Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ТҮРКИЯДА БІЛІМ АЛЫП ЖАТҚАН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА ФУТБОЛДАН ЖАРЫС ӨТТІ

Түркияның астанасы Анкара қаласында аталған елдің  жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық жастар арасында футболдан жарыс өтті. «Рухани Жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында әрі Қазақстандағы Жастар жылына орай Анадолыдағы қазақ жастарының басын қосқан спорттық шараны Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі ұйымдастырды. 

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің фейсбуктегі ресми парақшасында жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Анкарада Қазақстан жастары арасында ұйымдастырылған футбол жарысына Анкара, Ыстамбұл, Измир, Бурса, Кастамону, Кония, Карабук, Кайсери, Сакария және Эскишехир қалаларының жетекші университеттерінде білім алып жатқан  300-ге жуық жас қатысқан. Олардың басым көбі студенттер болғанымен, араларында магистранттар мен докторанттар да бар.  

Теңбіл доп додасының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы өткен жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынғанын еске сала келе: «Мемлекетіміз сіздерге үлкен үміт артып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, жастар еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторы. Бүгінгі таңда тек мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында да бәсекелестік бар. Ғылым мен білімді көтеретін және жасампаз ұрпақ болатын ел ғана жеңіске жетеді», - деді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды атап өткен Елші мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауына тоқталып, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадрлық резерві бастамасы туралы да баяндады.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген студенттер де жарысқа қатысушыларға жылы лебіздерін жеткізіп, Елші А.Сапарбекұлына жастарға көрсеткен қолдауы үшін алғыстарын білдірді.

Анкара, Кайсери және Ыстамбұл қалаларынан 2 құрамадан, Измир, Бурса, Кастамону, Кония, Карабук және Сакариядан бір-бір құрамадан қатысқан жарыста барлығы 12 топ додаға түсті. Жарыста Бурса қаласының құрамасы үздік болып, екінші орынды Анкара қаласының Кара Харп әскери университетінің құрамасы, ал үшінші орынды Кония қаласының құрамасы иеленді. Жеңімпаздар алғыс хаттармен арнайы сыйлықтармен марапатталды. 

 

Суреттер Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің фейсбук  парақшасынан алынды.  

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала