Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

РОБОТ VS HOMO SAPIENS...

Әлемде роботтар жайлы ойға симайтын болжамдар мен көзқарастар жиі айтылатын болып алды. Солардың ішіндегі кең тараған әпсана мынау: осы ғаламды ақылды роботтардың басып алатындығы... Ал адамзат баласының біртіндеп өз ақыл-ой қуатымен жасап шығарған жасанды интеллекті, яғни роботтардың алдында тізе бүгетіндігі жайылы ойсалар болжам.

Батыстың белгілі журналисі «Адамзаттың соңғы өнертабысы – жасанды интеллект және Homo sapiens дәуірінің ақыры» атты кітаптың авторы Жеймс Баррат өз оқырмандарының арасында «жасанды интеллектінің пайда болуы мүмкін бе және ол қай кезде пайда болады?» - деген сұрақтардың жауабын іздеп сұрау жүргізеді. Нәтижесінде сұрауға қатысқандардың 40%-ы жасанды интеллекті 2030 жылы, 20%-ы 2100 жылы, 25%-ы 2050 жылы, 10%-ы кейін пайда болады десе,  2%-ы мүлдем пайда болмайды деп жауап берген.

Ал робоэтика маманы Майкл Литтман «Адамзаттың өзі жасаған аса ақылды роботтарға құл болуы немесе олардан жеңіліс тауып, құрып кетуі тек ғылыми фантастикаларда ғана болады. Кез келген жаңа технология сияқты жасанды интеллектінің де өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар, біз ақылды роботтардан қорқып, бұл саладағы зерттеулерді тоқтата алмаймыз» -дейді.

Робототехника саласында зерттеулер жүргізетін ғалымдардың, инженерлер мен кәсіби мамандардың тағы бір тобы осы бастан «машиналық мораль» деп аталатын заң жобасын жасауды көздеп отыр. Олардың ойынша, «роботтарда толық жетілген жасанды интеллект болған кезде адамға тән мінез бен эмоция да болады, сол кезде оларды адамнан ажырату қиындай түседі» дейді. Сол кезде машиналық морал яғни роботтардың жүріс-тұрысын басқарудағы моральдық білімдердің қажетілігі туындайды.

Бұл саланы тереңнен зерттеп жүрген Американың Миннесота штатындғы философия және жаратылыстану ғылыми орталығының жетекшісі, философ Г.Фейгл: «қазіргі кездегі ғылыми психология ең алдымен рухын жоғалтады, кейін есінен айырылып, сосын ақылынан алжасады» -дейді. Бұл қысқа ғана тұжырым арқылы ол қазіргі заманғы ғылым дамуының бір үрдісін  сипаттап отыр. Яғни ол бүгінгі күнге дейін ешқандай да технологияның көмегімен баламасын жасау мүмкін емес, олар тек адамға ғана тән деп санап келген рухани немесе психологиялық құбылыстарды жай ғана адам миында болатын биохимиялық үдерістердің нәтижесі дегенге саяды. Олай болса сіз бен біздің күнделікті кейіптегі эмоцияларымызды, мінезімізді, қарым-қатынас жасаған кездегі этикалық-эстетикалық реакцияларымызды белгілі бір формулалар көмегімен синтездеуге болады деген сөз. Ендеше қазіргі заманғы аса қуатты технологиямен жасақталған робот-машинаға адам кейпін беріп, оған мінсіз жасанды инттелект орнатып, оның үстіне барлық адамға тән мінез бен эмоцияларды меншіктеп берсек, бұл затқа құр машина ретінде қарауға бола ма?! Мүмкін, адамзат эволюциясының келесі түрін осылайша өзіміз жасап  шығаратын болармыз...

Шын мәнінде қазіргі IT технология, робототехника, биотехнология, биоинженерия және медицина сияқты заманауи ғылымдардың даму қарқыны мен салада ашылып жатқан жаңалықтарға қарап жақын болашақта роботтармен бірге өмір сүре бастайтынымызға сенуге болады. Әсіресе, медицинада адам ағзасын жасанды бөлшектермен алмастыру кең етек жайған кезде арамызда роботикалық бөлшегі бар адамдар да көбейе түспек. Қазірдің өзінде жасанды мүшелерге мидан электрлік импульстер арқылы басқару командасын бере алатын технологияның бар екенін ескерсек, адам мен робот ағзалардың өзара интеграциялану мүмкіндігі өте зор. Тіпті, фантазияға ерік берсек, болашақта адам миын қазіргі есептеу машиналарымен тікелей байланыстыра алатын физикалық интерфейстер пайда болуы да мүмкін. Бұл жағдайда жоғарыда айтылған жасанды интеллектінің де қажеті болмайды. Яғни бұл кезде ең қуатты технология мүмкіндіктерімен жасақталған адам-машина пайда болады. Ал, бұл өз кезегінде Homo sapiens-тің жеңісі болады.

 

Таннұрбек ТАБЫСҰЛЫ, робототехника саласының ізденушісі

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала