Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

АСТАНА МЕКТЕПТЕРІНЕ НЕГЕ АРАБ ШЕЙХТЕРІНІҢ ЕСІМІ БЕРІЛГЕН...

Астаналық мектептерге араб шейхтердің есімдерін беруге кімдердің ұсыныс жасағаны мәлім болды. «ЕлордаИнфоның» хабарлауынша,  Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев бұл мәселеге қатысты арнайы түсініктеме берген. 

 «Мектеп – білім беру жүйесіндегі ең басты нысандардың бірі. Қазіргі уақытта елордамызда 87 мектеп бар. Соның ішіндегі 10 мектепке Қазақстандағы әйгілі тұлғалардың есімі берілген. Одан бөлек, қаламыздың дамуына шетелдік инвесторлар да өз үлесін қосуда.  Мысалы, шейх есімдерін беруге ұсыныс жасалған мектептер шетелдік инвестицияға салынған. Осылайша, Халифа ибн Заид әл-Нахаян атындағы гуманитарлық қор №84 мектеп-лицейінің құрылысын толықтай қаржыландырған, ал №85 мектептің құрылысын Катар мемлекетінің даму қоры қаржылай қамтамасыз еткен. Аталмыш білім беру ұйымдары инвесторлар тарапынан білім беруге қажетті барлық құралдармен жабдықталды», - деді Т. Қышқашбаев.  

Әкімдіктегі мәлімдемеге сәйкес, инвесторлар мектеп құрылысынан бөлек, білім беру ордаларының материалды-техникалық жабдықталуын да өз мойындарына алған. Жекелей алғанда, қажет болған жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, оқу құралдары алынады.  
Т.Қышқашбаевтың айтуынша, мектептерге араб шейхтерінің есімдерін беру туралы ұсыныс осы мектептердің басшыларынан келіп түскен. 
2019 жылдың 3 қазанында қалалық ономастикалық комиссияда 12 білім беру орталықтарына есім беру мәселесі қарастырылып өз шешімін тапқан.  Жіберілген ұсыныс ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссияға қарастыру үшін жіберіледі. 
Естеріңізге сала кетсек, бұдан бөлек елордалық мектептерге Жұмабек Тәшенов, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллиннің сынды қоғам қайраткерлерінің есімдері беріледі.
Сонымен қатар, Оқушылар сарайы Әбу Насыр әл-Фарабидің есімімен аталмақ.

 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала