Валюта бағамы
USD - 476.22
EUR - 490.15
RUB - 7.81

«ТҮРКІ КЕҢЕСІНІҢ» АТАУЫ «ТҮРКІТЕКТЕС МЕМЛЕКЕТТЕР ҰЙЫМЫ» БОЛЫП ӨЗГЕРУІ МҮМКІН

Көріністер: 130

 

Бүгін Әзербайжанның астанасы Бакуде Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесіне (Түрік Кеңесі) мүше елдер басшыларының VII саммиті болып өтті

Жиынға Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев,  Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары    Пурли Агамурадов пен Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.

Алдымен саммитке қатысушылар бірге естелік суретке түсті. Сосын Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев саммитті салтанатты түрде ашып, алқалы басқосуға келгендерге өз разылығын білдірді. Одан соң сөз алған Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Түркі Кеңесінің төрағалығы Әзербайжанға өтетінін хабарлады. Іле-шала Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы, «Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы» Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі әлемінің жоғары орденін» тапсырды. Одан кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев,  Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Пурли Агамурадов пен Түркі Кеңесінің Бас хатшысы  Бағдад Әміреев сөз сөйледі. Бұдан кейін келесі саммитті Түркия Респубикасында өткізу туралы шешім қабылданды. Ары қарай құжаттарға қол қою рәсімдері жасалды. Соңында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Түркі Кеңесіне мүше елдер басшыларының VII саммитін қорытындылады. Айта кетерлігі, бұл жолы  Түркі Кеңесіне Өзбекстан республикасы  толыққанды мүше болды. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев «Кеңестің құрамына Өзбекстанның мүше болуы – бүкіл түркі тілдес қауымдастық үшін тарихи әрі көптен күткен оқиға. Будапештте Түркі кеңесінің өкілдігін ашу - ынтымақтастықтың Еуропа векторын дамытуда ерекше маңызды»,-деді. Сосын ол «болашақта Кеңесіміздің атауын қайта қарауды ұсынамын. Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін Ұйым деңгейіне дейін көтеруге болады деп санаймын. Осылайша, біздің құрылымды «Түркітектес мемлекеттер ұйымы» деп атауға болады», – деп ойын түйіндеді.

Суреттер president.az сайтынан алынды.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала