Валюта бағамы
USD - 447.75
EUR - 490.40
RUB - 4.84

ГАРВАРДЫҢ ЕҢ АУҚЫМДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕДІ

Қазақстанда 16- 20 тамыз аралығында əлемдегі ең үлкен студенттік жобалардың бірі - HPAIR Asia 2019 конференциясы (The Harvard College Project for Asian and International Relations) өтеді. Ауқымды шараға қатысуға 65-тен астам елден келген өршіл студенттер мен жас көшбасшылар келіп, елорда халықаралық мəдениеттер мен дəстүрлерді біріктіретін орталыққа айналады. Гарвард университетінің өнер жəне ғылым мектебі мен Назарбаев Университет бірлесіп ұйымдастыратын конференция күллі Азия-Тынық мұхиты аймағы үшін маңызды саналатын халықаралық мəселелерге арналған белсенді форум екенін айта кету керек. Бұл қазақстандық жастарға əлемдік масштабтағы мəселелердің шешілуіне өз үлесін қосуға теңдессіз мүмкіндік береді. Конференцияға халықаралық компаниялардың басшылары, белгілі һәм ықпалды адамдар, түрлі саладағы қоғам қайраткерлері, соның ішінде UNICEF Корея президенті, доктор Сонг Сан Хён, Үндістанның экс-сыртқы істер министрі Нирупама Рао, Таяу Шығыстағы жəне Солтүстік Африкадағы ғаламдық нарықтар бойынша Standard Chartered Bank-тің эксбасшысы Дэниэл Ацци, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, McKinsey & Company компаниясының аға серіктесі жəне McKinsey Дүниежүзілік Институтының директоры Джонатан Вотцель, World Bank Group-тың бас техникалық директоры Лесли Го, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Сингапурдан шыққан Bain & Company серіктесі Тилл Вестринг, Халықаралық валюта қорының Азия-Тынық мұхиты аймақтық кеңсесінің директоры Чикахиса Суми, Индонезия инфрақұрылым институтының төрағасы жəне Индонезияның экс-қаржы министрі Чатиб Басри, Вашингтондағы CNN, Нью-Йорктегі ABC News, Стамбұлдағы News News Asia жəне Берлиндегі Deutsche Welle TV жəне басқа да ақпарат саласында  жұмыс істеген тележүргізуші, кəсіби модератор жəне журналист, Али Аслан мен өзге де маңызды есімдер шақырылды.

Ал  Қазақстан жағынан Қазақстанның экс-ғылым жəне білім министрі Ерлан Сағадиев, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев, Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңестің директоры Ескендір Ақылбаев, Нұр-Сұлтан қаласының əкімі Алтай Көлгінов жəне тағы да басқа тұлғалар сөз сөйлейді. Іс-шара аясында негізгі 6 түрлі бағыттар бойынша семинарлар мен пленарлық сессиялар өткізіледі: Әлемдік нарықтар жəне экономика;

Өнер, БАҚ жəне мəдениет;

Әлеуметтік саясат жəне əлеуметтік əділеттілік;

Энергетикалық жəне экологиялық тұрақтылық;

Мемлекеттік басқару жəне геосаясат;

Ғылым мен техника.

Бұның сыртында конференцияға қатысушыларды арнайы дайындалған ойын-сауық кештері мен ауқымды кейс-чемпионат күтеді. Осындай кештердің бірі - халықаралық түн (I-Night) жəне мəдениеттер мен дəстүрлердің карнавалы (I-Carnival). I-Night - бұл халықаралық мəдениеттердің мерекесі, онда əр түрлі елдерден келген делегаттардың ерекше музыкалық, театрлық жəне би қойылымдары көрсетіледі. I-Carnival - бұл халықаралық жəрмеңке форматында өтетін HPAIR-дің дəстүрлі шарасы. Мында келушілер дəстүрлі тағамдардан дəм татып, конференция делегаттары ұсынған ұлттық сувенирлерді сатып ала алады. I-Night жəне I-Carnival əлемнің мəдени əртүрлілігін бейнелейді, бұл əлемнің əртүрлі халықтарының өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі. «Қазақ мəдениеті - бұл əлемдік тарихтың ажырамас бөлігі, сондықтан əрбір делегаттың оны сезінуі үшін біз жеке іс-шара - Kazakhstan Night (Қазақстан түнін) дайындап жатырмыз, онда біз қонақтарымызға ғасырлар бойындағы қазақ мəдениетінің эволюциясын домбыра мен қобыздың ежелгі əуендерінен бастап қазіргі Q-pop мəдениетіне дейін көрсеткіміз келеді. Біздің делегаттарымыздың біздің ел туралы ұмытылмас тəжірибе алуын қалаймыз», - дейді Назарбаев Университетінің студенті əрі HPAIR Asia Conference 2019 ұйымдастыру комитетінің төрайымы Лейла Ахметова.

Конференцияның тақырыбы «Passion for change» («Өзгерістерге құштарлық») болмақ. Сонымен қатар, Қазақстанда 2019 жылы Жастар жылы болып жарияланды, ал HPAIR Asia Conference 2019 бүкілəлемдік студенттік конференциясының өткізілуі өзінің тарихында алғаш рет осындай беделді халықаралық конференцияны Орталық Азияға жəне посткеңестік кеңістікке жеткізген қазақстандық жастардың қаншалықты талапкер жəне білімге құштар екенін көрсетуге мүмкіндік болмақ.

Нұр-Сұлтанда өтетін HPAIR Asia 2019 конференциясы туралы қосымша ақпарат алу үшін мына сайтқа кіріңіз: www.hpair.org. Сонымен қатар, сіз ресми HPAIR Instagram парақшасынан спикерлер мен конференция бағдарламасы туралы барлық жаңартылған ақпаратты таба аласыз.

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер (*) белгіленеді.

captcha Жаңала