Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚЫРҒЫЗСТАНҒА МЕМЛЕКЕТТІК САПАРМЕН БАРДЫ

Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапармен барды. 

 

Қазақстан Президентін «Ала-Арча» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Құрмет қарауылын аралап өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін бауырлас елдердің басшылары «Ақсақалдар» залында шағын құрамдағы келіссөздер өткізген. Тараптар екіжақты стратегиялық серіктестік бойынша, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы, сондай-ақ, халықаралық құрылымдар аясындағы көптеген мәселелерді қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековке қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, оның қазақ-қырғыз ынтымақтастығын нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалады. Қазақстан Президенті өзінің Бішкекке жасаған мемлекеттік сапарына зор мән беретінін атап өтіп, екі бауырлас халық арасында ешқандай қарама-қайшылықтың жоқ екенін айтты.  Ал Сооронбай Жээнбеков болса, Қазақстан Президентінің сапары екі ел қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековті 2020 жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.  

 

Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары Мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысын өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай форматтағы отырыстың 2014 жылы Қазақстан астанасында өткеніне тоқталды.

– Кеңес жұмысының біраз уақыт кідіріп қалғанына қарамастан, аталған жиын екіжақты қатынастардың барлық бағыттары бойынша маңызды саяси шешімдер қабылдауға септігін тигізетін ынтымақтастықтың жоғары органы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қырғызстан Қазақстан үшін тату көрші, одақтас және бауырлас мемлекет.  

– Бізді мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан достықтың берік арқауы біріктіреді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді, қилы кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетті. Осындай достық байланыстардың негізінде біз қазіргі кезеңде де өзара қарым-қатынастарымызды табысты жолға қоя білдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті маңызды жетістік ретінде осыған дейін жасалған 180-ге жуық шарт мен келісімдердің шарттық-құқықтық базасына назар аударды.

– Қазақстанның екіжақты қатынастарының мұндай жан-жақты институционалдығы өзге ешбір мемлекетпен жасалмаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көлік-транзиттік инфрақұрылымы қалыптасқан ортақ шекараның болуы, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестігі – екі елдің экономикалық байланыстарының басымдығы деп атап өтті.  Осының арқасында Қазақстан Қырғызстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналып, көрші елдің сыртқы сауда айналымында үшінші орынға берік орнықты.

– Біздің сауда айналымдарымыздың көрсеткіші үшінші жыл қатарынан өскені байқалады. 2015-2018 жылдар аралығында өзара сауда-саттық көлемі 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жетті. Қазақстан қырғыз экономикасына 1 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі болды, – деді Қазақстан Президенті.

Сооронбай Жээнбеков алдағы уақытта қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы екі ел халықтарының игілігі жолында одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

 

2020 ЖЫЛЫ БІШКЕКТЕ АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛАДЫ

 

 

 

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланыстарды қалыптастыру және дамыту ісіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өтті.

Келіссөздер барысында қырғыз тарапы 2020 жылы Бішкекте Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы Президенті мен Қырғыз Республикасы Президентінің бірлескен декларациясы;

2. «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы»;

3. Жоғары Мемлекетаралық Кеңестің шешімдер жиынтығы;

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының «Қарасу – автожол» және Қырғыз Республикасының «Ақ тілек – автожол» өткізу пункттері арасында жаңа көпір салу және қазіргі көпірді қайта жөндеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы келісім;

6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қырғыз Республикасы Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік қызметі (қаржы полициясы) арасындағы экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерінің Бас штабы арасындағы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерінің әскери аэродромдарында әскери әуе кемелерін қабылдау, аэродромдық-техникалық қамтамасыз ету және күзету туралы келісім;

8. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

9. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Экологиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясы арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандум;

10. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды ілгерілету және іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім.

Мемлекет басшысы екі елдің көпжақты құрылымдар аясындағы табысты ықпалдастығын және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелер жөнінде көзқарастардың  ортақ екенін атап өтті.

 

ТАУАР АЙНАЛЫМЫ ЖЫЛ САЙЫН АРТЫП КЕЛЕДІ

Қазақстан мен Қырғызстан делегацияларының арасында өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қырғызстанға жасаған сапарының ерекше маңыздылығын атап өтіп, елдерімізді ежелден жалғасып келе жатқан тығыз достық байланыстарымыз, терең тамырымыз, тіліміз бен мәдениетіміз біріктіретінін айтты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде одақтастық әрі стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткен екіжақты байланыстарды дамытуға Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбековтің  қосқан үлесіне тоқталды.  

– Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков  2017 жылы саяси ерік-жігер танытып, екі ел үшін де маңызды саналатын мемлекеттік шекараның құқықтық мәртебесін бекітті. Бұл Қазақстан мен Қырғызстанның бүкіл әлем қоғамдастығына тату көршілік рухының жарқын үлгісін көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Қазақстанның Президенті ретінде көпжақты қазақ-қырғыз ықпалдастығын дамыта беруге ниетті екеніне назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған Бірлескен декларация соның айқын дәлелі.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға баса назар аударылғанын мәлімдеді.

– 2015-2018 жылдары екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жуықтады. Соның нәтижесінде еліміз Қырғызстанның жетекші сауда серіктесіне айналды және Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орынды берік иеленіп отыр. Өз кезегінде Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстан – Қазақстанның екінші сауда серіктесі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте, Қазақстан Президенті тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу міндетіне айрықша тоқталды. Келіссөздер барысында кәсіпкерлер тұрақты түрде тікелей байланыс орната алатын арнайы алаң құру бастамасы талқыланды.

– Қазақстан мен Қырғызстанның өңіраралық форумын өткізу тәжірибесін енгізу осының бір мысалы бола алады. Үкіметтерге бұл ұсынысты пысықтау тапсырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өзара сауда-саттықтың шамамен 50 пайызын құрайтын шекара маңы ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Экспорт-импорт операцияларын қолдап, ынталандыру үшін Қазақстан тауарларды рәсімдеу және дайындау жөніндегі логистикалық орталық құруды ұсынып отыр. Бұл жобаның іске асырылуы елдеріміздің аумағында әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, тауарларды жылжытуға айтарлықтай мүмкіндіктер туғызады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Су және энергетика саласындағы мәселе – кездесудің маңызды бөлігі. Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердегі су ресурстары ортақ байлығымыз деп санайды.

Келіссөздер барысында екі ел басшылары мәдени-гуманитарлық саланы одан әрі дамытудың перспективаларын жеке мәселе ретінде қарастырды. Атап айтқанда, алдағы уақытта елдеріміздің өзара Мәдени күндерін ұйымдастыру ұсынылды. Соңғы рет мұндай шара алты жыл бұрын өткізілген болатын.

Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған екіжақты құжаттарға баса мән беріп, жалпы сипаты бойынша серіктестігімізді нығайтуға тың серпін беретін Ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасына ерекше тоқталды.

 

ТАҒЗЫМ

Мемлекет басшысы Қырғызстанға жасаған мемлекеттік сапарының мәдени іс-шаралар бағдарламасы аясында Президент Сооронбай Жээнбековпен бірге қырғыз халқының көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Музей-үйіне барды. Қазақстан Президенті қаламгердің 22 жыл бойы тұрған үйінде ашылған музейдегі жәдігерлермен танысты. Жазушының әйелімен және баласымен әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті  Ш.Айтматовпен 1989 жылы Пекинде танысқан сәтін еске алды.
Мемлекет басшысына Бішкек қаласында Ш.Айтматов атындағы мәдени орталық ашылатыны туралы айтылды. Экскурсия соңында Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сооронбай Жээнбековпен бірге Бішкектегі «Ата бейіт» Ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барғанын да айта кеткен абзал. Мемлекет басшылары 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қаза болғандарға орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қабіріне барып, рухына тағзым етті.

 

 

Суреттер akorda.kz сайтынан алынды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала