Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚАРҚАРАЛЫДА АЛАШ АРЫСТАРЫНА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

Қарқаралыда Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Ахмет Байтұрсынға арналған композициялық ескерткіш бой көтерді, деп хабарлайды https://ortalyq.kz/548875-2/ сайты.

 

Ескерткіш Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда атқарылатын 19 жобаның бірі ретінде жүзеге асырылып отыр. Өткеніміз ескеріліп, ортамызға оралған тұста, еліміздің егемендігі жолында аяусыз тер төккен тұлғаларымыз осылайша ардақталды.

Қазақ халқы – текті халық, рухы мықты, дүниетанымы кең, пайым-парасаты мол ұлыларын ұлықтаудан танған емес. Ал, Қарқаралы жеріндегі Алаш қайраткерлерінің кесек тұлғалары сомдалған ескерткіш – рухани құндылық, тарихтан сыр шертетін жәдігер. Тағдыр тоғыстырып, қазақ халқының болашағы сынға түскен шақта «Алашым» деп аласұрған,  азаттықтың ақ таңын аңсап өткен арыстардың құрметіне қойылған ескерткіштің ашылу салтанатында аудан әкімі Халел Мақсұтов жиылған қауымды ақжарыла құттықтады.

– Дөңгелек стол басында халқының жарқын болашағын туралы сөз өрбітіп отырған Әлімханды ұстамды да сабырлы Әлихан жағын таянып, үнсіз ойға шомып тыңдаса, Ахаң Әлімханның көзінен ұшқындаған отты көргендей мұқият ден қойып отыр, – деген аудан басшысы ұлы тұлғалардың бар болмысын ашып тұрған тұтас композицияның тарихи және тәрбиелік мәні тұрғысынан өте құнды туынды екенін айтып өтті.

Ескерткіштің жобасын қағаз бетіне алғаш түсірген жергілікті талантты суретші Сәкен Дәулетбаев, мүсіншілер – Талғат Байоразов пен Кенжебек Қошантаев. Ескерткіш қоладан құйылған, биіктігі – 3,15 м, салмағы – 2 тонна.

Салтанатты шарада алыс-жақыннан келген құрметті қонақтар – бірнеше ауданда басшылық қызмет жасаған Амантай Рахимов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сатай Сыздықов, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар, айтыскер ақындар – Аманжол Әлтаев, Қойлыбай Асанов,  Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов, еңбек ардагері Серік Жекеев, сондай-ақ тарихшы ұстаз Қайрат Омарбеков өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Исі қазақтың азаттығы үшін күрескен арыстардың рухына арналып ас берілді.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала