Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҮШ ҚАЛАНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛДІ ЖУРНАЛИСТЕРІ БІЛІКТІЛІГІН ШЫҢДАДЫ

Павлодар, Ақтөбе және Қостанай қаласында «Мультимедиалық журналистика: сапалы контент дайындау мәселелері» атты бір күндік семинар-тренинг болып өтті. Қазақ тілді журналистердің біліктілігін арттыру (ERG) Еуразиялық топқа қарасты «ERG Көмек» корпоративтік қорының өңірлік журналистиканы дамытуға бағытталған шараларының бірі. 

Үш қалада өткен тегін семинар-тренингке әр қаладан жергілікті БАҚ-тарда жұмыс істейтін 20-дан астам журналист қатысып отырды. Оларға Қайнар Олжай, Мейрамхан Жәпек, Ербол Азанбек, Нұрлан Жанай мен Ержан Қалымбайұлы сынды медиа тренерлер мультимедиалық журналистикаға қатысты сабақтар берді. Сонымен қатар, қазақ тілді журналистикадағы ең өзекті тақырыптардың бірі — сапалы контент жасаудың қыр-сырын үйретті. Семинар-тренинг бағдарламасы шеңберінде тренерлер мультимедиалық контент қалай жасалатынын, оны жасаудың жолдарын көрсетті. Сонымен қатар, журналистерге мақаланы сауатты жазу, тақырып қою, стилистикалық ерекшеліктер мен ақпаратты визуализациялау, іскерлік журналистика, диджитал журналистика тақырыптарына қатысты сабақтар берілді. Қатысушылар медиа тренерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды. Журналистердің теориялық және тәжірибелік біліктілігін арттыруға арналған шараға қатысқандарға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, жергілікті журналистерге белгілі журналист Ербол Азанбектің жетекшілігімен жарық көрген «Іскерлік журналистика» кітабы да тарту етілді. Ұйымдастырушылар қазақ медиа нарығында алдағы жылдары сапалы контент жасау мәселесі өзекті тақырыпқа айналарына сенімді. Арзан шоу мен дабырасы қалың дүниелер және хайпқа бағытталған бағдарламалардан халық жалыға бастады. Өз өзін өсіргісі келетін, тұлғалық дамып, рухани кемелденгісі келетін тұтынушыларды қазақ тіліндегі сапалы ақпаратпен қамтамасыз етуде БАҚ әлі қауақарсыздық танытып келеді. Көптеген салада ақпарат мүлде тапшы. Салалық, сапалық ақпараттарға сұраныс та күн санап артуда.   

    

     Медиа тренерлердің бірі, белгілі публицист Қайнар Олжайдың айтуынша, мұндай шаралар әсіресе, өңірдегі қазақ тілді журналистердің дамуына оң ықпал етіп, заманға сай ілгерлеуіне өз септігін тигізеді. Ал семинар-тренингтерге демеушілік танытқан ERG компаниясының өкілі Жанболат Серікбайұлының сөзінше, бұған дейін қазақ тілді журналистерді оқыту шарасының форматы сан түрлі болып келген. Былтыр елордаға біраз өңірлерден журналистер алдыртып, оқытқан. Бірақ, соңғы жылдары бір адамның семинар-тренингке бірнеше рет қатысуы, компанияның жүлдесін де бірнеше дүркін  алуы секілді үрдістер байқалған. Сондықтан биылдан бастап аймақтарға шығып, барынша жергілікті журналистерді молынан қамтып, оқытуды жөн көрген. Шараны ұйымдастырушы «Алтын Қазына» қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанболат Тәуелдің айтуынша, қараша-желтоқсан айында үш қалада өткен журналистердің білім-білігін арттыруға арналған семинар-тренингке барлығы 70-тен астам журналист қатысқан. Әр қалаға 20 орын белгіленгеніне қарамастан, кей қалада қатысушылар санын одан асырып жіберуге тура келген. Себебі, қызығушылық танытқан жергілікті журналистердің қарасы мол болған. 

 

EURASIAN RESOURCES GROUP ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА

         Eurasian Resources Group (ERG) – кәсіпорындары қазып шығару, өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында толық біріктірілген, табиғи қорларды өңдейтін әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі болып табылады. Төрт құрлықта орналасқан 14 елде Еуразиялық Топтың кәсіпорындары мен бизнесті дамыту жобалары жұмыс істеуде. Компания өз саласы бойынша ең ірі жұмыс берушілердің бірі. 2014 жылы Eurasian Resources Group 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Басқарушы компанияның бас кеңсесі Люксембургте орналасқан.

Бүгінде ERG феррохром өндіру жөнінен және темір кенін жеткізуші әлемдік деңгейдегі ірі компанияға айналды. Еуразиялық Топ сондай-ақ, дүние жүзіндегі алюминий шикізатын өндіруші компаниялардың ондығына кіреді және мыс пен кобальтты жеткізуші ірі компаниялар қатарында.

         ERG – Қазақстанның тау-кен, металлургия саласының үштен бірін құрайды. Сонымен қатар, ERG – Орталық Азиядағы электр қуатын негізгі жеткізушілердің бірі және ірі темір жол операторы. Қазақстанда Еуразиялық Топ пен еліміз үшін аса маңызды кәсіпорындар орналасқан. Олар: Казхром ТҰК, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ), Қазақстан Алюминийі, Қазақстан электролиз зауыты (ҚЭЗ), Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы (ЕЭК), «Шұбаркөл Көмір» және «ТрансКом» Көліктік тобы. Қазақстандағы ERG кәсіпорындарында 61 мың адам жұмыс істейді.

         Конго Демократиялық Республикасында ERG – Boss Mining, Frontier және Comide кәсіпорындарында мыс және кобальт кенін өндіріп, өңдейді. Аталған елде сондай-ақ, Metalkol Roan Tailings Reclamation (RTR) секілді аяқталуға жақын бірнеше жобалар жүзеге асырылуда.

ERG-дің мыс балқыту зауыты Chambishi Metals PLC – Замбиядағы жетекші кәсіпорын және әлемдегі мыс өндіретін ірі өндіріс орны. Сонымен қатар, компанияның  Африка құрлығындағы бірнеше елде, оның ішінде Оңтүстік Африка республикасында, Зимбабве, Мали және Мозамбикте көмір, марганец, платина, боксит, флюорит өндіру бойынша жобалары бар.

         Бразилияда  ERG жылына 18 млн тонна өнім беретін темір кен өндірісі – Pedra de Ferro жобасын іске асыруды жалғастыруда.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала