Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ЕЛОРДАДА ЖАЗУШЫЛАР ҮЙІ АШЫЛДЫ

Бұдан былай елордалық жазушылардың бас қосып, алқалы кеңес құратын арнайы орны бар. Зиялы қауым өкілдері, белгілі жазушылар, Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Одақтың астана филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы мен қала әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында Жазушылар одағы астаналық филиалының жаңа ғимараты ашылды.  

Елордада Жазушылар одағының бөлімшесі болғанмен, жеке ғимараты болмаған еді. Енді міне, астаналық жазушылар талай жылғы армандарына қол жеткізді.  Еңселі ғимараттың ішінің безендірулі де көркем. Жеке мәжіліс залы, кітапханасы және шығармашылық қызметпен айналысуға мүмкіндік беретін орындар бар. Белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы басқаратын Жазушылар Одағы елорда филиалындағы жазушылар саны қазір 150-ге жуықтаған екен. Бұдан былай қалам ұстаған қауымның Шұбар ауданындағы еңселі ғимаратқа ағылары сөзсіз. Жазушылар қауымы өз кезегінде Одаққа белгілі қаламгер Ұлықбек Есдәулет келгелі, астана филиалына тарланбоз ақын Дәулеткерей Кәпұлы басшылық еткелі әдебиет, руханият саласына қан жүгіре бастағанын айрықша атады. Биылдың өзінде бас қалада бірнеше ірі халықаралық шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда,  қыркүйек айында Азия қаламгерлерінің форумы болып өтті. Кеңес Одағы кезінде өткен шараны Тәуелсіз ел ретінде араға жылдар салып барып тағы ұйымдастырдық. Сол шараның шеңберінде Абай көшесінің бойынан Қаламгерлер аллеясы ашылған еді. Одан кейін шілде айында елордада тұңғыш рет Еуразия астаналары қаламгерлерінің халықаралық форумы болып өткенін айта кеткен абзал. Қала күніне орай Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы ұйымдастырған шараға 20 мемлекеттің танымал астаналық жазушылары қатысқан болатын. Қаламгерлер Жазушылар үйі Қазақ мәдениеті мен руханиятының қара шаңырағына айналады деген үмітте. Атап айтарлығы, салтанатты рәсімнің алдында Нұр-Сұлтан қаласында биыл 125 жылдық мерейтойлары мерекеленіп жатқан Алаш қайраткерлері Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және Сәкен Сейфуллиннің ескерткіші ашылған еді. Қаламгерлер аллеясына қойылған үш алыптың мүсінінің тұсуакесерімен Жазушылар үйінің бір күнде, бір мезетте ашылуы тарихи сабақтастықтың әдемі үйлесімін көрсеткендей. 

 

 

 Суреттер Дәулеткерей Кәпұлының фейсбук парақшасынан алынды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала