Валюта бағамы
USD - 476.22
EUR - 490.15
RUB - 7.81

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ «БАСТЫҚ СИНДРОМЫ»

Көріністер: 66

«Адамның кім екенін білгің келсе, оның қолына билік бер», - дейді халық даналығы. Адамзаттың байырғы  заманнан қазіргі күнге дейінгі даму тарихында «билік» құбылысымен етене жақын өмір сүруде. Оның табиғаты, шығу тегі, оны иеленуші адамның қандай қасиеттерге ие болуы, оны қалай иелену керек және оны қайтсе арттыруға болады сынды сұрақтар түрлі заман ойшылдарын толғандырды. Біз осы сұрақтар төңірегінде және осы «билік» құбылысына мемлекеттік қызмет контексінде сараптама жасаймыз.

Қазір ғылымда билік құбылысының табиғатын түсіндіруде бірнеше  концепциялар қалыптасқан:

  • Телеологиялық концепция бойынша билік субъектінің белгілі бір алдына қойған мақсатына жете білу қабілеті ретінде түсіндіріледі;
  • Жүйелік концепция бойынша билік әлеуметтік жүйеден туындайды. Оның басты функциясы адамдар арасында әлеуметтік қарым-қатынаста туындайтын қақтығыстарды реттеу мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету;
  • Құрылымдық-функционалдық концепция бойынша билік басқару мен орындау функцияларына ие қоғамның әлеуметтік өзін-өзі реттеуші құрал ретінде түсіндіріледі;
  • Реляционисттік концепцияда билік екі әріптес, яғни субъекті мен объекті арасындағы қарым-қатынас және сол қарым-қатынаста субъектінің объектіні белгілі бір құралдармен бақылауда ұстайтындығын дәлелдейді;
  • Бихевиористтік концепция билікті біреуі басқарып, екіншісі бағыныштылықта болатын ерекше мінез-құлықтың түрі ретінде сипаттайды. Мұнда адамның билікке деген субъективті мотивациясына мән беріледі;
  • Психологиялық концепция  адамның санасы және бейсанасынан және субъективті мотивациясынан биліктің бастауын табады.

Әрбір концепция билік құбылысына жан-жақты талдау жасайды. Осыған байланысты биліктің қоғамдағы атқаратын фунциясына сәйкес оны екі топқа бөлуге болады.

Бірінші топ биліктің қоғам өміріндегі әлеуметтік реттеуші фунциясын атқаратындығын дәлелдейді. Бұл биліктің объективті функциясы. Ал биліктің субъективті функциясы билікті иеленуші субъектінің оны жүзеге асырудағы мақсаты, оның жеке мотивіне тәуелді. Билікті иеленуші тұлға жеке мүддесін немесе қоғам мен мемлекет мүддесін басшылыққа алуы мүмкін. Міне, дәл осы мәселенің көңілге қонымсыз жауабы мемлекеттік қызметтегі «бастық синдромының» пайда болуына алып келді.

2012 жылы 14 желтоқсанда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жариялады. Онда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсаты қойылып, мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты-өктем көзқарастардан арылу міндеті қойылды. Аталған міндетке сәйкес «бастық синдромының» анықтамасы анықталды. Автордың пікірі бойынша: «Бастық синдромы – мемлекеттік аппараттағы басшылық лауазымды атқарушы мемлекеттік қызметшілердің қол астында жұмыс істейтін әріптестеріне және (немесе) мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарындағы біржақты-өктем көзқарас».

Мемлекеттік қызметтегі «бастық синдромымен» күресу мақсатында 2013 жылы мемлекеттік қызметте жүргізілген реформаға сәйкес «Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде» «бастық» сөзі алынып, оның орнына «басшы» сөзі алмастырылды. Автор осы реформаның жағымды әсер беретіндігіне сене отырып төмендегідей ұсыныс береді:

  • Мемлекеттік қызметтегі басшы лауазымындағы мемлекеттік қызметшілерге өркениетті басқару мәдениетін қалыптастыру мақсатында жеке жауапкершілігін арттыру;
  • Мемлекеттік қызметшілерді ұжымда және халықпен қарым-қатынастың  мәдениетін қалыптастыру мақсатында жеке курстар ұйымдастыру.

 

 

Пердехан ШӘМШИЕВ, сарапшы

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала