Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ЕЛОРДАДА ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ «С5+1» КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

«C5+1» диалогы Орталық Азия мен АҚШ-тың өңірлік ынтымақтастығының маңызды құралы болып қала береді. Бұл туралы ақпарат еліміздің сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланды.  

Берілген мәліметке сәйкес, сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бейбіт Атамқұлов, Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов, Қырғызстанның сыртқы саяси ведомство басшысы Чингиз Айдарбеков, Тәжікстанның - Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстанның - Абдулазиз Камилов және АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Дэвид Хейлдің қатысуымен жоғары деңгейдегі «С5+1» кездесуі өтті.

Жоғары деңгейдегі кездесуде Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның сыртқы саясатындағы Орталық Азия векторының іргелі басымдығын қалағанын» атап өтті.

Министрдің айтуынша, «Елбасы бағыты сабақтастығының мызғымастығы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтық стратегиясы негізінде жатыр. Бізді көршілерімізбен аймақтық саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың қарқынды дамуы шабыттандырады». Сондай-ақ біздің өңіріміздің екіжақты және көпжақты форматтары барысында қол жеткізілген барлық бастамалар мен уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыруға Қазақстанның қызығушылығы атап өтілді.

«С5+1» өткен кездесуде сауда байланыстарын одан әрі кеңейту, инвестицияларды тарту және өңірдегі көпжақты экономикалық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар Орталық Азияның инфрақұрылымын және транзиттік-көліктік әлеуетін бірлесіп дамытуға үлкен қызығушылық білдірді. 

Қауіпсіздік саласында кездесуге қатысушылар өңірлік тәсілді талап ететін сын-қатерлер мен қауіптердің кең кешенін қарастырды. Оның ішінде Ауғанстанды қалпына келтіруге көмек көрсету, сондай-ақ Сирия мен Ирактағы ұрыс қимылдары аймағынан оралған азаматтарды қайта оралу және оңалту бойынша тәжірибе алмасу мәселелері бар.

Нұр-Сұлтан қаласына сапары аясында АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Д. Хейлді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин, ҚР Сыртқы істер министрі Б. Атамқұлов және ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының Атқарушы директоры Әсет Исекешев ҚР мен АҚШ-тың екіжақты және халықаралық ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылау үшін қабылдады.

«С5+1» форматы Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың көпжақты тетігі болып табылады. Диалогтың негізгі тақырыптары Экономикалық даму, өңірлік ынтымақтастық және қауіпсіздік мәселелері болып табылады. Алты елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының қатысуымен алғашқы отырыс 2015 жылғы 1 қарашада Самарқанд қаласында өтті.

 

 

Суреттер http://mfa.gov.kz сайтынан алынды

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала