Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

ЕЛОРДАЛЫҚТАР ӘЗІРБАЙЖАН ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ АНАР РАСУЛОГЛЫ РЗАЕВПЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханада Әзірбайжанның халық жазушысы, Әзірбайжан жазушылар Одағының төрағасы, режиссёр, сценарист, қоғам қайраткері Анар Расулоглы Рзаевтың пен шығармашылық кездесу кеші болып өтті.
Іс-шараға Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Рашад Маммадов, Нұр-Сұлтан қаласындағы Әзірбайжан этномәдени орталығының жетекшісі Видади Агаев пен Жолтай Алмашұлы, Бақытқожа Рүстемов, Дария Жұмагельдинова, Григорий Шишов т.б. зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен жас ақындар қатысты. Өз сөзінде Әзірбайжанның Қазақстандағы Елшісі Рашад Маммадов әрбір халықтың әр дәуірде өзінің даңқты ұлдары, батырлары, ақындары, жазушылары  болатынын, олар кейін ұрпақтың, халықтың, ұлттың жадында сақталып, мақтанына айналатынына тоқталды. Әзірбайжанның сондай асыл ұлдарының бірі, тек Әзірбайжан руханиятына ғана емес, түркі халықтары әдебиетіне, арысы әлем әдебиетіне үлкен олжа салған Анар Расулоглы Рзаевтың рөлін ерекше атап өтті. Оның жазушылығының сыртында елдің саяси өміріне араласып, тәуелсіздікті бекемдеудегі қайраткерлік қырының да мол екенін айрықша атап өтті. Өз кезегінде жазушылар Жолтай Алмашұлы, Бақытқожа Рүстемов пен Дария Жұмагельдинова да оның шығармаларының әлемнің 40 тіліне аударылып, басылғанын, қазақ тіліне де аударылып оқырман көңілінен шыққанына тоқталды. Бақытқожа Рүстемов түркінің текті ұлына «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра»-деп ұлттық аспапты тарту етті. Оқырмандармен емен-жарқын әңгіме өрбіді. Ең алдымен қазақ халқының түркі халықтары арасындағы ұлы халықтың бірі екеніне тоқталған Анар Расулоглы қуғын–сүргін жылдары қаншама әзірбайжандыққа пана болған қазақтың дархандығына ризашылығын білдірді. Тар заманда осында келіп бауырлас елмен біте қайнап кеткен әзірбайжандар тіпті кейін Әзірбайжанға  шақырғанда да бармаған. «Өйткені, олар үшін  осы жер өз отандары»-деді. 14 жасында алғашқы әңгімесін жазған жазушы 60 жыл әдебиетпен айналысып келеді. Оның шығармасына негізделген «Өткен күн» мен «Тахмина мен Заур» атты фильм түсірілген. «Өткен күн» биыл Әзірбайжан кинолары апталығы шеңберінде қазақша аударылып, дубляжы жасалып «Еларнадан» көрсетілген.  Сосын өзін «тірі классик» деп атайтындарға қарата әдемі әзілін айтты, «жасым 81-де, сондықтан мен жартылай тірі классикпін» деп жұртты бір күлдіріп алған ол «Нұрғали Нүсіпжанов ағам 82 жасында үйленіп жатыр ғой»,-деп қулана күлді. Кездесу кеші барысында жазушы өмірі, отбасы мен шығармашылығы, қазіргі әлем әдебиеті, әзірбайжан әдебиеті туралы қонақтардың көкейіндегі сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар,  Анар Расулоглы Рзаевтың шығармаларының шағын көрмесі болып өтті. 

 

Суреттер ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының фейсбук парақшасынан алынды. 

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала