Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

ЕЛОРДАДА «ТҮРІК ФИЛЬМДЕРІ АПТАСЫ» ӨТЕДІ

Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі кинематография басқармасының қолдауымен 18-25 қараша аралығында елордада түрік фильмдері аптасын өткізеді.

 

 

Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының таратқан ақпаратына қарағанда, аталған шараның мақсаты түрік елінің үздік кино туындыларын бауырлас елдің көрерменіне ұсына отырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың дамуына үлес қосу. Екі бауырлас елді бір–біріне жалғап отырған көпір іспеттес түрік кино өнімдері қазіргі күні әлемде өте танымал. Қазақ көрермендері түрік сериалдары мен кинофильмдеріне үлкен ықылас танытуда.

Түрік фильмдері аптасы аясында елордалықтардың назарына сегіз түрік кинотуындысы ақысыз ұсынылады. Олардың арасында «Ұзын хикая», «Көбелектің түсі», «Ұмытсам сыбырла», «Ертұғырыл 1890», «Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды», «Сиқыршы», «Қызыл орамалды шынарым»  сияқты фильмдер бар.

«Ұзын хикая» фильмінің басты ролін қазақстандықтарға жақыннан таныс, көрерменнің көңілінен шыққан Кенан Имирзалыоглу сомдайды. Бала кезінде жетім қалған болгарлық Әлиді атасы  Сүлеймен Болгариядан Түркияға алып келген. Әли сүйіктісі Мунирамен, қыздың ата-анасының қарсылығына қарамастан үйленеді. Әли қызды алып қашады және олардың өмірі теміржол вокзалдарының станцияларының арасында үнемі көшумен өтеді...

Сценаристі Чаган Ырмак болып табылатын «Ұмытсам сыбырла» фильмі -көрерменнің көзайымына айналған туынды. Медколледжді бітіріп, аудан орталығындағы дәрігерлік пунктте медбике болып жұмысқа жаңа кірген Ханифе мен сіңлісі Хатиже шағын ғана аудан орталығында тұрады. Ханифе – өте ұялшақ, тұйық қыз, ал Хатиже болса ерке, өз еркімен өскен. Ханифе әдебиетке әуес, ал Хатидже болса   ән салуға құштар. Бір күн жаңа тағайындалған әкімнің ұлы Тарык  аудан орталығына келеді. Сол күннен бастап апалы-сіңлілердің  өмірі түбегейлі өзгереді...

Басты ролде танымал түрік актер Кыванч Татлытуг ойнайтын  «Көбелектің түсі» фильмі 1940 жылдарда өмір сүрген екі ақынның өмірін баяндайды. Кино Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услу атты екі жас ақынның өмірі мен Зонгулдактық шахтерлардың өмірін суреттеумен басталады.

Аты аңызға айналған Атыф Йылмаздың туындысы болып табылатын «Қызыл орамалды шынарым» фильмінің басты ролін Қазақстандық көрерменнің сүйікті актрисасы Түркан Шорай сомдаған. Кинотуынды Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» шығармасының желісі бойынша түсірілген. 

Жапония мен Түркия бірлесе түсірген «Ертұғырыл 1890» фильмінің режиссері -Митсутоши Танака,  сценаристі  -Эрико Коматсу.  1890 жылы Османлы мемлекетінің кемесі «Ертұғырыл» Жапон теңізінде апатқа ұшырайды. Жапондықтар көмекке келіп, экипаж бен кемені құтқаруға тырысады. Ал 100 жылдан кейін 1985 жылы түріктер Тегераннан шұғыл түрде эвакуациялануы қажет Жапонияның 215 азаматын құтқарады.

«Бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды» атты кинотуындының оқиғасы  Каппадокияда өтеді. Бастығы Исфендияр Синанды комедия фильмнің хикаясын жазу үшін Каппадокияға жібереді. Хикаяның жалғыз ғана шарты бар: «бастық істің сәтті аяқталғанын қалайды». Алайда Исфендияр  соншама күткен іс «сәтті аяқтала» қояды ма, бірге көреміз.

«Сиқыршы» фильмін танымал түрік режиссер және актер Жем Йылмаз түсірген. Сиқыр әлеміне ерекше қызығушылық танытатын Искендерді досы Марадонадан басқа ешкім мойындай қоймайды. Әсіресе  офицер әкесі оның сиқыршылыққа деген әуесқойлығына қарсы. Бірақ оқиға желісі әкесі мен баласының бірге гастрольге шығуына байланысты өзгеруі мүмкін...

Қазіргі күні мәдениет пен өнер ордасына айналып үлгірген Нұр –Сұлтан қаласы тұрғындары мен қонақтары,  түрік фильмдері аптасында Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы тарапынан көрсетілетін фильмдердің барлығын ақысыз тамашалай алады. Шара 18-25 қараша аралығында  «Керуен» ОСО, Кинопарк 7 кинотеатрында өтеді. Көрсетілім уақыты сағат 19.00.

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала