Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚАН АУРУЛАРЫН ЗЕРТТЕГЕН БІРЕГЕЙ ҒАЛЫМ

 Бүгінгідей алмағайып заманда қа­лы­бын бұзбай, шыр етіп жарық дүние­ге келгенде Тәңірі маңдайына жазған адамдық қасиетінен ауытқымай, уақыт желімен құбылып соқпай, құрыққа сырық жалғамай арамызда жүзі жар­қы­рап жүретін жайсаң жандар кемде-кем. Осындай қасиетке ие, кісілігі мен кі­шілігін тең ұста­ған, мені кем, алды кең азаматтардың бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Амангелдіұлы Байдурин.

 Серік Амангелдіұлы бала кезінен шет тілдерін меңгеріп, ұстаз болуды армандаған. Он жылдықты тәмамдай салысымен Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Университетіне хат жолдап, құжаттарын реттеп, мұғалімнің оқуын оқуға белді бекем буады. Бірақ... Бірде Қарағанды медицина институтының табалдырығын қалай аттағанын өзі де аңғармай қалады. Еңселі ғимараттан ерекше әсер алып шыққан бала Серік еш ойланбастан, құжаттарын тапсырады.  

Серік Амангелдіұлы студент кезінде көп жастар секілді сейіл құрып, сайран салмайды. Бір тоға. Оқуда озат, өз ортасынан үнемі үздік шығады. Қоғамдық жұмыстарға араласып, қолы қалт етсе, мамандығын тәжірибемен ұштастырып, студент кезінен ауруханада санитар болып жұмыс істейді. Оқуын тәмамдаған соң жолдама бойынша Павлодар облыстық аруханасына дәрігер-терапевт болып барады. Жұмысқа араласқан бетте тәжірибесі толығып, медицинаның сан қырлы функционалды салаларын меңгеруге ұмтылады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін дәрігер төрт жылдан соң өзі оқыған медицина институтына қайта оралады. Қарағандыға оралған соң терапия кафедрасында ассистент, кейін оқытушы, сосын доцент болады. Айтпақшы өзінің бала кездегі мұғалім болсам деген арманы осылай араға жылдар салып алдынан шығады. Дәрігер бола жүріп, қосымша студенттерге дәріс оқиды. Білім алған ордасына қайта оралған еңбекқор жастың талантын таныған ұстаздары оған Мәскеудегі гематологиялық ғылыми орталықта білімін шыңдауға кеңес береді. Зерделі жас жарты жылдың ішінде гематология саласын зерттеп, негізгі білімін меңгерген соң Мәскеуге аттанады. Зеректігінің арқасында орталықтағы мүйізі қарағайдай ғалымдардың сынағынан сүрінбей өтіп оқуға қабылданады. Бірден дисертациясының тақырыбы бекітілген соң Серік Амангелдіұлы аспирантураны қысқа мерзімде тәмамдап, кандидаттық жұмысын қорғайды. Жеткен жетістікке тоқмейілсу жас ғалымға жат қасиет. Жұмыс істей жүріп, үнемі ізденіп, ғылыми мақалалар мен еңбектер жазып, ақыры алға қойған арман-мақсаты оны Мәскеуде өзі оқыған ғылыми орталықтың докторантурасына түсуге жетелейді. Тақырыбы өте ауыр әрі ауқымды. Қан айналмаса, хәл құритынын кез-келген жан біледі. Міне, осы қан тақырыбын тереңдете қазбалаған ол «Лимфосаркомлардың көпсалалы клиника-морфо-функционалдық мінездемелері» деген тақырыпта докторлық диссертация жазып, қорғайды.

Серік Амангелдіұлы зерттеген лимфосоркомалар - қазақ аты жаман дейтін қатерлі дерт. Қан арқылы ішкі ағзалардың көбінде кездесетін ісіктің белгілері кез-келген уақытта асқынуы мүмкін. Бұрнағы жылдары бұл сырқат аз кезедесетін. Қазір жиі белең алып кетті. Әсіресе, соңғы 10 жылда қан арулары халық арасында жиі ұшырайды. Бұрын қазақ халқында бұндай ауыру атымен болмаған. Тек басқа ұлт өкілдерінде кездессе, қазір түркі тектес халықтарда да белең алған. Ғалымның айтуынша, оның себептері өте көп. Экология, дұрыс тамақтанбау, дәрі-дәрмектерді орынсыз пайдалану, қысқасы салауатты өмір салтының бұзылуынан және тағы басқа факторлардың кесірінен қазір бұл дерт дендеп тұр. Ал ғалым осы бір кеселдің емдеу жолдары мен оның шығу төркінін сонау Кеңестер заманы тұсында анықтап, жаңа тәсілдер ойлап табады. Бұл екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Оның сыртында Серік Амангелдіұлы сол кезде бүкіл ТМД-да лимпафомды жаңа препарттармен емдеудің жолын тапқан жалғыз ғалым. Қан аруына қатысты Секең қорғаған қабырғалы еңбек жарыққа шыққан бетте әлем елдерінің ғалымдары оған оң бағасын беріп, түрлі сілтемелер жасап жілікті мақалалар жариялайды. Автордың еңбектері де шет мемлекеттерде жиі жарыққа шығады. Өзі де Австралия, Германия, Италья, Франция, Украина, Ресей секілді бірнеше мемлекеттерде өткен ғылыми конференцияларға қатысып, өзекті баяндамалар жасайды. Жаңалыққа жаны құмар жаңашыл, жасампаз ғалымды кезінде мәскеулік мамандар орталықта қалуға үгіттейді. Бірақ қазақтың баласы туын туған жеріне тігеді. Өзі білім алған Қарағанды медицина институтына оралып, табысты еңбек етіп, гематологиядан басқа, терапия, гострентология секілді ішкі ауралардың бәрін қатар зерттеп, бес аспап ғалым болып шыңдалған шақта күтпеген ұсыныс түседі.

Бірде оны райкомпартия шақырып, Мозамбик республикасына баруға ұсыныс жасайды. 1984-жыл болатын. Ал Африка құрлығында тірліктің әлі күнге оңала қоймағаны әмбеге аян. Азаматтық соғыс болып жатқан елге көмек қолын созуды өзінің дәрігерлік қана емес, азаматтық борышы деп ұққан Серік Амангелдіұлы жат жұрт, шалғай елде екі екі жыл дәрігер болады. Осы кезде терапиямен ғана емес, өзі зерттеген қан аруларының неше түрлі кесірлерімен бетпе-бет келеді. Ерінбейді. Ізденеді. Өзі зерттеген тақырыптың төңірегіндегі түйткілдермен күнделікті кездесу оның ғылымға деген көзқарасы мен көкжиегін тіптен кеңейте түседі. Қан арқылы тарайтын аурулардың себеп-салдарларын зерттеп, оның пайда болуы, асқыну жолдарын анықтайды. Тәжірибе жүзінде онымен күресудің тың тәсілдерін табады.

Өмір өрнегі ерек, мерей-мәртебесі бөлек - Серік Амангелдіұлының мәрт тұлғасы хәм еңбегімен еленген есімі бүкіл Қазақ елі мен қала берді алыс-жақын шетелдерге де танымал.  Алайда, ол өзін-өзі түгілі өзгелердің мақтауын әсте жақтыра бермейді. Себебі мінезі жібектей болса да тік. Тура. Шыншыл. Ғалымның ұстаз ретіндегі ұстамдылығы, лекциялар мен практикалық жұмыстарды ғылыммен астастырып, әрбір дәрісті қызықты жеткізуі талай жастың ғылыммен айналысуға себеп болады. Әрі Секеңнен тәлім алған жастар тек қан немесе ішек аурулары саласында ғана емес, пульманология, эндокринология тіпті, радиология саласында да жетіп артылады, олар қазір еліміздің барлық аймақтарында табысты қызмет істеп жүр. Ғалымның осы күнге дейін 300-ден астам ғылыми еңбектері жарыққа шыққан. Оның екеуі монография. Қан аурулары мен диагностикаға қатысты бірқатар оқу құралрадарын да жазған. Қай жерде қызмет істесе де, сол жердің оқу-әдістемелік тәсілдерін түгел өзгертіп, жаңадан қалап, жұмысына жанын беретін ұстаз. Оған 1997-жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің өтінішімен Шымкенттегі медицина институтында госпиталді-терапия кафедарасының негізін қалаған еңбегі дәлел.

 Серік Амангелдіұлы көпті көрген, көненің көзі ғана емес, Қарағандының іргесіндегі шағын ғана ауылдан түлеп, түгел әлемге аты әйгілі болған ғалым, көрнекті қоғам қайраткері. Ол ешқашан атақ-абырой мен мансап қуған емес. Бар өмірін тек жаны қалаған саланы жандандыруға арнап, туған елі мен ұлтының келешегіне қызмет етті. Секеңде қазір бұл тірлікке қажеттің бәрі бар. Сүйікті ісі, сүйген жары, сүйкімді балалары мен немерелері және сүйенер елі қашанда қасында. Тұғырынан түсіп, тұралап тұруды әлі де өзіне ар санайды. Сондан болар әлі күнге шәкірт тәрбиелеп, дәріс оқып, резидент, магистрант, докторанттарға жетекшілік етіп, білгенін үйретіп жүр. Өз білімін де жетілдіріп, заман ағымына сай шығатын жаңалықты қалт жібермей қадалағап отырады. Қажетіне жаратады. Елордадағы емханаларға кеңестер беріп, аса қатерлі ауруларды емдеудің консилумдарын өткізеді. Әсіресе, клиникалық медицинада көпшілік жұрт бүгінде салалық мамандарға жүгінуге тырысады. Яғни, проктолог, гематолог, нефролог деген секілді. Өкінішке орай біздің елде бұның бәрін қатар меңгерген кәсіби терапевттер жоқтың қасы. Ал Серік Амангелдіұлы болса, осының бәрін жетік меңгерген. Әрі жан-жақты біледі. Өйткені ол ішкі аурулардың бір-бірімен байланысын терең зерттеген ғалым. Бәрін бес саусағындай біледі.

2000-жылдардың басында Астана медицина университеті уран өңдейтін кәсіпорындағы жұмысшылардың денсаулығын зерттеу туралы кешенді ғылыми жобаны жүзеге асырады. Уран шығатын аймақтарды аралап, оның халық денсаулығына әсерін саралайды. Бұл республика көлемінде бұрын-соңды жүргізілмеген зерттеу. Елдегі ең мықты әрі саусақпен санарлық гематологтардың бірі Серік Амангелдіұлы да осы жобаға арнайы шақыртылады. Зерттеу шараларына бастан аяқ белсенді қатысқан ғалым кейін осы салада жазылған докторлық дисертацияға жетекшілік етеді. Әрі, Серік Амангелдіұлы осы ғылыми жобаға қатысқандардың арасынан жалғыз өзі уран қазатын шахтаға түскен ғалым. Басқаларының ешқайсысы бұл қадамға бара алмаса, ол еш нәрседен қауіптенбестен қойып кетеді. Себебі уран өңдейтін кәсіпорындағы жұмысшылардың денсаулығына радиоактивті үрдістердің қалай әсер ететініне нақты көз жеткізу үшін - өзін солардың қатарына қояды. Сірә, бұл қадамның өзі ғалымның қандай қадір-қасиетке ие екенін айтықбай-ақ меңзесе керек.

Қазір отандық медицина бұрынғыдан көш ілгері дамыған. Түрлі инновациялық әдістер мен заманауи технологияда кең тараған. Деседе, бес саусақ бірдей емес. Медицинаға көңілі толмай, дәрігерлерге сенімсіздік танытып жататын жайттар да жиі кездеседі. Бұқара бұған дәрігерлердің мардымсыз жалақысы мен жұмыс жүктемесінің  көп болуы да кері әсер ететінін түсінеді. Бірақ Серік Амангелдіұлы үшін бұның бәрі тек сылтау. Оның пайым-парасаты, ақ қалат киіп, ант бердің бе, жұмысыңа адал бол деген қарапайым қағида. Осы қасиеті мен қарым-қабілетінің арқасында Серік Амангелдіұлының еңбегі еленіп, талай марапат-мадақ, қошемет құрметтер көрді. Ол ҚР-ның ағарту саласына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгімен, ҚР Денсаулық саласын дамытуға қосқан үлесі үшін медалімен қоса ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы атақтарымен және көптеген құрмет громаталарымен марапатталған.

Өмір - өзен. Қайнардан бастау алатын өзен уақыт өткен сайын арнасынан асып, тереңдей береді. Кейбір өзендер сағасына жетпей құмға сіңсе, кейбірі керісінше ағысы арындап, алабы кеңи түседі. Бірінің суы лай, енді бір өзендер мөп-мөлдір таза. Қазақтың қайраткер ұлы Байдурин Серіктің тағдыр-тарихы сарқылмас һәм тартылмас өзен тектес. Көзі ашық, қайнары тасып тұнған тұлға. Бұралаң тұстан байыппен, бұғалық тұстан арнасын жайып кең ағатын - Арыс. Анығы бұл өзен айналасын жайқалтып, өмірлеріне нәр беріп, өсіп-өркен жаюуына өзек болған құбылыс. Ал құбылыс тарих бетінен ешқашанда өшпек емес. Өшпейді де!

 

Бекәлі АЮПОВ, журналист

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала