Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

ТҮРКИЯ ҚАЗАҚСТАНҒА 10 000 КІТАП ТАРТУ ЕТТІ

Түркия Республикасының Мәдениет және Туризм министрлігінің Түркі әлемі кітапханаларына тарту шарасы шеңберінде «Кітап ең мықты көпір» жобасы аясында Қазақстанға 10 мың кітап тарту етілді. Түркияның ғылыми және әдеби шығармалар авторларының кәсіптік ұйымы (İLESAM) қолға алған маңызды шараға Түрік Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігінің (TİKA) қолдау танытқан.  

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен шараны ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры  Дәулеткерей Кәпұлы  түркі әлімінің руханият саласындағы күн санап артып келе жатқан ынтымақтастығына тоқталды. ИЛЕСАМ басшысы әрі белгілі түрік ақыны Мехмет Нури Пармаксыз 10 мың кітаптың жартысының елорда кітапханаларына, ал қалғаны Алматы кітапханаларына тарту етілетінін атап өтті. Оның сөзінше, құнды кітаптар тарих, әдебиет, психология, әлеуметтану, энциклопедия мен  сөздік сынды негізгі 15 тақырыпты қамтиды. Ерекше жоба былтыр басталған. 2018 жылы Әзірбайжанға ИЛЕСАМ ұйымы 15000 кітап сыйлаған. 21-қарашада 10 мың кітап  Қырғызстанға тарту етіледі. Ал келер жылы бұл акция  Өзбекстан мен Балқан елдерінде жалғасады.  ИЛЕСАМ-ның Әзірбайжандағы өкілі және Әзірбайжан Жазушылар Одағының халықаралық байланыс істерінің жетекшісі, ақын Хаял Рза Әзірбайжанда «ақындар күні» атты жаңа мерекенің бірнеше жылдан бері тойланып келе жатқанына тоқтала келе, келесі жылы аталған мейрам аясында Абай күнін атап өтетіндерін айтты.  Сонымен қатар ол, келер жылы Бакуда тұңғыш рет түркі халықтары кітап фестивалін өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Атап кетерлігі, ИЛЕСАМ ұйымы (Түркия Ғылым және Әдеби Шығармалар иелері мамандықтарының бірлестігі) 1986 жылы құрылған. Ғылым және әдебиет саласындағы алғашқы және ең үлкен мамандар бірлестігі. Бірлестік басшылығы және қаржылай материалдық негізі Түркия мемлекеті Мәдениет және Туризм министрлігіне қарасты. Ақын, жазушы және ғалымдардың авторлық құқықтарын қорғаумен қоса, ұлттық және халықаралық дәрежеде мәдениет өнер және әдебиет шараларын іске асыруда. Әлемнің түкпір түкпірінде өкілетті мекемелері бар.

Суреттер ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың фейсбуктегі ресми парақшасынан алынды. 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала