Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: АЛТЫН ОРДАНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ЖОШЫ ХАННЫҢ ЕСІМІН ҰЛЫҚТАУДЫ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ҚОЛҒА АЛУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық
туристік форумына қатысып, туризмге қатысты келелі мәселелерді атап өтті.

 

Форумның ашылуында «Бұл – бүкіл Қазақ елі қадір тұтатын қастерлі өлке. Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. «Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз!»-деп сөзін бастаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев қасиетті мекеннің қадір-қасиетін барша әлемге танымал ғұламалар да мойындағанына тоқталып, оған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел екенін алға тартты. «Ұлытау топырағы – алып тұлғалардың рухы тоғысқан жер.Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді.«Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан.
Тірлігінде егескен, топырағы теңескен батырлар туралы әңгімелер осы мақсаттан туған.
Бір-бірін дауға қиса да, жауға қимаған халқымыз береке-бірлікті бәрінен жоғары қойған.
Бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастыруы тиіс.


Елбасымыз осыдан бес жыл бұрын Ұлытау төрінде арнайы сұхбат беріп, қасиетті мекеннің мән-маңызын ерекше атап көрсеткенін білесіздер. Сол себепті біз бүгін киелі өлкеге тағзым етіп, оның келешегі жөнінде ой бөлісу үшін Ұлытау жерінде бас қосып отырмыз» деген ол тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз екенін айрықша атап өтті. Сосын осы уақытқа дейін біраз жұмыстар жасалғанын атап айтқанда,  «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығы ел игілігіне айналғанын,  Ұлытау ауданының орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтергенін мысалға келтірді. Сонымен қатар, мемлекет басшысы  бұдан былай еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластырудың қажеттігіне тоқталды. «Мысалы, Монғолия Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы қажет. Ашығын айту керек, қазіргі отандық туризм индустриясы – кенже қалып келе жатқан сала. Жыл сайын қыруар қаражат салсақ та, бұл сала толыққанды дамымай отыр. Ал, Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті.
Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс.


Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі, яғни біздің заманымыздың талабы.
Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек.
Сондықтан еліміздегі туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді.
Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет»-деп ойларын тізбеледі. Сонымен қатар ол отандық туризмді өркендету үшін жұмыс істелуі тиіс бірқатар  бағыттарды атап өтті.

Бірінші. Ұлытау аймағы міндетті түрде Қазақстанның туристер тарту картасының алдыңғы қатарында болуы тиіс.
Бұрын жобаланған «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құру мәселесін жүзеге асыру керек.
Биыл мұнда туристер үшін арнайы орталық ашылуы тиіс.
Бұл үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, қазіргі көлік-логистикалық инфрақұрылымды қажетті тәртіпке келтіруі керек.
Өңір туризм әрі демалыс аймағына айналуы үшін жолдардың сапасын жақсарту қажет.
Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл теміржолдарының іске қосылуы – Ұлытау үшін өте маңызды.
Теміржолмен қатар автожолдардың жағдайына көңіл бөлінгені өте қажет.
Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы жолдарды жедел ретке келтіру керек.
Сонымен бірге Арқалық – Ұлытау автожолының ахуалы күн тәртібінен түспеуі тиіс.

 

Суреттер akorda.kz сайтынан алынды

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала