Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

«ОТАНДАСТАР ҚОРЫ» ОМБЫДАҒЫ ҚАЗАҚТАРҒА БАРЫП ҚАЙТТЫ

Омбы қаласында тұратын қандастарымыз бен отандастардың басын қосқан бизнес-форум өтті. Бұл шара шет елде тұратын этникалық қазақтар мен сол елдерге қоныс аударған отандастарымызбен байланыс орнату және нығайту жөнінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті–Елбасы берген тапсырманы жүзеге асыру мақсатында құрылған «Отандастар Қоры» бағдарламасының бір бөлігі.   

                                                                    «Отандастар Қоры» таратқан ақпаратқа сай, қордың бірінші вице-президенті Талғат Адуов форумға қатысушыларға қор құрылымы мен оның жұмыс істеу механизмдері туралы айтып берді. Жиын қонақтары әлемдегі қазақ диаспорасын біріктіретін құрамына «Атамекен» іскерлік үйін мен «Абай» мәдени үйі кіретін «Қазақ үйі»  мәдени- іскерлік үйі жобасына ерекше назар аударды.                                        Талғат Мүбәракұлынан кейін сөз алған "Отандастар Қоры" КЕАҚ Бизнес және жобаларды акселерациялау департаментінің кеңесшісі Әзімхан Аусатов «Атамекен» іскерлік үйі қызметін тәптіштеп айтып, оның шет елдегі қандас кәсіпкерлерге берері жайлы әңгімеледі. Форумға қатысушылар бұл ақпаратты қызығушылықпен қабылдады және қысқа мерзімде "Атамекен" іскерлік үйінің дамуына қатысты өз ұсыныстарын ұсынатындықтарын жеткізді. Бұдан әрі бизнеске шақырылған сарапшылар "Омарта" республикалық бал шаруашылығының вице-президенті Нұрәділ Ғабит омарта бизнесін ұйымдастыру ерекшеліктері, мемлекеттік және мемлекеттік емес қолдаулар,  оны  Қазақстан мен шет елдерде дамыту әлеуеті туралы, ал «Astana hub» өкілі Қанат Келдібеков СЕО «Saccess LLP» ЖШС әзірлеген, ұялы телефондағы бағдарлама арқылы басқарылатын инновациялық заманауи құлыптарды таныстырды.           Қатысушылар тарапынан сөз алған Омбы қазақтары қауымдастығының өкілі Алина Смыкова этникалық белгісі бар өнім шығаратын шеберхана ұйымдастырып, оны Ресей өңірлеріне  тарату мүмкіндігін қарастыру жайлы, Ринат Төкенов мемлекет-жекеменшік серіктестігі бойынша ұлттық  нышанда балабақша құруды, ондай мекеменің қазір өте қажет екені туралы айтты.  Серік Рахымов болса Ресейден Қазақстанға астық пен қиыршық тас жеткізудегі қиындықтар жайлы айтып, қор өкілдерінің осы мәселенің шешілуіне көмектесуін сұрады.  Махаббат Көптұров болса Омбы өңіріне қазақстандық балды тарату бойынша дилерлік желі құруға қызығушылық білдірді. Бизнес форумға қатысушылар жиын соңында Омбы өңірі қазақтарының облыста «Абай» мәдени үйінің құрылуына қолдау көрсетуге, «Отандастар» қоры ұйымдастыратын іс-шаралар мен жобаларға қатысуға және бизнес ынтымақтастыққа өз ұсыныстарын әзірлеуге дайын екендіктерін жеткізді.

«Отандастар» Қорының қызметкерлері  сонымен бірге "Мөлдір" қазақ мәдениетінің Сібір орталығы ұйымдастыруымен және Ресейдегі қазақ ұлттық-мәдени қозғалысының 30 жылдығына арналған «Еуразиялық кеңістіктегі қазақтар: тарих, мәдениет және әлеуметтік-мәдени үдерістер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Конференцияға Омбы, Алтай өлкелері, Томск, Түмен облыстары мен Ресейдің басқа да өңірлерінен өкілдер қатысты. Конференцияға қатысушылармен пікір алмасу барысында Қор өкілдері ұйымның мақсаттары мен міндеттері, Ресейдің қазақ қоғамдық ұйымдарымен ынтымақтастық тәжірибесі туралы әңгімеледі. "Мөлдір" Сібір қазақ мәдениеті орталығының басшысы Алтынай Жүнісова қоғамдық ұйымның қормен ынтымақтастығына арналған стендте орналасқан «Отандастар қоры» КЕАҚ  ынтымақтастық туралы меморандумды ерекше мақтанышпен көрсетті.

Бұдан соң «Отандастар» Қорының қызметкерлері халық мәдениеті жоғары мектебі Омбы филиалы ректорының кеңесшісі Қайыртай Әмірғазиннің шақыруымен этнобизнес саласында жұмыс істейтін мамандарды дайындайтын оқу орнына барды. Қонақтарға мекеме түлектері мен оқушыларының жұмыстары, облыстағы түрлі халықтардың этникалық стилінде, оның ішінде дәстүрлі қазақ өнері саласында жасалған былғары, металл және ағаштан жасалған бұйымдар көрсетілді. Іскерлік кездесу барысында Омбы өңірінің кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, этнокомпонентпен сауда-cаттық жәрмеңкелеріне қатысу және тауар алмасу бойынша кәсіпкерлік бастамаларды дамыту туралы  ұсыныстар түсті.    

 

«Отандастар» қорының өкілдері Омбы іссапары барысында Омбы суретшісі, Омбы Суретшілер одағының бұрынғы төрағасы Амангелді Шәкенов ескерткішінің ашылу салтанатына да қатысты. Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы  Консулдығы аумағына жақын орналастырылған ескерткіштің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Омбы облысының вице-губернаторы Бойко, Омбы қаласы мэрінің орынбасары Терпугова қатысты.

     "Отандастар" қорының қорытынды іскерлік кездесуіне Омбы облысы қазақтарының Омбы өңірлік ұлттық-мәдени автономиясының президенті Бота  Бакулин, қазақтардың Түмен өңірлік ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ибраев, Қазақтардың Алтай өлкелік ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Мұрат Бекмұратов, "Омбы қазақтары" қоғамдық ұйымының төрағасы Қуаныш Елеутаев, қазақ этномәдениетін сақтау және дамыту жөніндегі коммерциялық емес ұйымдар одағының төрағасы Геннадий Теміржанұлы Әлібеков қатысты. Кездесу аталған өңірлердің "Атамекен" іскерлік үйін дамытуға, өңірлер кәсіпкерлерін осы жобаны іске асыруға тартуға арналды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала