Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

Реформалар санмен емес, сапамен өлшенеді

ULYS: Нұрлан Найзабекұлы, осы біз «озық отыз елдің қатарына кіреміз» деп білек сыбанғалы біраз болды. Тілге тиек етіп жүрген сол дамыған елдер өзгелерден несімен озық тұр? «Дамыған елдер" дегенде біздің көз алдымызға көбінесе экономикасы қуатты елдер келеді...

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Біз дамыған, игілікке қолы жеткен елдерге қарап бой түзейміз. Бірақ, «дамыған ел» деген ұғымға нақты анықтама жоқ. Дүниежүзілік банк пен рейтинг түзетін арнайы агенттіктер елдерді өздерінше белгілі бір категорияларға бөліп жатады. Ал шын мәнінде, дамыған ел сіз айтқандай тек экономикасы қарыштаған мемлекет емес. Оның сыртында технологиясы дамыған, сонымен қатар, қауіпсіздігі бекем, өмір сүру деңгейінің жоғары болуы сияқты алуан түрлі өлшемдерге  жауап бере алатын ел. Осы жоғарғы деңгейге сай келетін елдер негізінен экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше болып отыр. Ал ЭЫДҰ стандарттары өте ерекше. Ол – ақпараттық коммуникацияларды дамытуды қоса алғанда білім, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік басқару мен аумақтық даму сонымен қатар, ғылым салаларында дамыған елдердің іргелі даму индикаторлары болып саналады. Сондықтан еліміздің басты стратегиялық мақсаты да болашақта осы ұйымнан өз орнын алу. Себебі, қазірдің өзінде еліміздің жалпы сыртқы саудасының 51% ЭЫДҰ елдеріне тиесілі, бұл дегеніміз 32 млрд.

ULYS: Демек, отыздықты межелеу үшін алдымен экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше болуымыз керек қой...

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Әлбетте, аталған ұйымға қазір 37 ел мүше. Олар Еуропалық одақ елдері, АҚШ, Канада, Корея, Жапония, сонымен катар, Латын Америкасынан Мексика мен Колумбия бар. Әлемдік ЖІӨ-нің 60 пайызы солардың үлесінде. Яғни олар жоғарыда атап өткенімдей, терең жаңғыру жолынан өткен, халқының өмір сүру стандарттары дамыған, экономикасының, бизнесінің және еңбек өнімділігінің даму көрсеткіштері жоғары мемлекеттер. Ресей де ұйымға мүше болуға шақырту алған болатын, кейін Украинамен қарым-қатынасы, Қырым жағдайына байланысты процесс тоқтатылды. Мүше болуға қызығушылық танытып отырған елдер санатында Аргентина, Бразилия, Вьетнам, Марокко, Перу, Румыния, Болгария, Хорватия бар. Ал ЭЫДҰ құрамына кіргісі келетін мемлекет Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) міндетті түрде мүше болуы керек. Біз бұл мақсатты еңсердік. 2015 жылы ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болып қабылдандық. Біздің Сыртқы сауда саясатын дамыту орталығымыз да әу баста Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне аналитикалық, эксперттік қолдау көрсету үшін құрылған болатын. Шетел асып, үлкен халықаралық мектептерден өткен тәжірибелі мамандарымыз енді ЭЫДҰ шеңберінде де әріптестікті дамытуға көмегін тигізіп жатыр.

ULYS: Ұйымға мүше болу үшін Қазақстан нақты қандай жұмыстар жасап жатыр?

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Қазіргі кезде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен тығыз байланыс еліміздің сыртқы экономикалық саясатындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстанның аталған халықаралық ұйыммен өзара әріптестігіне биыл 10 жыл болды. Еліміз 2008 жылы «Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасының» шеңберінде жұмысын бастап, 2013-2016 жылдар ішінде Орталық Азия  бастамасына тең төраға болу арқылы табысты жұмыс істеуде. 2015 жылы Елдік бағдарламаға қол қойылуы ЭЫДҰ мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне айналды. Себебі, ЭЫДҰ-ның аталған бағдарламасы әлемнің 4 елінде ғана бар: Перу, Морокко, Қазақстан және Тайландта. Елдік бағдарлама үшін белгілі бір құрлықтан бір ел ғана таңдалатынын айта кету керек. Демек, Қазақстанның бұл арнайы бағдарламаны жүзеге асыратын әріптес ретінде таңдалуы ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттердің біздің елге деген жоғары сенімін көрсетеді. Қазақстан жүргізіп жатқан реформаларын санмен ғана емес, сапасын да көрсету керек. «Қазақстан-2025» стратегиясының көп индикаторлары ЭЫДҰ стандарттары мен принциптеріне бағдарланған. Сондықтан да еліміз реформалар арқылы экономиканың барлық салаларында ілгерілеушілікті көрсетсе, көп ұзамай мүшелікке шақырту алады деп сенемін.

ULYS: ЭЫДҰ-ға мүше болу бізге нақты не береді, Қазақстанның дамуына қаншалықты ықпал ете алады?

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Ең алдымен ұлттық заңнама нормалары Ұйым ұстанымдарымен сәйкестендіріледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқарудың сапасын арттырып, бизнес жүргізуді қолайлы етеді, елдің іскерлік және несиелік рейтингін көтереді, сондай-ақ, тікелей инвестициялар ағыны өсімін қамтамасыз етеді. ЭЫДҰ-ның жеке меншік құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, халықтың өмір сүру сапасын көтеру және құқықтың ұлықтылығы қағидаттарын жетілдіру  саласындағы озық тәжірибелері мен стандарттарының негізінде әзірленген 59 Заң қабылданды. Ұйыммен ынтымақтастық нәтижесінде адами капиталды дамытуға, мемлекеттік басқаруға сондай-ақ инвестициялар тарту мен қолдау саласындағы саясатты жетілдіруге бағытталған 13 жоба іске асырылды. Ұйым сарапшылары 535 ұсыным берген болатын. Аталған ұсыныстарды іске асыру үшін Ұлттық жол картасы қабылданды. Мысал ретінде инвестициялық саясат бағытына тоқтала кетейін. Елдің инвестициялық әлеуетін күшейту үшін Қазақстан ЭЫДҰ ынтымақтастығы аясындағы озық тәжірибелерге сүйенуде. ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның инвестициялық саясатына аукымды шолу жүргізді, оның қорытындысы бойынша ЭЫДҰ елдің инвестициялық климатын одан әрі жақсартуға жол ашатын нақты ұсыныстар берді. Нәтижесінде, тек инвестиция саласының өзінде заңдар қабылданып, көптеген жеңілдіктерді жүзеге асырдық. Қазақстан қазір Ұйымның 35 жұмыс органына қатысуда. Сарапшыларымыз ұйымның іс-шараларына қатысып қана қоймай, өз тәжірибелерін де бөлісе алады. Әу дегеннен өзіңіз сұраған әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен стандарттарын имплементациялу және енгізу арқылы қол жеткізуге болады.

ULYS: Екі жылдан кейін Астанада Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) министрлерінің XII конференциясы өтеді. Қандай мәселелер қаралады?   

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Иә, биыл Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер бірауыздан 2020 жылдың жазында Астанада ДСҰ министрлерінің XII конференциясын өткізуге қатысты шешімді қабылдады. Алқалы шараға 164 мүше-елдің сауда министрлері мен ұзын-ырғасы төрт мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр. Соңғы кездері ДСҰ реформалау мәселесі жиі көтіріліп келеді. Санкциялар мен сауда соғыстарына куә болып отырмыз. Осы ретте көпжақты келіссөздерді жетілдіру туралы да жиі айтылып жүр. Негізінен осындай іргелі тақырыптар талқыланады деуге болады. Астана конференциясында ұйымның дамуына соны серпін беретін, халықаралық сауданы реттейтін тарихи құжаттар қабылданарына сенім мол.

ULYS: Орталық Азияда барлық салада интеграцияның жаңа кезеңі басталды деуге болады. Туыстас, көрші елдермен экономикалық байланыстарымыз көңіл көншіте ме?

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Негізінде, Орталық Азиядағы өзара сауданың әлеуеті толық қолданылмай келеді. Жалпы тауар айналымы бар жоғы 4 млрд. АҚШ долларын ғана құрайды. Ортаазиялық көршілердің ішінде Өзбекстан ғана сауда әріптестеріміздің үздік ондығына ене алды. Яғни 7-орында. Орталықтың сарапшылары жүргізген зерттеулерге сәйкес сыртқы сауда басымдылығы индексі бойынша Орталық Азия елдері өзара бірін-бірі камтамасыз ететін елдер санатына жатады. Сондықтан аймақ елдері арасынды сыртқы сауда әріптестігін ары қарай дамыту өте маңызды.

ULYS: Ал енді біздің екі жағымыздағы алып көршілеріміз АҚШ тарапынан экономикалық қыспақ көріп жатыр. Көршілердің көңілсіз күйі біздің де көңілге қаяу салып жүрмей ме?

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Иа, АҚШ екі бірдей көршімізге Ресейге де, Қытайға да сауда-экономикалық санкциялар салды. Екеуі де біздің басты сауда әріптестеріміз болған соң бізге де жанама әсері болатыны анық. Себебі, кез келген екі жақты санкция дүние жүзілік саудаға салқынын тигіезді. Мәселен, осы жылдың наурыз айынан бастап Қытай мен АҚШ өзара импорттарына протекционистік шараларды колдана бастады. Bloomberg Қытай экономикасының өсу болжамын 2017 жылмен салыстырғанда болжанған межеден (6,5%) 0,4% төмендегенін айтады. Қытай экономикасының өсу қарқынының бәсендеуі Қазақстаннан алатын шикізат өнімдері көлемін азайтады. Қытайға мұнай және газ, уран, мыс, қара металл т.б. шикізаттарды экспорттау көрсеткішінде өзгерістер болуы мүмкін. Енді солтүстік көршімізге қатысты айтар олсақ, биыл сәуір айынды АҚШ Қаржы министрлігі ресейлік кәсіпорындар мен топ-менеджерлеріне қарсы санкция енгізгені белгілі, көп ұзамай Ресей мамыр айында АҚШ немесе басқа шетел мемлекеттерінің компанияларына мемлекеттік сатып алулар бойынша келісімшарттарда және мүлікті жекешелендіруге қатысуға тиым салды. АҚШ-қа шикізат тауарларына баж енгізу тиімді емес. Себебі, бұл тауарлар басқа нарыққа қайта бағдарлануы мүмкін. Ресей экспортындағы АҚШ үлесі – 5% және сауда санкцияларына елеулі  шығын келтірмейді. Америкалық санкциялар Ресей қор нарығында капиталдандыру деңгейін төмендетіп, кері әсерін тигізеді. Соңғы 4 жылда ресейлік рубльге АҚШ долларының курсы 74% артты  (35,6 руб/доллардан 62,3 руб/долл. дейін). Өз кезегінде бұл жағдай теңге бағамына әсер етпей қоймайды. Санкцияларды енгізгеннен кейін, Ресей Федерациясының сыртқы жиынтық қарызының көлемі 29%-ға қысқарды. Бұның жақсы да, жаман да жақтары бар: сыртқы қарыз төмендейді, бұл қаржылық ресурстарға қолжетімділікке қатысты санкцияның оң нәтижесі болып саналады. Бірақ бұл ресейлік кәсіпорындар қарыздарынан құтыла отырып, жаңа жобаларды қаржыландыру үшін жаңа қарыз ақша алуға мүмкіндіктері шектелгенін білдіреді.

ULYS: Уақыт бөліп, сүбелі сұхбат бергеніңізге көп рақмет!

НҰРЛАН ҚҰЛБАТЫРОВ: Сіздерге де алғыс білдіремін.  «ULYS» ұжымына табыстар тілеймін!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ULYS ANYQTMA

 

Нұрлан Найзабекұлы ҚҰЛБАТЫРОВ

 

К.А. Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің түлегі

 

Ұлттық экономика министрлігінің «Сыртқы сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала