Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

Антропогенез (адамзаттың тегін зерттейтін ғылым) тұжырымы бойынша, Орал-Алтай тілдері 13-12 мың жыл бұрын бөлінген. Түркілік мәдениеттің бастау басы осы кезеңнен тасталады. Ал түркілік мәдениеттің қалыптасу кезеңі б.з.б. ІІІ-І мың жылдар аралығы. Б.з.б. І мың жылдық пен б.з. І мың жылдағы түркі мәдениетінің нығаю кезеңі. Көшпелілердің немесе арғы Сино-кавказдықтардың кезеңінде алғаш сызу өнері пайда болғанын Моңғол Алтайдағы Хойт-Цэнхэр үңгір суретінен көре аламыз. Алғашқы таңбалар да осы дәуірге тән.

Түрколог Қаржаубай Сартқожаұлының соңғы 30 жыл жүргізген зерттеуінің нәтижесінде көшпелілер (түркілер мен моңғолдар) төрт даму кезеңнің бастан кешіргенін анықтап берген.

  1. Фразограмма – адамзаттың алғашқы жазуы. Ол бейне суреттен және таңбалардан тұрады. Бұл кезеңнің мұралары Моңғолиядағы Хойт-Цэнхэр үңгір суреттері мен таңбалары (бұдан 20-15 мың жыл бұрынғы құндылық), Чандман Хар-үзүр, Ишгэн-толғой, Кіші-Ойғыр.
  2. Логограммалық жазудың тілі – таңба. Таңба кескіндері жеке-жеке сөздің мәнін береді. Тұжырып айтсақ, сөйлеу әрекетіндегі сөздің жеке-дара семантикалық бірлігі. Бұл кескіннің түркілік деректері «belgu» (елтаңба-герб, геролдина), «tamγa-möhör-mör» (мөр-печать), «tuγraγ» (таңба, клеймо, метка).
  3. Силлабограммалық (буындық) жазу. Түркілердің буындық жазуының ерекшелігі: Сөздің мағыналық бөлшегін білдіретін екі дауыссыздардың қосындысын таңбалайтын кескіндер.

Буындық жазудан кейін ежелгі түрік бітіг фонограммалық сипатқа көшіп, өзінің даму үрдісін алға жылжытты. Бұл кезеңдегі түрік бітігтің ерекшелігі ешқандай ережесіз, ағымдық түрде әріп кескіндерін (графика) жуан және жіңішке айтылымына қарамай тізіп жазып кете берген. Бұл үрдіс б.з. ІІ – б.з. VІ ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Ол дәуірдің тарихи нақты мұралары Сюнну жазулары.

Түркілік дүниетаным негізінде түркілік әліпби жүйесін (система) жасаған. Еуразия құрлығын мекендеуші түркі этносы Көк Түркі қағанаты орнағанға дейін өзінің ұлттық Бөгү (Тәңірілік) дінін қолданып келген. Басқа діндермен рухани болмысы ластанбаған. Осы Бөгү (Тәңірілік) діннің дүниетанымының негізінде жасалған әліпби жүйесі бүкіл-бүтін этносты бір тудың астына жинап, бір идеологияға бағындыруға ілкімді құрал болған.

Түріктердің шығысы Сарөзеннен, батысы Дунайға дейін 10000 км, оңтүстігі Тәңіртаудан солтүстігі Сібірге дейін 5000 км аралықта әр түрлі диалектіде сөйлеген. Осы алып Еуразия құрлығын мекен еткен әр түрлі диалектіде сөйлейтін түркі халықтарының тілдік негізгі сипатын, ерекшелігін, тілдік спецификасын байырғы түркі әліпбиіне сіңіріп бере алған.

Байырғы түрік бітіг алфавиті түріктердің, түркі тектілердің бір ғана жазуы болғандықтан, осы құдретті қару арқылы бүкіл түркілердің рухани бірлігін, дүниетанымдық бірлігін қалыптастыруды мұрат тұтып, әрбір кескіндерінен бастап бір жүйеге келтірген.

 

Жантегін ҚАРЖАУБАЙҰЛЫ, түрколог

 

 

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала