Валюта бағамы
USD - 476.22
EUR - 490.15
RUB - 7.81

МЕВЛЮТ ЧАВУШОҒЛУ: БІЗДІҢ КҮРЕС ЛАҢКЕСТЕРГЕ ҚАРСЫ

Көріністер: 96

 

 

Жуырда Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлуның “The New York Times” газетінде жарияланған Түркия неге күресін Сирияға көшірді?” атты мақаласын Түркия сыртқы істер министрлігі сайтынан алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Онда бауырлас Түрік елінің 9 қазан күні бастаған “Бейбітшілік қайнары” атты әскери операциясының себебі жан-жақты түсіндірілген. 

 

Түркия - Сирияның солтүстік-шығысында Түркия тарапынан басталған әскери операцияның америкалық бұқаралық ақпарат құралдарында күрдтерге қарсы шабуыл, ДАИШ-тың (немесе Ислам мемлекеті деп аталатын) қалдықтарымен күресті әлсіздендіретін және одақтастарының Америкаға артып отырған сеніміне кір келтіретін операция ретінде бағалануы өте өкінішті. Мұндағы түсініспеушіліктің басын ашып беруге мәжбүрмін, себебі Түркияның АҚШ-пен және 67 жылдық одақтастығы бар НАТО-мен қарым-қатынасы уақытша, тактикалық не дауласатын мәселе емес.

 

Түркия бұл операцияны лаңкестердің шекаралық аймақтарда тудырған қаупін сейілту әрі ұлттық қауіпсіздігін қорғау мақсатында бастаған болатын. Сондай-ақ, бұл операция осы аймақта тұратын сириялықтарды лаңкестік ұйымдардың зорлығынан құтқарып, Сирияның аумақтық тұтастығы мен саяси бірлігіне төнген қауіпті сейілтеді. Бұл екі маңызды фактор тұрғылықты жерлерін ауыстыруға мәжбүр қалған сириялықтардың қауіпсіз әрі ерікті түрде үйлеріне қайта оралуын қамтамасыз етеді.

 

Түркия шекарасындағы лаңкестік ұйымдардың бақылауында тұрған дәлізді еш уақытта мойындаған емес. БҰҰ Бас Ассамблеясының шеңберінде де, одан бөлек те қауіпсіз аймақ құру ұсынысымызды бірнеше мәрте алға тарттық. АҚШ-ты лаңкестерге қаржылай көмек беруден бас тартуға шақырдық.

 

Алайда, АҚШ-тың қауіпсіздік ұйымы PYD («Демократиялық бірлік партиясы»)/YPG («Халықтық қорғаныс жасақтары») атаулы ұйымдармен байланысын кесе алмады. Бұған қоса, Қорғаныс министрімен өзге де американдық шенеуніктер PYD/YPG топтарының АҚШ, ЕО және НАТО тарапынан лаңкестік ұйым деп танылған Түркиядағы PKK-ның («Күрдістан жұмысшы партиясы») ажырамайтын бөлігі болып табылатын Сирия демократиялық күштерінің қалыптастырушы ядросын мойындаған болатын.

 

Американдық тарап аталған күштердің шекарамызға іргелес жатқан аумақтардан тысқары шығарылуы үшін келісімін бергендей болды, тіпті бұған қатысты мерзімді де белгілеп қойған болатынбыз. Жуық арада, тамыз айында өткізілген әскери тақырыптағы келіссөздер барысында PYD/YPG топтарын  шығару арқылы, сол жерде қауіпсіз аймақ құру жөніндегі өзара міндеттерімізді де бөлісіп алдық. Дегенмен, АҚШ бұл мәселеге нүкте қоя алмады және бұл лаңкестік ұйымның Сириядағы рөлін одан әрі күшейте алу үшін уақыт ұтуға тырысып жатқандай санамызда пікір қалдырды.    

 

PYD/YPG өздерін әлемге ДАИШ-пен күресуші топ ретінде көрсетуі мүмкін, алайда, Түркия жерінде түнел қазып жатқан сыңайсып PKK-ға жарылғыш заттар тасымалдағаны да дәлелденген факт. Олардың мүшелері ДАИШ-тың тұтқындарын түрмеден босатып, Түркияға жіберіп отырған. 2017 жылғы қараша айында BBC каналының таратқан хабарында - Ракка қаласын босату мақсатында жасалған коалиция қозғалысы кезінде  Сирия демократиялық күштері жүздеген ДАИШ-тық лаңкестің қашуына мүмкіндік берген құпия келісімге қол қойғаны айтылған болатын. 

 

Әрекетке көшуге тура келді. Кейбіреулер Сириядағы күрт халқының қауіпсіздігіне байланысты алаңдаушылық білдірді. Түркияның бұл күресі күрттерге қарсы бағытталмағандығын қайталап баса айтқым келеді. Біздің күрес лаңкестерге қарсы. Болып жатқан жағдайға «Күрттерге қарсы түріктер» деп баға беру қара ниеттің көрінісі әрі дұрыс емес. Күрттер - біздің дұшпанымыз емес.

 

Біздің нысанамыз - бақылауындағы аймақтарда бала-әскерлерді өз қатарларына тарту, оппозицияны басу, демографиялық құрылымды өзгерту және мәжбүрлеп әскерге қосу сынды әрекеттерге бағытталған PKK және PYD/YPG топтарының бірге жүргізіп келе жатқан террорлық актілері.

 

PYD/YPG топтарының әрекетінен жапа шегіп келе жатқан күрттер, араптар, христиандар және басқа да топтар өз еркіндігіне қауышқан сәтте әлдеқайда жақсы деңгейде өмір сүре алатын болады. Әлемдік Арамей христиандары кеңесі де осы ұстанымды қолдап отыр.

 

Бұл операцияға кіріспес бұрын жай халық үшін қауіп-қатерді барынша азайту және гуманитарлық дағдарысты болдырмау үшін барлық қадамдар жасадық. Соңғы бірнеше жыл бойы Түркия, солтүстік-шығыс Сириядан келген босқындардың көпшілігіне, соның ішінде арабтарға, күрттерге және түркмендерге баспана берді.

 

300.000-нан астам күрдтерді қоса алғанда босқындардың көпшілігін террористер үйлерінен қуып шықты. Біз Түркияда оларға қауіпсіздік, баспана және өмір сүруге қаражат ұсындық. Нанымызды бөлісіп, оларға әлеуметтік қызметтерімізді пайдаланулары үшін мүмкіндік қамтамасыз еттік. Түркия, гуманитарлық көмек көрсету тұрғысынан әлемдегі ең ірі мемлекет болып табылады және бүкіл әлемдегі босқындардың көпшілігін қабылдайтын ел. Соңғы үш жыл ішінде Түркия сенімді модель қалыптастырды. Сирияның солтүстік-батысында  Түркияның 2016-2017 жылдары Джераблус және оның айналасында сондай-ақ 2018 жылы Афринде жүзеге асырған әскери операциялар нәтижесінде кең аумақ лаңкестерден тазартылды. Лаңкестердің іс-әрекеттерінен зардап шеккен халық осы операциялардан кейін бейбітшілік жағдайда өмір сүре бастады және ретке келтірілген басқару жүйесін пайдалана бастады. 365.000-ға жуық босқындар Сирияның солтүстік-батысындағы өз үйлеріне оралды.

Біз қамтамасыз еткен әлеуметтік қызметтер аясында 230.000-нан астам оқушыға арналған мектептер құрдық. Сирияның солтүстік-батысында азат етілген аудандарда 55 жедел жәрдем көлігі бар 6 аурухана ашылып, сол жерде 2.000-нан астам сириялық және түрік қызметкерлері жұмыс істейді. Ондаған әлеуметтік және спорт нысандары, соның ішінде футбол стадионы салынды. Кәсіпорындар қалпына келтіріліп, сауданы жеңілдету үшін бір шекара қақпасы ашылды. Ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы материалдық қолдау ала бастады.

Ракканы ойран еткен коалиция күштерінің әрекеттері мен Түркияның алдыңғы операцияларын салыстырыңыз, контртеррористік операцияларды қаншалықты мұқият жүргізетінімізді көресіз. Өткен операциялардан алынған сабақтар бізге бұл жолы істі одан да жақсы жасауға көмектеседі.

PKK және PYD/YPGлаңкестік ұйымдар, өздері болмаса ДАИШ-ке қарсы күресті әлсірейді деп тұжырымдай отырып, әлемдік қауымдастықты бопсалайды. Алайда, осы қатыгез террористерге қарсы күрес, әсіресе одақтастарымыз соңына дейін тұрып, Түркиямен ынтымақтасса әлсіремейді. ДАИШ-пен қарсы күресте маңдай тіресіп күрескен жалғыз ел -Түркия.

 

ДАИШ пен басқа да лаңкестік ұйымдармен күрес, бірлескен үлес және күш-жігермен  жалғасуы тиіс. Кейбір еуропалық елдер осы ұйымдарға қосылған өз азаматтарын қайтарып алуға қөңілсіз қарайды. Дегенмен, тек қана проблемадан құтылу үшін саясат болуы мүмкін емес. Олар да өз үлесін қосып, жауапкершілікті өз мойнына жүктеуі тиіс.

Түркия, сириялық босқындардың өз үйлеріне қайтып баруы үшін және ДАИШ пен басқа да лаңкестік топтардың қайта пайда болмайтындай жағдай жасау үшін іргетасын қалады деп ойлаймын.

Сириялық босқындардың үйлеріне қауіпсіз және ерікті түрде оралу бойынша жұмыстарды мұқият жоспарлау және ұйымдастыру керектігін түсінемін. Бұл процесс халықаралық құқыққа сәйкес және БҰҰ-ның тиісті агенттіктердің үйлестіруі арқылы ынтымақтастықта жүзеге асырылуы тиіс. Сирия көптеген этностық топтар үшін үй болып табылады және Сирия қақтығысы саяси шешімге қол жеткізгенге дейін өмірге бейімді және өкілетті жергілікті кеңестер құрылуы тиіс.

Түркия соңғы лаңкестікке қарсы операциядан кейін, күрдтер көпшілікті құрайтын аудандарда күрд көпшілігімен жергілікті билік органдарын құруға жәрдемдесті.

Сириялықтар ақыры үйлеріне қайтуды қалайды. Олар жеткілікті зардап шекті. Миллиондаған босқындардың отанына оралуына қажетті бейбіт жағдай жасауға көмектесу мақсатында бастама көтеріп отырмыз.

Кең таралған жаңсақ пікірлерге қарамастан, әскери операциямыз мәселені гуманитарлық өлшемде қарастыруға, сондай-ақ осы елдің бірлігін сақтауға және саяси процеске үлес қосуға көмектеседі деп білемін.

 photo:gazeteyolculuk.com.tr

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала