Валюта бағамы
USD - 451.75
EUR - 490.40
RUB - 4.89

ҰЛТТЫҚ КЕҢЕСТІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Бүгін елордада Ұлттық кеңестің алғашқы кездесуі болып өтті. Жиында тек ұйымдастырушылық мәселелер ғана қозғалды, деп жазды өзінің фейсбук парақшасында Ұлттық кеңестің мүшелерінің бірі Бақытжан Бұқарбаев.  

Оның жазғандары төмендегідей

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуеліздік сарайында Ұлттық кеңестің алғашқы кездесуі болып өтті. Бұл жолы тек ұйымдастырушылық мәселелер ғана қозғалды, атап айтқанда:

1. Жұмысты ұйымдастыруға қатысты Кеңес мүшелерінің жалпы ұсыныстары
2. Кеңес мүшелеріне куәліктерді табыстау
3. Жұмыс топтарын анықтау.

Президент әкімшілігі басшысы Қырымбек Көшербаев кездесуді ашты, президент кеңесшісі Ерлан Қарин регламент мәселесін қозғады. Кеңес мүшелерінен алғашқы сөзді Асылбек Қожахметов сөйледі. Ол өңірлік кеңестердің мәртебесін арттыруды, Кеңес мүшелері арасынан он адамның президентпен кездесіп, өзекті мәселелерді жеткізіп тұруды ұсынды.

Мұхтар Тайжан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар бойынша үш жұмыс тобын құруды айтты.

Андрей Чеботарев өңірлерге көшпелі жиындар жасап тұруды және ведомстволардың басшыларын отырыстарға шақыруды ұсынды.

Талған Қалиев Кеңес мүшелерін өңірлер бойынша бекітуді айтты.

Жеміс Тұрмағамбетова бүгінгі күні полиция қызметкерлерін митингке шыққандармен дұрыс тілдесу бойынша жобаны Алматы әкімдігімен пилот тәртібінде жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Осы мәселені талқылауды ұсынды.

Айман Омарова нақты қай топқа кіргісі келетінін әлі білмейтінін, шетелдегі этникалық қазақтардың, түрме реформасы және БАҚ мәселесін көтергісі келетінін хабарлады.

Жәнібек Қожық Кеңеске құқықтық мәртебе беріп, ол туралы арнайы заң қабылдауды ұсынды.

Өзіме келетін болсам, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Кеңес отырыстарын әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсету маңыздылығын көтердім. Бұл жерде әр түрлі пікірлер айтылатындықтан, мемлекеттік БАҚ Кеңес жұмысы туралы бір жақты ақпарат бермей, жан жақты объективті көрсетуін сұрадым. Бұған қоса халыққа ақпаратты жедел жеткізіп тұру үшін Кеңес мүшелеріне коммуникация арналарын еркін қолдануға мүмкіндік жасауды ұсындым. Сөзімді: "Біздің де, сіздің де ортақ мүддеміз - халқымыздың сенімін ақтау" деп аяқтадым.

Бұдан басқа да қысқа сөйлеген спикерлер болды, бірақ олардың ойларын дәптершеме түртіп үлгермедім.

Қырымбек Көшербаев Кеңес мүдшелеріне куәліктерді тапсырып болған соң, жұмыс топтарын талқылауға кірістік. Нәтижесінде бастапқыда саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар бойынша үш топ құрылатын болды.

Мен саяси реформалар бойынша жұмыс тобына кірдім. Менен басқа осы топқа Данияр Әшімбаев, Расул Жұмалы, Талғат Қалиев, Асылбек Қожахметов, Сейдахмет Құттықадам, Айман Омарова, Асхат Садырбай, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Максим Споткай, Жеміс Тұрмағамбетова, Марат Шибутов, Арман Шораев, Андрей Чеботарев кірді.

Кеңестің президент Тоқаевтың қатысуымен өтетін алғашқы отырысы қыркүйектің алтысында болады. Регламент бойынша әр топтан екі адам сөйлейді деп шештік. Біздің топтан Марат Шибутов пен Асылбек Қожахметов сөйлейтін болды.

Жұмыс тобының бүгінгі қорытындысы бойынша 3 қыркүйекке дейін келесі бағыттар бойынша өзара ұсыныстар жасаймыз деп шештік:
- Сайлау туралы
- Партиялар туралы
- Жергілікті өзін-өзі басқару туралы
- БАҚ туралы
- жиындар бостандығы туралы заңдарға өзгеріс енгізу 
- және сот-құқықтық реформа бойынша ұсыныстар әзірленеді.

Топ шеңберінде келесі өзара кездесуімізді 5 қыркүйекке белгіледік.

 

Сурет Бақытжан Бұқарбаевтың парақшасынан алынды.  

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала