сол тұста адамдарды құтқара алдым деп ойлаймын. Бапкерлеріміз адамдарға көмектесіңдер, мұқтажға қол ұшын созыңдар деп үйретті. Спорттың арқасында аман қалдық», - дейді Ержан Амарханов

Ал тағы бір жеңімпаз «Қазақстанның ауыр атлетикасының үміті» атанған жаттықтырушы Иван Снегуров шәкірттерімен бірге табанды еңбек етіп, келешекте ел абыройын асқақтатуға уәде берді. Қарағандылық Иван Снегуров «Менің атам мен әкем – ауыр атлетикадан бапкер болған кісілер. Міне, сондықтан әке жолын жалғастыру керек деп ұйғардым. 28 жасымда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері атандым. Қазіргі таңда менің шәкірттерімнің ішінен Әлем және Азия чемпиондары, республикалық деңгейдегі рекордсмендер де шықты. Табанды түрде еңбекті жалғастырып, стартқа дайындала береміз. Алайда қазірдің өзінде 2024 жылы амандық болса, Қазақстанға Олимпиаданың алтын медалін алып келеміз», - деді елордада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңіне орай өткізілген жиында.

«Қазақстанның жаңа есімдері» жобасының мақсаты - тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихы мысалында табыстылық, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм және білімге табыну идеяларын ілгерілету. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына 1 673 өтінім келіп түскен. «Қазақстандық жас кәсіпкерлер арасынан – 129 адам, ақ халатты абзал жастардан – 106 адам, мәдениет жастарынан – 373 адам, қоғам белсенділерінен – 307 адам, салауатты өмір салтын ұстанатын – 411 адам, ғылым-білім жолында еңбек етіп жүрген – 336 адам, және т.б. қазақстандық жастың және Қытай мен Ресейдегі қазақ жастарының өтінімі қабылданған екен. 

 

Суреттер inform.kz сайтынан алынды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала