Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ULYS оң болсын!

Әлемде ақпарат тұтынушылардың араны да секунд санап артуда. Бұл ең көп ақпарат өндіретін елдердің өзгелерге үстемдік жасап, ықпал етуіне негіз болуда. Ал жаһандық ақпараттар тасқынынан өз қоғамын қорғай алмаған қаншама ел өзгенің ақпараттық-идеологиясының боданына айналуда...

Қазір сөзсіз заман талабына сай ғылыми-технологияларды еңсеріп, цифрлық құндылықтарды игерсек қана бүгінгінің бәсекесіне төтеп бере аламыз. Ал медиаға тек пропагандалық құрал ретінде қарап, оның заманға сай дамуына мүмкіндік бермеу елді қай жағынан болсын тоқырауға бастайды. Сондықтан әлемдік медианың жаңашылдығын үйреніп, жаңалығынан қалмауды құп көрдік.     

    «Қазіргі уақытта мезгілі жеткен нәрсе-баспасөзді күшейту»... Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың осыдан бір ғасыр бұрын айтқан бұл сөзінің өзектілігі бүгінде тіпті артқан. Өйткені, ғылыми-технологиялар мен ақпараттық-цифрлық саланың сәт санап өрістеуі байланыс құралдарының да дамуын жеделдетуде. Сондықтан заманға сай бәсекеге түсу, қауқарлы дүниелер жасау уақыт күттірмейтін талаптар. Әсіресе, адамдардың  жаны, миы мен жүрегін «жаулау» жолында болып жатқан идеологиялық басқыншылықтан бұқараны қорғау басты міндет. Ол үшін қазақ тіліндегі ақпараттық ресурстарды жылдам әрі барынша арттыру уақыт күттірмейді.    

Бүгінде адам баласының ең көп тұтынатыны ақпараттық өнімдер екенін жаздық. Сондықтан ұлттық ақпарат нарығына қарабайыр, тұщымсыз дүниелер емес, бәсекеге қабілетті, заман талабына лайық, азаматтарымыздың ой-өресін өрістетіп, өсіретін, талғамын тереңдететін сапалы ақпараттық өнімдер көптеп шығуы тиіс. 

«Good news is no news» яғни «жақсы жаңалық-жаңалық емес» ұстанымы соңындағылардың қарасы онсыз да қара нөпір. Алыпқашпа сөз бен, арзан өсек, сенсацияға құрылған жамбасы жерге тимес жаңалықтар қашан да бола береді. 

Сапалы ақпарат саналы ұрпақтың қалыптасуына әсер ететінін ұмытпаған абзал. Оның үстіне ақпарат рухани азық, өзгелердің рухани азығын көп тұтыну бойға батпандап кіріп, сөзсіз руһты сындыратын дүние.   

Сондықтан басты мақсатымыз — қазақ оқырмандарын арзан ақпаратқа тілмертпеу әрі өзгелердің ақпараттық-психологиялық басқыншылығы мен пропагандалық экспансиясы соққысынан қорғайтындай қорғаныс болу. Себебі, әлемде болып жатқан дүниелерді ұғыну үшін орыстілді ақпарат құралдарының көмегіне жүгінуден әлі күнге дейін аса алмай келеміз. 

Ұлттық дүниетаным негізінде ақпараттық-сараптаманың да тілін кемелдендіріп, кеңейтуіміз қажет. Өйткені, ақпараттың сапасы да тікелей ұлттың, ұлыстың сапасына ықпал етеді. Халықтың ақпараттық сауаты артып, көкірек көзінің ашылуы біз үшін де аса маңызды. Оның үстіне Қазақ елі қысқа уақытта әлемдік қауымдастықта біршама беделге ие болды.

Әлем ахуалы, мемлекетіміздің ішкі һәм сыртқы саясатына қатысты үдерістер, интеграциялық қадамдар жалаң ақпарат түрінде емес, терең сарапталып, қазақ аудиториясына дер кезінде берілсе игі болар еді. Өйткені, жердің иесі, елдің киесі титұлды ұлт сараптамалық-ақпаратқа қол жеткізу тұрғысынан әлі де болса кемтарлық көріп келеді. 

Ғылым-білімнің мерей артып, жаңа технологиялар дәуірлеген тұста салиқалы ақпараттық анализдердің де қаны жерге тамбай тұр. Өткен-кеткен, болып жатқан үлкен өзгерістерге жаһандық тұрғыдан сарап жасап, «ұлттық көзілдірікпен» қарап, бағамдап беру оңай шаруа емес. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор», демеп пе еді Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов. Сонымен қатар, қазақ тілінің өрісі кеңіп, қазақ мектебін бітіретін жастар санының артып, тұтас бір буын өсіп келе жатқанын ойласақ көзімізбен жер шұқып қалмау үшін өзімізді қамшылай түсуіміз керек... 

Алаштың ардақты ұлы — Әлихан Бөкейханның «газет-журнал шығару – үлгілі рухани дүкен» деген әдемі сөзі бар. Бұдан артық сөз табу қиын. Сондықтан біз де «ұлтқа болсын деген ниетпен» кеше Ұлы империялар құрған, ұлаңғайыр Ұлы далада берекесі бекем Ұлыс болып ұйығанымызды ұмытпайық, тарихи жадыны да жаңғыртайық деген ұлы мақсатпен цифрлық журналымызды «ULYS» деп ныспылауды ұйығардық. Әрі бастамамыз ҰЛЫ ІСтің бастауына айналса деген арманымыз да бар.    

Елімізде шетелдің мықты оқу орындарын бітірген, мәселенің байыбына терең бойлап, ел ертеңіне жанашырлықпен қарайтын білімді де білікті жастар аз емес. Олар тек көрінбей жүр, не біз көрмей жүрміз. Бәлкім, ана тілде ойын ақтаратын арнайы алаң болмай жүр....

Ақылды адамдар модаға айналғанда ғана біз шын мәнінде рухани дамуға көшеміз. Сондықтан әсіресе, ақылы Алты Алашқа қажет ойлы да білге жастар «ULYSтың» ұстынына айналса деген арман біздікі. 

«Дүниеде екі әділ сыншы бар: халық һәм тарих» - дейді. Біздің мақсат қолдан келгенді жасау.... 

         Журналымызды «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін деген» ірі тұлға, ұлы ағартушы, ұлттың болашағы үшін күрескен қайраткеріміздің туған күнінде жарыққа шығарып, жария салуды жөн көрдік. Былтыр Үкіметтің арнайы  қаулысы шығып, 5 қыркүйек Ахмет Байтұрсынұлының туған күні - Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Сондықтан біздің жұмысымыз да ертеңгі үшін...   

«ULYS» оң болсын! Журналымыз Ұлысымызға, Ұлтымызға қайырлы болып, Ұлы ІСтің бастауына айналсын! 

 

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ,  Бас редактор

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала