Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ТҮРКІЛЕР ТҮГЕНДЕЛІП КЕЛЕДІ

Әзербайжанның астанасы Бакуде өткен Түркі Кеңесіне мүше елдер басшыларының VII саммиті түркі бірлігі тарихында жаңа бет болып жазылды. Себебі, бұл басқосуда ұйымға Өзбекстан ресми түрде мүше болса, Будапештте Түркі Кеңесінің өкілдігі ашылғаны мағлұм болды.

Баку саммитінде түркілік интеграция жаңа бір деңгейге көтеріліп, жаңа дәуірге қадам басты. Бауырлас елдер басшыларының басқоуына Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары    Пурли Агамурадов пен Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты. Бір күн бұрын түркі ұйымдары жетекшілерінің де қатысуымен Кеңеске мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің басқосуы өтіп, біраз құжаттарға қол қойлған болатын. Жалпы түбі бір туыстықтың жылы лебі жиын барысында есіп тұрды: риясыз құшақтар, ашық-жарқын әңгіме мен әдемі әзілдер жарасымын тапты. Туыс елдің лидерлері бір-бірлерімен екіжақты кездесулер де өткізді. Бұл саммиттің тағы бір ерекшелігі — тарихи Нахчыван декларациясының қабылданғанына он жыл толуымен тұспа-тұс келді. Біраз жыл бойы кібіртіктеп келген түркі интеграциясы Әзербайжанның Нахчыван қаласында Түркі Кеңесін құру туралы құжатқа қол қойып, нақты ортақ институт құрылған соң жандана бастады. Бұл тұрғыдан, Әзербайжан елі түркілік бірліктің символына айналғандай.

Жемісті өткен жиын соңында үй иелері Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев пен бірінші ханым Мехрибан Әлиева мәртебелі меймандарға ақ дастархандарынан  дәм берді.

Әзербайжан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Фархад Мамадов тарихи жиынға қатысты «Бұл геосаяси көзқарас тұрғысынан өте қызықты бірігу. Себебі, олардың арасында НАТО және Еуропалық Одақтың кедендік кеңістігінің мүшелері (Түркия, Венгрия) және Еуразиялық Экономикалық Одақ пен ҰҚШҰ мүшелері (Қазақстан, Қырғызстан), сонымен қатар блокқа кірмейтін мемлекеттер (Әзербайжан, Өзбекстан) бар. Басымдық гуманитарлық әріптестікке, экономикалық кооперацияға, транспорттық жүйлерді үйлестіру мен парламентаралық әріптестікке беріледі, тіпті арнайы қызметтердің үнемі өтетін жиындары бар. Ірі державалардың бір-бірімен бәсекелестігі артқан қазіргідей турбуленттік әлемде ядролық қаруы жоқ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі емес шағын елдер үшін ынтымақтастыққа арналған осындай платформа құрып, өзарабайланыс пен әріптестікті дамыту өте маңызды»,— деген көзқарасын білдірді.

Бірақ, ең маңыздысы— бұл туыстыққа, түркілікке негізделген мәңгілік интеграция. Жыл өткен сайын қуаты артып келеді. Ұзағынан сүйіндірсін!

  

 

Суреттер president.az сайтынан алынды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала