Валюта бағамы
  • USD -

    523.7
  • EUR -

    616.5
  • RUB -

    6.57
Ескендір АҚЫЛБАЕВ: ГЕОСАЯСИ ШЫНДЫҚҚА БЕЙІМДЕЛУГЕ ДАЙЫН БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК
19 қараша 2019
Ескендір АҚЫЛБАЕВ: ГЕОСАЯСИ ШЫНДЫҚҚА БЕЙІМДЕЛУГЕ ДАЙЫН БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

Ескендір АҚЫЛБАЕВ: ГЕОСАЯСИ ШЫНДЫҚҚА БЕЙІМДЕЛУГЕ ДАЙЫН БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК

ULYS: Ескендір, Қазақстанның халықаралық қатынастар кеңесінің (Kazakhstan Council on International Relations (KCIR) атқарушы директорысыз? Жас болсаңыз да осындай үлкен жауапкершілігі зор қызметке бас болдыңыз? Қиын емес пе, қандай жауапкершілік сезінесіз?

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: Ия, әрине, мен үшін бұл жауапкершілігі өте зор қызмет әрі үлкен мектеп. Қиын һәм қызық. Өйткені, кез келген елге барғанда Қазақстанның атынан барасың. Сенің білім-білігіңе, дипломатиялық мәдениет-машығыңа қарап та еліңді бағалауы мүмкін. Қазақстан халықаралық қатынастар кеңесінде қызмет ету ең бастысы—үлкен шабыт беріп, күш-қайратымды арттырады. Себебі, жоғары деңгейдегі мүйізі қарағайдай кәсіби мамандар арасында болу білімімнің тереңдеп, біліктілігімнің кемелденіп, шыңдалған болаттай болуыма ықпал етеді. Сосын менің жас болсам да жақсы жетістіктерге жетуім тілеуқорларым — ата-анамның ақылы мен тілегі деп ойлаймын. Ол кісілердің дипломатия я болмаса, сыртқы саясатқа ешқандай қатыстары жоқ. Бірақ, менің осындай мамандық таңдауыма кеңес беріп, әлеуетімді арттырып, қабілетімді ұштауға көп бағыт берді.  

ULYS: Енді Қазақстанның халықаралық қатынастар кеңесінің мақсатына тоқталып, жасаған жұмыстары туралы қысқаша айта кетсеңіз?

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: Қазақстанның халықаралық қатынастар кеңесі 2017 жылы 10-мамырда Қазақстан саяси ғылымдар Ассоциациясы мен Қазақстан дипломаттары бірлестігінің бастамасымен құрылған. Бірлестіктің Құрметті төрағасы — Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза. Ал Кеңестің төрағасы - белгілі саясаттанушы, "Қазақстан" РТРК" АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мырза. Сонымен қатар, Кеңес Төралқасының құрамына Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі  Нұрлан Онжанов, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ірі дипломаттар және отандық жетекші талдау орталықтарының басшылары кіреді. Ал кеңестің басты мақсатына келер болсақ: Қазақстанның маңызды халықаралық бастамаларына қолдау жасау және сараптама жүргізу; халықаралық қатынастар саласындағы отандық сарапшыларды біріктіру; сарапшылардың және ғылыми жұмыстардың бірыңғай дерекқорын құру; саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша қазақстандық мектеп қалыптастыру. Сонымен қатар, бұл бастама сарапшы қоғамдастық пен мемлекеттің өзара іс-қимылын қолдауға бағытталған, сондай-ақ, жаһандық тұрғыдағы күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселелерді талқылау және ұсыныстар әзірлеу. Кеңес Төрағасының ұйытқы болуымен халықаралық және аймақтық маңызды мәселелер бойынша сарапшылар жиыны, форумдар мен конференциялар өткізіліп, салалық кітаптар басылып, арнайы бағдарламалар дайындалды. Жалпы, халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның халықаралық қатынастар кеңесін құру, жеке сараптамалық платформасын қалыптастырудағы маңызды және дәл уақытылы қадам болды деуге болады. 

ULYS: Үнемі жас көшбасшыларға арналған әлемдік бағдарламаларға, маңызды халықаралық жиындарға қатысып  жүретініңді білеміз. Былтыр әлемдегі ең танымал, жас саясаткерлердің бірі — Канада премьер-министрі Джастин Трюдо мен командасына ағылшынша еш мүдірместен сұрақ қойып жатқаныңды көрдік. Қалай болды, қысқаша айтып берсең?

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: Иа, сіз де көрген екенсіз ғой. Былтыр жас көшбасшыларға арналған «Atlantic Council Millennium Leadership Program» атты беделді бағдарламаға қабылдандым. Ол шын мәнінде, мен үшін өте үлкен тәжірибе, жетістік болды. Неге десеңіз, таңдау өте күрделі, жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 700 адам бағдарламаға өтініш береді, ал комиссия тек қана 21 адам таңдайды, яғни 3 пайыздайын ғана. Былтыр менімен бірге 12 елдің өте жоғары жетістікке жеткен жастары қатысты. Себебі, 21 қатысушының 14-і Гарвард, Стэнфорд, MIT, Уортон, Оксфорд және Принстон университетін бітірген. Кейбіреулері Facebook, Google, Bridgewater компанияларында қызмет етеді. Сонымен қатар, «Forbes» тізімінде 30 жасқа дейінгі әлемдегі ең табысты және келешегі бар жас көшбасшылардың қатарына енген бір азамат болды. Ал тағы біреуі  АҚШ-тың Ақ үйінде немесе премьер-министрдің кеңесшісі, одан өзге отты нүктелердегі келіссөзшілер және қорғаныс секторында жұмыс істейтін үздік жастар болды. Өткен жылы іріктеу комитетінің назарына ілігіп, Қазақстаннан тіпті, Орталық Азиядан алғашқы қатысушы өкіл ретінде шақырту алып, мықты жастар арасыннан табылуым оңайға соқпады. Себебі, мен бұл белгілі бағдарламаға қатысуға 2014 жылдан бастап өтініш беріп келген едім. Табандап отырып, мақсатыма жеттім. Бағдарлама шеңберінде екі апта ішінде босқындар мәселесін зерттедік. Біз Түркияның Газиентеп қаласына, яғни Сирия шекарасына арнайы барып, және Грек Лесвос аралдарына барып босқындар лагерлерін өз көзімізбен көрдік. Кейін біз Брюссельде өтетін НАТО саммитіне қатыстық. Саммитте мемлекет басшыларына сұрақтар қоюдың бірегей мүмкіндігі туды. Канада премьер-министрі Джастин Трюдо мен командасына «НАТО Азиядағы ахуалды қалай көретіні туралы» сұрақ қойып, толымды жауап алдым. 

ULYS: Ескендір, енді еліміздің халықаралық аренадағы беделіне ойыссақ. Қазақстан кеше ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланған секілді еді. Уақытта тоқтау жоқ, тиесілі мерзім де аяқталды. Іргелі ұйымдағы тарихи миссиямызды қалай атқардық? 

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: Қазақстанның 2017-18 жылдар кезеңінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі жаһандық маңызды өзгерістермен және әлемде болып жатқан аумалы-төкпелі кезеңге тұспа-тұс келгеніне қарамастан, халықаралық қоғамдастықта қарымды қадам жасап, миссиямызды абыройымен аяқтадық. Бұған қоса, мол тәжірибе жинадық. Бұл еліміздің әлемде  бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында бағындырған тағы бір биік белесі болды. Қазақстан Кеңесте барлық мүше елдермен маңызды әрі басымдыққа ие бағыттар бойынша ашық, әділ және саяси жағдаятсыз, жауапты, салмақты және сындарлы түрде жұмыс істеуге ниетте екендігін көрсетті. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алғаш рет тұрақты емес мүшесі ретіндегі бұл міндет Қазақстанның сыртқы саясаты үшін шағын векторлы саясатты дамытуда жаңа саты болары сөзсіз. Осы ретте айта кететін мәселе, ЕҚЫҰ және ИКҰ секілді алаңдарда төрағалық еткен Астананың халықаралық ұсыныстары қазақстандық дипломатияның дамуына даңғыл жол ашып берді.

ULYS: Нақты қандай жұмыстар жасадық, атап өтсең?  

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: Қандай маңызды жұмыстарды қолға алғанымызды түсіну үшін алдымен БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның жұмысының басымдықтарына шолу жасап өткен абзал. Олар: ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қате­рін болдырмау, Ауғанстандағы бей­бітшілікке ықпалдасу, Орта­лық Азияда бейбітшіліктің өңір­лік аймағын қалыптастыру, БҰҰ қамқорлығымен Жаһандық лаң­кес­тікке қарсы коалиция (желі) құру, Африканың бейбіт дамуына жәр­демдесу, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын, бейбітшілік, қауіп­сіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты ілгерілету, БҰҰ-ны ХХІ ғасыр талаптарына бейімдеу және жаһандық проблемаларды шешу үшін ұжымдық саяси ерік-жігерді нығайту мақсатында мемлекеттер мен үкіметтер басшылары деңгейінде ҚК-ге мүше мемлекеттердің тұрақты кездесулер тетігін келісу. Мінекей, осыларға қарап-ақ Қазақстанның қандай ауқымды жұмыстарды атқарғанын көруге болады.

ULYS: Бұған дейінгі халықаралық ұйымдардағы тәжірибеміз аздық еткен жоқ па?  

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: Олай деп айта алмаймыз. Керісінше, бар тәжірибелерімізді ең жоғары деңгейде шыңдадық. Оны беделді ұйымдағы миссиямыздың жемісті аяқталуы көрсетіп отыр. Жалпы мұндай үлкен мәселелерді шешуге қол жеткізуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық деңгейдегі беделі, ең алдымен Украинадағы жағдайды тұрақтандыруға, және сонымен қатар, арасынан қара мысық өткен Ресей мен Түркияға арағайын болып, мәселені сәтті реттеуде үлкен рөл атқарғаны оң ықпал етті. В. Путин және Р.Эрдоғанның мәмілеге келуі, қос көшбасшының Қазақстан Президентіне деген құрметі  арқасында сириялық келіссөздердің бірін Түркияның, Ресей мен  Иранның қатысуымен Астанада өткізу идеясын тудыруға әсер етті. Ирандық ядролық бағдарлама бойынша алдында өткізілген екі келіссөз тәжірибесіне сүйенген Астана үдерісі «азиаттық Женева» баламасына айналып, өзінің медиаторлық әлеуетін танытты. Сондықтан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі екі жылдық мүшелік, Қазақстанға қауіпсіздік пен тұрақтылық саласында жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға тікелей мүмкіндік берді. Осыған орай жан-жақты мәселелерді терең түсіне білу қазақстандық дипломатиялық мектепке жаңа дем беріп, халықаралық үдерістерде елдің рөлін арттыра түседі. Сонымен қатар, мүшелік орталық-азиялық аймақтың маңызды мәселелерін халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Сол арқылы Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның да субьектілігін арттыра түсті.

ULYS: Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ел ретінде бірқатар халықаралық мәселелерге де дауыс беруге тура келді. Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауды талап ететін тақырыптар болды...

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: Нені меңзегеніңізді түсіндім. Иа, осы жылдар аралығында қол жеткізген халықаралық мәртебенің маңыздылығына қарамастан, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне түрлі мүмкіндіктермен қоса, уақытша мүше болу өзіндік жекелеген мәселелерді қамтиды. 10 тұрақты емес және 5 тұрақты мүшелердің дауыс беру үдерісі сонау Сирия дағдарысынан бастап, Украина және Африка мәселесімен қоса түрлі бағыттарды қозғады. Мұндай кезде Қазақстанның ұстанған бағыты әріптестердің негізі пікірлерімен үндесуі де немесе қайшы келуі де мүмкін болды. Ондай кезде, саяси амалдар алаңы Қазақстаннан нақты бағытты талап ететіні анық еді. Солай десек те, екінші жағынан бұл шағын векторлы саясаттың жаңа және бүгінгі таңдағы өте күрделі халықаралық саясатта шыңдалуына маңызды түрткі болуына жақсы мүмкіндік берді.

ULYS: Түсінікті. Нақты бірнеше комитетке төрағалық та еттік...     

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: Иа, еліміз Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан бойынша комитетінің төрағасы сондай-ақ ДАИШ және Аль-Каида жөніндегі комитеттің қоса атқарушылық төрағасы ретінде қызмет атқарды. Ауғанстан халықаралық назардың өзегіне айналып тұр. Ұзақ жылдар бойы қауіпсіздіктің  халықаралық тәртібін қалыптастырған Ауғанстандағы ішкі саяси жағдай біртіндеп Сирия мен Ирактағы ұзаққа созылған шиеленістің тасасында қалып бара жатқан еді. 2014 жылы биліктің біртіндеп бейбіт күйде Ұлттық Бірлік Үкіметіне өтуі және кейін ISAF НАТО әскерінің шығарылуы «ауған үдерісін» реттеуге негізгі қатысушылардың сақтығын туғызды. Алайда, «Талибан» қозғалысының жандануы, ДАИШ және Аль-Каидамен Ауғанстандағы лаңкестік топтардың ауыз жаласуы сыртқы негізгі ойыншылардың мүддесін аймаққа аударып отыр. Шынымен, Ауғанстандағы әскери-саяси жағдай қиын болып тұр, және де биыл нашарлауы үрдісі болады. Өз кезегінде, бұл халықаралық және өңірлік қауіпсіздік күн тәртібінде «ауғандық мәселені» күшейтеді. БҰҰ-ның Ауғанстандағы Миссиясының соңғы бағалауларына сәйкес, 2018 жылы қарулы қақтығыстардан қаза болған бейбіт тұрғындардың саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Осыған орай комитеттерге төрағалық бізге зор жауапкершілік жүктеді. Жалпы, Қазақстан қауіпсіздік саласы мен экстремизмнің алдын алу бойынша халықаралық ұжымдық тетіктерді қарастыруда жаңа идеялардың басмашысы болғаны сөзсіз. Бәріне белгілі, БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында елбасымыз Жаһандық терроризмге қарсы тұру туралы идеяны алға тартты. Сондықтан мұндай жағдай Орталық азиядағы террористік қауіпке қарсы күресте ортақ оң көзқарасты тудырары сөзсіз. Бұл да  Орталық Азия елдері кооперацияның жаңа жолдарын іздейтін және халықаралық және аймақтық процестерде өз ұстанымын қайта қарастыратын болады.

ULYS: Енді жаһандағы үлкен елдер арасында болып жатқан текетірестерге қатысты көзқарасыңды білсек...    

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: Әлбетте, қазіргі жаһандық геосаяси жағдайда  халықаралық қарым-қатынас жүйесі де қайта құруды бастан өткізуде. Осыған орай, АҚШ, Ресей және Қытай секілді негізгі геосаяси ойыншылардың қарым-қатынастарындағы қақтығыс осы жылы халықаралық процесстерге және Орталық Азиядағы үдерістерге тікелей және жанама әсер етеді. Осы тұрғыда Ресей және Қытаймен географиялық жақындығы мен тығыз стратегиялық ынтымақтастығы, сондай-ақ АҚШ-пен серіктестіктін ескере отырып, үш елдің арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі ушығуы Қазақстанның сыртқы саясатынан тез өзгеретін геосаяси шындыққа бейімделуге дайын болуды қажет етеді. Жиырмасыншы ғасырда қаланған ойын ережелері жаңа және амбициозды ойыншылардың ықпалымен өзгеріп жатыр. Аймақтық державалар әлемдік тәртіпте өзіндік ұстанымын ұсынып, қалыптасқан  қоғамдық орта туралы қайшылықты көзқарастарын білдіруде. Бұл ретте экономика мен қауіпсіздік саласындағы әлемдік архитектураның жаңа элементі ретінде аймақаралық жаңа топтар мен бірлестіктер болып отыр. Бұған қоса, бірқатар террористік ұйымдар жекелеген елдер мен жалпы халықаралық жағдайдың тұрақтылығына орасан қауіп төндіретіні белгілі.

ULYS: Қызықты сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Жаңа жыл жетістіктерге толы болсын!  

ЕСКЕНДІР АҚЫЛБАЕВ: «ULYS» ұжымы үшін де доңыз жылы табысты болсын!

 

Сұхбат «ULYS» халықаралық диджитал журналының 2019 жылғы қаңтар айында шыққан санында жарияланды. 

 

 

 

ULYS  ANYQTAMA

Ескендір Ерланұлы АҚЫЛБАЕВ

 

Қазақстанның халықаралық қатынастар кеңесінің  (Kazakhstan Council on International Relations (KCIR) атқарушы директоры

«Qazaqstan» Ұлттық арнасының Ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясының сарапшысы


ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтының аға оқытушы (2017-2018 жж)

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сыртқы саясат және халықаралық қатынастар бөлімінің аға ғылыми қызметкері  (2014-2017жж) 

«Atlantic Council Millennium Leadership Program» бағдарламасы бойынша білім алған (АҚШ, 2018ж)

«Rumsfeld Fellowship Program» бағдарламасы бойынша білім алған (АҚШ, 2018ж)

«Harvard Project for Asian and International Relations» (HPAIR) бағдарламасы бойынша білім алған (АҚШ, 2018ж)

«Программа молодых лидеров Фонда им. Горчакова» бағдарламасы бойынша білім алған (Ресей, 2015ж)

«CSIS Pacific Forum Young Leaders Program» бағдарламасы бойынша білім алған (АҚШ, 2015ж)

Жапония Үкіметінің MEXT cтипендиясының иегері (Жапония 2011- 2013 жж).

Цукуба Университетінің Халықаралық Қатынастар Магистрі

(Жапония)

 

RELATED NEWS
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті
05 қаңтар 2025
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері  6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға көтерілді, - деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65 пайызынан 70 пайызға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110 пайызға дейін арттырылып, 50 851 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге болды. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

 

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайды:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;
  • мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;
  • I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5 пайызғңа артты. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және мыналарға байланысты болады:

  • соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс;
  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері;
  • асырауындағы адамдар саны;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі
27 желтоқсан 2024
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ulys.

2025 жылдан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі жаңаша есептеледі. 

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлік шегі медианалық табыстың 35 пайызын құрайды. Бірақ оның мөлшері өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болмауға тиіс.

Айта кетері, қазір кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде айқындалады.

Бұйрық 6 қаңтарда күшіне енеді.

ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
08 сәуір 2019
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Эмоционалдық интеллект (ағыл. emotional intelligence) – заман талабы ма, әлде сәнді тренд пе? Жалпы төртінші өнеркәсіптік революциядан не күтуге болады? Жаһандану үрдісі аждаһа ма, әлде қазіргі қоғамның мүмкіндігі мен дамуының ұйытқысы ма? Бұған байланысты көптеген зерттеулер мен тәжірибелік өлшемдер жасалуда.

Дамыған тұлғаның психологиялық денсаулығының басты көрсеткіші - осы эмоционалдық интеллект феномені. Жалпы жан мен ойдың тоғысу мәселесіне тарихи көз жүгіртер болсақ ежелгі грек, шығыс философтарының еңбектерінен кездестіруге болады. Қазіргі заманғы ғылымда, XX ғасырдың 90-шы жылдары американдық Питер Соловей және Джон Майер  атты зерттеушілер эмоционалдық интеллект ұғымын енгізді. Сол кездерден бастап тұлғаның осы қасиеттін дамыту үшін көптеген тренингтік бағдарламалар, тесттер жеке коучингтік және психологиялық кеңес кешендері ойлап табылды. Себебі, эмоционалдық интеллектісі дамыған қызметкерлердің жұмыс тиімділігі артық, ұжымдағы психологиялық ахуал  жағымды екендігін американдықтар тез түсінді.

2015 жылғы Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының есебінде, 2020 жылы өзекті болатын 10 машықты анықтаған болатын. Солардың қатарында эмоционалдық интеллект те бар. Бұл интеллектінің (парасаттың) түрі туралы соңғы жылдары әсіресе, осы экономикалық форумнан кейін, естімеген адам кемде кем. Бірақ, көбісі интелектінің бұл түрі туралы толыққанды түсініктен алшақ. Сондықтан, эмоционалдық интеллект туралы сөз қозғауды жөн көрдік. 20 ғасырдың 90-шы жылдары жарық көрген, Майер-Саловей-Карузо моделінде эмоционалдық (әлеуметтік) интеллект 4 құрама бөліктен тұрады:

  1. Басқа адамдар мен өзінің эмоцияларын, сырт бейнеге қарап, ым-ишара мен жүріс-тұрысқа ден қоя отырып тани білуі - эмоцияларды қабылдай білу қабілеті деп аталады.

Біздің ойымызша бұған сәйкес келетін  қазақтың мақалы, - «Көз бен қол - көңілдің жалшысы».

 

  1. Эмоцияның – көбіне санамен реттелмейтін, ұйытқы (мотивациялық) факторы бола отырып, шығармашылық пен ойлау қабілеттеріне тигізетін оң әсерін - шабыт десе де болады.  Мұқағали Мақатаевтың мына жолдары соған дәлел іспетті:

Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт!

Жүруші ең кейбір жерде ойран салып,

Жүруші ең кейбір жерде сайран салып,

Шау тартып қалыпсың-ау қайран шабыт!

………………………………………………….

Шау тартып барасың-ау, шарық-құсым,

Тояттап әлде жемге қарықпысың?

Бар, ұшшы!

Босатайын тұғырыңнан,

Шау тартпа!

Шынымен сен шабытпысың!?

 

  1. Эмоциялардың арасындағы байланысты анықтау, ой мен сезім арасындағы байланысты түсіну, терең күрделі (екіұшты, амбивалентті) эмоцияларды ажырату - эмоцияларды тани білу қабілеті деп аталады.

Бұған сәйкес мақал, - «Ымды білеген дымды білмейді».

 

  1. Қойылған мақсатқа сәйкес, ырықты түрде  өз эмоцияларын тудырып, реттеп, бағыттай білу қабілетін -  эмоцияларды басқару, деп атайды.

Бұған сәйкес қазақтың мақалы- «Сабыр түбі сары алты», «сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», десек те болатын сияқты.

 

 

Эмоционалдық интеллектінің жоғарыда суреттелген моделі қазіргі кездегі әлемдегі ең танымал концепция. Себебі, түсінуге де оңай, ең бастысы тәжірибелік пайдасы ұшан-теңіз. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде анықталғандай қоғам үшін бұл фактордың экономикалық (миллиардтаған шығын әкелуі) және әлеуметтік (ажырасу, суицидтің белең алуы) мәні зор! Халық, қазіргі таңда өзінің эмоционалдық парасатын дамытуға ден қоймаса, психологиялық даму мәдениетін қолға алмаса болашақ бұлыңғыр, көңіл пәс. Сондықтан, заманауи қазақ қоғамында да әсіресе, жаңа қалыптасып келе жатқан тұлғаның (бозбала мен жасөспірімдерде) әлеуметтену деңгейіне жаһандану үрдісінің өнімдері кері әсерін тигізуде.

Олар: деструктивті ақпараттың қолжетімдігі және тікелей әсері; тұлғааралық қарым-қатынастың онлайн форматқа ауысуы; әртүрлі өмірге қажетті табиғи тәжірибенің азаюы; ата-ана тарапынан жалпы қауіптердің күшеюі әсерінен гипербақылаудың күшеюі және басқа өзекті мәселелер. Осы жайттардың тікелей және жанама әсерлерінің негізінде жас тұлғаның эмоционалдық интеллектісінің дамуына кері әсер белең алуда. Тіпті, ересек адамдарда бұл қабілеттердің дамуының кенже қалуы - стресстік жағдайларға төтеп бере алмауына, өмірлік қиын-қыстау жағдайларға психологиялық регрессиямен (кері дамумен) жауап беруіне, деструктивті дағдылардың пайда болуы мен психикалық және психологиялық күйзелістерге жиі ұшырауына әкеліп соғуда.

Қазіргі таңда эмоционалдық интеллектінің маңыздылығы күн санап артуда. Сондықтан біздің қоғамдағы эмоционалдық интеллектіні дамытудың ұлттық кешенді бағдарламаларын жасау, ал адамдардың оқып-тануға, білікті психологтардың кеңесі мен тренингтері арқылы дамуына бет бұруы маңызды.

 

 

 

Ерлан МҰСТАФА, Бизнес-тренер, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.